Сиқырлы үннің сырсандығы секілді

259

0

Біз белгілі тұлғалар туралы айтқанда, «сондай-ақ ол үлгілі әке» деген сөзді қосып отырамыз. Кейде бұл жәй жазылуға тиіс дәстүрлі қосымша сияқты болып көрінер, алайда, азаматтың ең үлкен парызы – әке болып, перзент тәрбиелеу. Осы маңызды қадамда сүрінген адамның басқа жетістігі де жасанды болмақ.

Сәбит Ұлықпанұлының есімі бүгінде Сыр еліне ғана емес, барша қазаққа танылған.

Қызылорда қаласы әкімінің «Мереке» вокалды аспаптар ансамблінің жетекшісі Сәбит Ұлықпанұлы музыка саласында үлкен жетістіктерге жетті. Оның әндерін Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Нұрболат Абдуллин, Қыдырәлі мен Қарақат секілді танымал әншілер асқақтата шырқап жүр.

Сәбиттің Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Жүрек жылуы», Т.Айбергеновтің сөзіне жазылған «Мені ізде»  деп аталатын әндері республикалық байқауларда бас жүлде алған. «Мереке» ансамблі «Тұран» республикалық конкурсының гран-при иегері. Пандемия кезінде АҚШ-та және Англияда өткен «Super world talent» конкурсына онлайн қатысып, шетелдіктердің бас жүлдесін жеңіп алған.

Ал, тамаша композитор, талай таланттың тұсауын кескен танымал музыкант Сәбит қандай әке? Ол өзі отбасындағы бесінінші ұл. Шағанкүл екеуі бас қосып, өмірге екі ұл, екі қыз алып келді. Үлкені Данадан кейін дүниеге келген Ғалымжанның бесігін тербетіп отырған әжесі Гүлжан сәбидің уілінен оның болашақ елге танылатын әнші болатынын болжапты. Бұл бекер емес еді, Сәбит Ғалымжанды кішкентайынан қасынан тастамады. Мектепте оқып жүргенде әртүрлі ән байқауларына қатыстырды, барған жерінен бірінші орын алып келетін. Содан әкесі баласын өнерге шыңдап баулуға кірісті.

Ғалымжан тоғызыншы сыныптан соң өзінің саксафон аспабын ұнататынын айтты. Оның жанын саксофонның сиқырлы үні баураған еді. Сөйтіп, Қазанғап атындағы Қызылорда музыка колледжіне түсіп, ұстазы Асанәліден осы бір жергілікті музыканттар сирек қолға алатын аспапты тез үйреніп шықты. Мұнан соң Астанадағы «Шабыт» университетінде оқыды.

Әртүрлі конкурстарға қатысып, бас бәйге иеленіп, қазақ ән өнерінің көгінде тағы бір жұлдыздың жағылғанын паш етті.

Бүгінде жас музыкант Ғалымжан Ұлықпанның аты әжесі болжағандай, күллі елімізге танылды.

«Әкеге қарап ұл өсер» деп қазақ тегін айтқан ба? Өнер деген қасиеттің қадіріне жете білген жас талант Ғалымжанның мұнша жетістіктерге жетуінің басты сыры – әрине, әкесінің тәлімі.

Әкелер мерекесінің негізгі мақсаты да осындай отағаларының өнегесін өз отбасы аясында қалдырмай өмірге ендіріп, ұрпаққа тағылым ету болмақ.

Жалпы, Ұлықпан әулеті сиқырлы үннің сырсандығы секілді. Бұл үйге енсеңіз ата-ана бала-шағасымен бірге ән салып отырады. Наны да, әні де дастарханнан табылған берекелі отбасының басы – Сәбит. Ол үйінде қандай болса, қоғам ішінде де сондай. Көңілді, тәлімді, айналасына шуақ шашып жүреді. Мұндай әкелерді дәріптеу садақадан да, сыйлықтан да абзалырақ деп ойлаймын.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<