Қабар ұста және екі топса

159

0

Сыр елінде Қожабай, Алдашбай ахундар мен оның ұрпақтарының есімі құрметпен аталады. Қожабай аса білімді діни ғұламаның бірі болыпты. Мешіт ұстап, бала оқытқан. Шамамен 1845-1846 жылдары өмірге келсе керек. Ауырғандардың дертіне дауа болған кісі екен. Айналасында ұсталық өнерімен аты шыққан Мәмәтәлі, Мәнібай, Нәби мақсұм, тағы басқалар болыпты.

Қожабай ахунның бел баласы Нә­би бірыңғай дін жолына түспей, ұсталық өнермен де айналысқан. 1908 жылы «Көктөбе», «Қарабөгет» елді мекендерінің маңында өмірге келіп, 1945-1946 жылдар шамасында өмірден өтіп, бабалары жатқан «Ақ­тайлақтағы» қорымға жерленеді. Нә­биден Нариман, одан Қайролла, Нұрлан, Бақытжан тараған.

Қожабай мен Нәби туралы аз-кем шолу жасағаннан кейін, Нәбидің ұсталық өнеріне тоқталмақпын. Ол кісінің №16 ауылдағы («Жаңаталап» колхозы Т.Д.) клуб пен мектеп үйін салғанына, әсіресе 1938 жылы са­лын­­ған клубтың сән-салтанатына көр­гендер таңғалатын. Айтпақшы сол клубта 1961-1962 жылдары ки­но­механик болып жұмыс атқардым. Қабырғаларында «Ленин-Сталин» де­ген әдемі жазулар болды (ла­тын әрпімен). Клубқа жүздей адам сияды. Жоғарыға мәжіліс жүргі­зе­тін, шымылдық жабылатын мін­бер­лер жасалған. Екіншіден клуб­тың кіреберісінде арнайы кино қою­ға арналған тесіктер орналасқан.

Сәні келіскен клубты Нәби мақ­сұм Қабар ұстамен бірге салыпты. Табанына ауыл маңындағы «Кәждің құмы» деген жердің тасын күйдіріп, диірменге тартып, құйған екен. Мұ­ны Қабар ұстаның баласы Мәліктен білдім. Салынған өрнектер екі түр­лі болды, бірі көк, бірі қызғыш. Қы­зылын шала күйген қызыл қышты үгітіп, диірменге тартып, сүтке был­ғап жағыпты.

Райкомдағылар ауданның белгі­лі ұсталарын шақыртады. №16 ауыл­дан барған ұсталар бес-алты жігіт бір жуан бөренені көтеріп, қазған шұңқырға түсіре алмай жат­қанын көреді. Нәби ұста «арқан­дарың бар ма?» деп сұрайды. Арқанды алып бөрененің ұшына таман байлап, Жа­хан мен Қабарға: «Сен екеуің бө­ре­нені көтеріңдер, мен тартып қа­ла­мын» деген. «Біз көтердік, Нәби ар­қанды жамбасқа баса тар­тып қал­ған­да бөрене шұңқырға тіке­сінен түс­ті» дейтін. Ұсталардың шебер­лі­гіне тәнті болған ғой сондағы жі­гіттер.

Жалағаштағы алғашқы райком кеңсесі Кистанов басшылық жасаған жылдары салынған болса керек. Нә­би ұстаның «Жаңаталапқа» клуб пен мектеп салуына қайнаға болып келетін колхоз бастығы Әбжәлел, ауылдық кеңес басшысы Ш.Есовтің ықпалы болған.

1955-1956 жылдары «Жаңаталап» колхозында үй тұрғызушылар көп болды. Бірі үйінің іргетасын, екін­шісі үй қабырғасының бұрышын шы­ғарып беруге ұсталарды шақыратын.

Жұртшылық ат сабылтып іздей­тін Қабар (Хабар) ұста жайлы әң­гіме тарқатпақпын. Ол кісі 1892 жы­лы өмірге келіп, 1964 жылы «Жа­ңаталапта» қайтыс болды. Өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ, қара жұмыс істеп колхозшы, кейіннен колхоз ұстасы болады. Кешегі қанды қырғын (1941-1945) кезінде екі баласы Әбдісалық (1922), Әбдісадық (1924) соғысқа аттанып, сол жақтан оралмады. Үшінші ұлы Әбутәліп (1927) әскерге алынып өкпесіне суық тиіп, елге оралғанымен 1953 жылы сол аурудан қайтыс болды. Одан кейін өмірге келген қызы мен кенже ұлы Мәлік шын мәніндегі кө­мекшісі бола білді.

Қабар ұста 1942-1943 жылдардың бірінде еңбек армиясына алынып кете барады. Ол кісі 1946 жылы Ук­раинаның Нижный тагил қаласынан қашып-пысып, елге арып-ашып ке­ліпті.

Ұстаның баласы Мәлік былайша әңгіме айтқан-ды. «Мен әкемді 6 жасымда көрдім. Әбден қажыған, ауруға шалдыққан, көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Бала да болсам, оның ауыр жағдайын сездім». Со­нымен қатар тылдағы әскер жұмы­сынан бір пәнер қобдиша мен екі үлкен топса әкелген екен.

Мәлік Қабаров әкесінің ұсталық өнерін көріп өскен, өзі де тәуір құ­рылысшы болды. Және де «Жаңа­та­лаптағы» клуб үйіндегі екі түрлі өр­нектің қалай жасағанын да хабардар еткен-ді. Біз көрген клубтағы екі түс, қазақы ою-өрнекпен керемет үй­лесімде болды.

Достарымен, әсіресе ұсталармен жақсы қарым-қатынаста өмір сүрді. Ол замандастары Махан Шаха­ров (1890-1975), темірден тү­йін тү­йе­тін Мырзақұл Бипылов (1898-1975), Якия Есназаров, Балбыр Бек­бер­генов, Бекіш Мықышев, Әб­жаппар Орынбетов, тағы басқа­лар­мен қатар ұсталық жасады. Өз ба­сым Якия ұстадан басқасының кө­зін, ұсталық өнерін де көрдім. Балбыр мен Мыр­зақұлдың соққан кетпендерін жұрт­шылық мақтап отыратын. Қабар ұс­та ғана емес, ди­қаншылықпен де ай­налысқан. Кет­пенді құлаштап ұр­ғанда алдына жан салмайды екен.

1957 жылы оқушылар құйған ке­сектен директор Мұздан Шотықов­тың кезінде мектеп құрылысы бас­талған. Оны Қабар ұста бастап, 1958 жылы шәкірттері, Шайқы Әб­диев, Шарапат Тілесов және ұста­ның ба­ласы Мәлік өріп бітіреді. Айт­пақшы мектеп құрылысына арналған ке­секті құйғандар ішінде мен де бар едім.

Ұста 1955 жылы өзі салған клуб­тың есігіне бір топсаны, екінші топсаны баласы Мәлік 1965 жылы «Аққыр» совхозы клубының сыртқы есігіне салыпты.

Әкесінің Киров облысынан әкел­ген ағаш жәшігі бүгінде Астана қаласындағы немересі Самат Қаба­ров­тың үйінде сақтаулы. Ата­сы­на ұқсап Самат та өнерлі болды. Қа­зақстан Суретшілер және Дизай­нер­лер одағының белді мүшесі. Ал Мәкең болса Қызылорда қаласына жақын орналасқан Ж.Махамбетов ауылында тұрады. 1965 жылдан «Ақ­­қырда» құрылысшы, байланыс бө­­лімінің басшысы қызметтерін абы­­роймен атқарған азамат. Ісі де, сөзі де нық ағамызбен сирек те болса телефон арқылы сөйлесіп тұрамын. Қызылорда облысына барғанымда кітаптарымның тұсаукесеріне қаты­сып, сөз сөйлеп, өлең оқығаны да есіме түсіп отыр.

Бұл мақаланы жазуға қозғау сал­ған Мәкең болатын. «… Сыр елінің тарихын біраз жаздың, қарапайым еңбек адамдарын жазсаңшы, Прези­дент еңбек адамдарын қадірле деді ғой» деп әкесі туралы айтып берген-ді.

Ағаның ақылын тыңдап, ұсталар жайлы сөз қозғадым.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

зерттеуші, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері