Қоғамда «әп бәрекелді» дейтін іс көп. «Әттең-ай» дейтіні де аз емес. Көп созып қайтеміз? Сараптайтын дүниеміз ауқымды. Тақырыпта айтылғандай, адам қуанышын еселейтін осы бір дүниенің кей-кейде парқына барып жатпағандаймыз. Мәселе оның салмағында не пұлында емес. Әркім өзі біледі. Кімнің қалтасын санап жатқандаймыз бұл күнде?! Бірақ дақпыртқа еріп дарақылыққа мұнша жол беру жыл сайын үдеп барады. Әңгіме басын кешегі «Соңғы қоңырау» мерекесіне бұрсақ. Сондағы гүлдер шоғыры. Ақ гүлдер. Көк гүлдер. Көп гүлдер. 41 талдан басталып, 101 тал сұлу гүлді құшақтаған жас түлектер. Тіпті бір қалада 1001 тал гүлді жеті бозбаланың иыққа артып келгенін де көрдік…
Импорт немесе өзгеге кеткен теңге
«Соңғы қоңырау» салтының мұндай «салтанатын» бекер бастамадық. Ысырапшылдық тақырыбын біз айтпасақ та көзі қарақты оқырман біледі. Бірақ соншама далиған ғұмыры ұзақ емес затқа кеткен теңге ата-ана жалақысының бір бөлігін ойып алғаны анық. Сонымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінен бөлек, «Соңғы қоңырау» дейтін дүбір шыққалы гүл бағасы көкке ыршитын болыпты.
Енді қараңыз, бағамдай алсақ гүл біткен Қазақстанға сырттан келеді. Отандық өнімдер аз емес, бірақ осы көз жауын алар өсімдік біткеннің денін Эквадор, Қытай, Голландия, Нидерланды, Кениядан тасимыз. Айталық, былтыр шетелден 168 млн тал гүл импортталған. Ал өткен жылы өзімізде 42 млн-нан астам гүл өсіріліпті. Айтпақшы, шетелдік жеткізушілердің тізімінде Эквадор әлі де көш бастап тұр, ал екінші орынға Қытай жайғасты. Қытайдан бір жылда 2,7 мың тонна гүл жеткізілген.
Қытай демекші, осы жылдың басынан бері Қорғас өткізу бекеті арқылы жаңа кесілген гүлдердің экспорты артқан. Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы төрт айында жеткізілім көлемі 4987,1 тоннаға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,1% көбейіпті. Бұған Орталық Азия елдерінде гүл өнімдеріне деген сұраныстың көбеюі ықпал еткен. Сатып алушылар арасында Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы Іле Қазақ автономиялық округінде өсірілген гүлдер ерекше танымал деседі. Бұл өңірде гүлдердің трансшекаралық саудасымен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер де белсенді жұмыс істеп жатыр.
Жоғарыда айтқан мемлекеттерден бөлек, Қазақстанға шағын гүл топтамаларын жеткізушілер арасында Эфиопия, Колумбия, Түркия, Италия, Чили, Оңтүстік Африка, Беларусь, Германия, Франция, Малайзия, Испания бар. Сондай-ақ бұл тізімде Израиль, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерін қарастыруға болады. Демек, қазақ теңгесінің жер шарының әр түпкіріне «ұшатынын» өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.
Мұндай сауда күнде болмас…
Мереке қарсаңында гүл саудасы қызады. Осы сауда түрімен айналысатындар гүл бизнесінің үлкен тәуекелі бар екенін айтады. Көзін тапсаң, күтімін жасасаң ғана сырттан алдырған гүл саудасы өзін-өзі ақтайды.
– Біздің гүл салонына келетін өнімді өзге мемлекеттен тікелей жүк көлігімен алдырамыз. Қытай, Голландия және көрші Өзбекстан елінен келген гүл бумаларын сақтау мерзімі ұзаққа жетеді. Ал жергілікті өнімнің ғұмыры ұзақ емес. Әрі кетсе үш-ақ күн. Бәлкім, біздегі гүл өсіретін жылыжайларға арнайы маман немесе өзге де бір ғылыми фактор жетіспеуі мүмкін. Бұл – өз ойым, – дейді қаладағы «Камелия» гүл дүкенінің әкімшісі Маржан.
Маржанның сөзінше, қызылордалықтардың көбісі раушан гүлін таңдайды. Сауда айналымында да осы өнім тұр. Қазір дүкенде 10 шақты раушан түрі сатылымда. Әрі апта сайын жаңа тауардың келуі тоқтаған емес.
– Мысалы, шетелден келген гүл өнімдерінің 90 пайызы раушан десем, қателеспеймін. Қалғаны әртүрлі. Хризантема, пиона және басқа да экзотикалық өсімдіктер жеткілікті. Бірақ жасқа да, жасамысқа да ұнайтыны сол раушан, – деп ағынан жарылды ол.
Ол 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінен бөлек, «Соңғы қоңырау» және «Білім күні» сауданың қызатынын айтады. Тапсырыс көбейеді, түсім де осы кезде артады. Басқа күндері де аталған гүл дүкеніне келуші көп.
– Бірақ әлеуметтік желілерде жүргендей, 1001 тал раушан гүлін дайындауға ұсыныс болмады. Кешегі «Соңғы қоңырауда» біздің қыз-жігіттер әрі кетсе 301, 201 тал гүл шоғырына тапсырыс алғаны рас. Көбіне-көп 101 тал раушан дайындалды. Мүмкін, басқа гүл дүкендеріне мұндай тапсырыстарды дайындаған болар, – деп күлді Маржан.
«Соңғы қоңырау» демекші, аталған күні мектеп бітіруші қызынан 101 тал гүл апарып қуантқан қала тұрғынымен тілдестік.
– Қатарынан қалмаса дейсің ғой. Мектеп бітіру күнінде сол 101 тал гүлді 34500 теңгеге алдырдым. Ал ағасы 71 тал гүлді 23 мың теңгеге сыйлады. Екеуі де әр түсті раушан. Қосымша шығындарымен 70 мыңға дейін пұл жұмсадым. Бірақ мұның өзі кейбір отбасыға салмақ екені рас, – дейді Ерлан.
Оның айтуынша, мұндай сома бір отбасының екі, тіпті бір апталық азық-түлік шығыны екен. «Баланы қуантқан дұрыс, бірақ тым асыра сілтеу қажеті жоқ» деп кейіпкеріміздің өзі де ағынан жарылғандай болды.
Сапалы өнімге ғана сұраныс бар
Мамандардың айтуынша, кәсіптің осы түрі дамуы үшін жылыжайды көптеп салған дұрыс. Өнім өзімізден шықса, сыртқа тәуелді болмас едік. Баға да тұрақты болады. Бұл үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар іске асуы керек, өйтпесе алдағы уақытта қайта-қайта импорт «илеуіне» түсетін түріміз бар.
Ал елімізде өсірілетін гүлдің 90 пайызы отандық жылыжайларға тиесілі. Бұл ретте Алматы облысы көш бастап тұр. Мұнда жылына 32 миллион тал гүл жиналады. Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында өндіріс көлемі күрт қысқарған. Яғни өндіріс көлемі 16 еседен 31%-ға дейін төмендеген. Ал оңтүстік өңірлерде сала белсенді дамуда. Әсіресе, Шымкент қаласы. Олай деуге себебіміз бар. Қазіргі Қызылорда қаласының орталығын көрікке бөлеп тұрған көшеттің дені – Шымкент пен Алматы қаласындағы питомниктерде өсіріледі.
– Біздің облысты өзіңіз білесіз, климаты ыстық болғандықтан, мұнда аптапқа төзімді гүл түрлері таңдалады. Алайда олар тек ыстыққа шыдамдылығымен ғана емес, ұзақ уақыт жайқалып өсіп, айналаға сән беруімен ерекшеленеді. Менің бригадам мамыр айынан бастап петуния, шапыран гүл, сальвия, циния және гладиолус сияқты түрлі гүл егеді. Әрине, алдымен жерін дайындап, түрлі зиянкестерден арылтамыз. Тыңайтқыш қосамыз. Содан соң әртүрлі сызба, мысалы, ою-өрнек ретінде дайындалған жерге түсті гүлдерді ретімен отырғызу басталады. Біздің 30 шақты жерге нысанымыз бар. Олар теміржол вокзалы мен әуежай арасында орналасқан. Қазір 40 қыз-келіншек осындай қала көшелеріне ерекше көрік беріп, тұрғындарға тамаша көңіл күй сыйлау үшін еңбек етіп жүр, – дейді «KazStroyCapital» ЖШС бригадирі Гүлназ Қалменова.
Кешегі «Соңғы қоңырау» дүрмегімен сырт елдерді шарлап қайтқандай болдық. Дегенмен үміт те жоқ емес. Қызғалдақтың отаны Қазақстан екені әлдеқашан дәлелденбеп пе еді? Өйткені, селекциялық жолмен өсіріліп, әлемге таралған көптеген қызғалдақтың түп атасы елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірінің кей жерлерінде (40-қа жуық түр бар) ежелден өседі. Әрі табиғи түрде. Демек, ғылым мен кәсіпті ұштастыра біздегі гүл өсіру өндірісін кеңейтсе, баға да бұзылмайды, экспорт та артады. Сіз бен біз де қазақ топырағында өскен гүлді құшаққа көбірек аламыз.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





