«Қалжан ахун» кітабы – өткен тарих өнегесі

5

0

Сыр бойында 1862-1916 жылдары өмір сүрген тарихи тұлға, ғұлама-ағартушы Бөлекбайұлы Қалжан ахунның өмір жолы арқау болған «Қалжан ахун» тарихи-танымдық кітабы жарыққа шықты. Кітап авторы, ахунның ұрпағы, (немере қызы) Шәмсия Қалжанова. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кітапханасында зиялы қауымның қатысуымен жаңа туындының тұсаукесері өтті.

Сөз басында Қалжан ахун (шын есімі Қалмұхаммед) Бөлекбайұлы кім болған деген сұраққа жауап бе­ре кетсек, ол – Сыр бойында өмір кеш­кен діни ағартушы қайраткер. Хиуа хандығы тұсында дүниеге келген. Хиуа мен Бұқараның рухани оқу орындарында білім алып, Ислам ілі­мін және бірнеше ғылымды терең мең­герген ғұлама ұстаздығымен аты қалған.

Әкесі Бөлекбай жасында Қарақал­пақ жеріндегі туыстарына келіп, үй­лі-жайлы болып тұрақтап қалған екен. Кейін осы елдегі қазақ жұртына бас­шылық еткені, Хиуа хандығының бегі болғаны айтылады. Әділетті, рух­ты Бөлекбай бек хан алдында аса беделді адамдардың бірі болған деседі. Ол осы жылдары өмірге келген баласы Қалжанды жеті жасынан бас­тап оқуға беріп, болашағына зор үміт артқан екен. Дүниеден өтерінде аға­йындарына артында қалған 12-13 жа­сар Қалжанды әрі қарай оқытуды аманаттайды. Осы аманатты ақтаймын деп Көкілташ медресесінде он жыл оқыған, 27 жасына дейін білім алған ұлының қасында анасы қолдап жүреді.

Қалжан Көкілташта оқып жүрге­нінде Сыр бойынан келген Ораз ахун Бекетайұлымен жақын дос болған. Оның аса зейінділігін, білімдарлығын таныған Ораз ахун қызы Зәйтекті қосады. Осылайша Қалжан ахун Сыр бойына келіп, Жалағаш ауданы және қазіргі Сырдария ауданы (бұрынғы Тереңөзек) жеріне, ағайындарының ара­сына келіп, қоныстанған екен. Бұл оның отыз жастағы кезі болуы керек. Әу баста алдына қойған мұраты ел ішіне білім тарату болғандықтан, Қал­жан ахун бар ықыласымен бала оқы­туға кіріседі.

Арада оншақты жыл өткенде, яғни 1902 жылы Қалжан ахун мед­ресе салуды қолға алады, алайда 1916 жылы ғимараттың құрылысы аяқ­талған кезде ахун өмірден өткен еді. Бұл ғимарат – осы күні Қалжан ахун ауылындағы мемлекеттік маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш.

Кеңестік жүйенің алғаш құрыла бастаған тұсында діни қайраткерлерді қудалау, жазалау әрекеттері күшіне мінген кезең болды. Осы кезеңде Қал­жан ахун салдырған оқу орнының да қақпасы бұзылып, төбесі қиратылған. Ішіндегі кітаптар да із-түзсіз жоғалып кеткен.

«Қалжан ахун – менің атам. Қазір ол кісі салдырған және оның атымен аталатын мешіттің жанында тұрмын. Қазақтар қасиетті санаған мешітті ауыл белсенділері бұзған кезде мен тұлымшағы желбіреген сәби едім. Бірақ сол көрініс түгелдей есімде қа­лыпты. Осы тұрғанда соның бәрі күні кешегідей көз алдыма елестейді» деп жазыпты автор Шәмсия Қалжанова.

Кітаптың тұсаукесер іс-шарасын­да Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрлы­бек Мыңжас Қалжан ахунның өмір жолы мен ағартушылық қызметіне тоқ­талып, ел тарихындағы орнын екшеп атап өтті. Ал аталған университеттің  Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Уалихан Иб­раев алғаш рет 2003 жылы оқыр­манға жол тартқан еңбектің араға 22 жыл салып қайта толықтырылып, жаңадан басылып шығуы туындының тарихи-танымдық мазмұнын байыта түскенін айтты.

Университет профессоры, фило­ло­гия ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев жарыққа шыққан жаңа туын­дыға байланысты пікір білдіріп, есімі ел жадында қалған тарихи тұлға, ағартушы қайраткер Қалжан ахунның өмір жолы тұнған өнеге екенін айтты.

Мәдени шараға қатысқан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орын­басары Өмірбек Шәменов Қалжан ахунның және ұрпақтарының өміріне қатысты көптеген деректі көпшілікке әңгімелеп, сонымен қатар, ахун өмір­ден өтсе де өзі өмір сүрген ортада әлі күнге дейін тылсым қасиеті сақталып қалғанына таңданысын жасырмады.

Жиында сөз алған философия ғы­лымдарының докторы Талғат Жол­дас­ұлы қазіргі күні Сыр бойы дін өкіл­дерін, оның ішінде, ишандар туралы зерттеп жүргенін, алдағы уақытта Қал­жан ахунның тарихи тұлғасы мен ру­хани мұрасын тереңірек зерттеуге ден қойып отырғанын айтты. Ал тео­лог Бақтияр Оспанов ахунның діни-ағартушылық қызметіне тоқталып, оның медресе салудағы еңбегін ерек­ше атап өтті. Ол ахунның бірнеше ғы­лымды игергенін, көпшілік біле бер­мейтін тағы бір қыры – селек­ционер болғандығын айтып, бұл кітаптың негізінде әлі де бірнеше тың еңбек жа­зылатынына сенім білдірді.

Іс-шараға Қалжан ахунның ұрпақ­тары, медицина ғылымдарының док­торы Жанат Испаева, заң ғылымда­ры­ның докторы Гүлнар Испаева қа­тысты.

Ахунның немересі Гүлнар Испаева Қалжан ахун тұлғасын кітап етіп хат­тап кеткен анасының еңбегін ерекше атап өтті. Сол еңбектің жалғасы ре­тінде жарыққа шыққан «Қалжан ахун» атты жаңа кітапта ахунның өмір жо­лымен қатар, оның ұрпақтары  Уамық, Мағұмар мақсымдар туралы жұрт біле бермейтін тың дерек­тер берілгеніне назар аударды. Айтуын­ша, анасы Шәмсия Қалжанова Ұлт­тық ғылым академиясының архивтік қолжазбалары арасынан әкесі Уамық мақсымның өлеңдерін тауып, араб­шадан қазақшаға аударып, «Қалжан ахун» кітабының алғашқы нұсқасына енгізген екен. Ана аманаты бойынша 2021 жылы Алматы қаласындағы «ARNA» баспасынан Уамық Қалжан­ұлының өлеңдері өз алдына бір кітап болып шығыпты.

Рухани-танымдық іс-шараға про­фессор-оқытушылар, студенттер жә­не зиялы қауым қатысып, кітаптың мазмұны мен автор еңбегі туралы пікір алмасты. Кеш соңында жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқырмандарға сыйға тартылды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»