Тынығу лагерьлерінің маусымы ресми түрде ашылды

6

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде Президент паркі аумағында жаңадан ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығында жазғы тынығу лагерлерінің маусымы салтанатты түрде ашылды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, жас өрендерді мерекемен және маусымның ресми ашылуымен құттықтады.

«Бала – отбасының бақыты, мемлекеттің – болашағы. Ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан балалардың дені сау, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуы – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі.

Президентіміз балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына ерекше мән беріп, сапалы білім алуына, шығармашылық қабілетін шыңдауға, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Кейінгі жылдары біздің аймағымызда білім беру, мәдениет, спорт және қосымша білім беру ұйымдарының саны артты. Алда сіздерді қызықты кездесулерге, танымдық іс-шараларға, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға толы жарқын жаз күтіп тұр. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, көтеріңкі көңіл-күй мен толайым жетістіктер тілеймін!» – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Бүгін облыстағы тоғыз лагерь бір мезетте өз жұмысын бастап, мыңдаған баланы қабылдады.

Мемлекет басшысының қолдауымен салынған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру лагері материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері жағынан елімізде баламасы жоқ, бірегей орталықтың қатарында. Мұнда робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, инженерлік жобалау, IT-технологиялар және басқа да инновациялық үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың болашақ мамандықтарына қызығушылығын арттырып, жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі