Ғылым өндіріс өзегінен табылуы тиіс

4

0

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты 2015 жылдан бері Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы құрамындағы еншілес ұйым ретінде жұмыс істейді. Күріштің бірегей, элиталық, бірінші репродукциялы тұқымын өндіру және өткізумен айналысады.

Қазір мекемеде 118 адам еңбек етеді, 20 ғылыми қызметкер бар. Ғылыми құрамда 5 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы және 8 магистр қызмет атқарады. Сонымен қатар, 8 жас ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев институт серіктестігінің егін алқабына барып, мұндағы ғылыми-зерттеу және өндірістік қызметті, күріш шаруа­шы­лы­ғында қолданылатын агротехно­ло­гиялар мен су ресурстарын тиімді пай­далану бағытындағы жұмысты көрді.

Институттың ауыл шаруашылығы жер көлемі 4984,4 гектар, оның ішінде 1493,2 гектар егістік, 1741,3 гектар жайылым, 780 гектар шабындық және 969,9 гектар өзге де мақсаттағы жер бар. 28 техникасы бар. Биыл 500 гек­тарға күріш егеді. Бүгінде 310 гектары егіліп, 290 гектары суға бастырылған.

Облыс әкімі жауапты сала басшы­ларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді, ғылыми жаңа­шыл­дықтарды өндірісте тиімді пайдалануды және жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды.

Жалпы биыл облыста 185,8 мың гектарға, түрлі мақсаттағы дақылдар егіледі.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, өткен жылмен салыс­тырғанда күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға себу жоспарланған. Көктемгі егін науқанына 19,7 мың тонна күріш тұқымы, сонымен қатар, 1570,9 тонна өзге дәнді дақылдар, 126,6 тонна майлы және 301,6 тонна малазықтық дақылдар тұқымы әзірленген. Бүгінде күріш тұқымының 11,4 мың тоннасы, яғни 58,1 пайызы себу дәрежесіне жеткізілген.