ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

381

0

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ Елбасы Жолдауында: «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады» деп атап көрсетілді. Осы орайда алғашқы медициналық-санитарлық қызметтің сапасын арттыру айрықша маңызға ие. Бұл бағытта жедел жәрдем қызметін де айтуға болады.
Жалпы, республика бойынша өткен жыл­дың шілде айынан бастап Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес ережелер бекі­тіліп, жедел жәрдем қызметі жаңартылуда.
Қабылданған шаралардың арқасында облыста жедел жәрдем бригадаларының саны 56-дан 75-ке дейін көбейді. Диспетчерге қоңырау түскеннен бастап жедел жәрдемнің науқастарға жету уақыты 11,2-ден 8,9 минутқа дейін азайды.
Осы жылдың 9 айында жедел жәрдем қызметін пайдаланушылар саны 1000 адамға шаққанда 22,5%-ке төмендеген, тиісінше, қоңыраулар саны 23,4%-ке азайды.
– Аймақта тұрғындардың қажеттіліктері толығымен қамтамасыз етілген. Өңірде 47 облыстық жедел жәрдем мен 28 шұғыл меди­циналық көмек станциясы жұмыс істеп тұр. Облыстық жедел жәрдем станциясында 18 дәрігерлік және 29 фельдшерлік бригада бар. Шұғыл медициналық көмек бекеттерінде барлығы фельдшерлік бригадалар болып табылады,–дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.
Жедел жәрдем бригадаларының бағытын анықтап отыру үшін GPS-навигаторымен жабдықталған.
«Қабылданған шаралардың арқасында кешігу – 47,3, нәтижесіз қоңыраулар 13,3 процентке қысқарды. Сонымен қатар, сәтті реанимациялау 2 есеге артып, ауруханаға жетпей қайтыс болу жағдайлары 2,9 процентке азайса, жедел жәрдем бригадаларының қызмет сапасы 44,7 процентке жоғарылады. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметінің диспетчерге қоңырау түскеннен бастап науқасқа жету уақыты да орта есеппен 11,2-ден 8,9 минутқа дейін, ал жол-көлік оқиғасы болған жерге жету орта есеппен 10 минутқа қысқарды», – дейді А.Әлназарова.
Ал, инсульт алған науқастарға көмек көрсетілетін медициналық ұйымға бастапқы 40 минутта жеткізу қызметі 23,5 процентке артса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 58,1 процентті, биыл 90,3%-ті құрап отыр. Республикалық көрсеткіш – 75 процент.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<