Елімізде бұралқы иттер мәселесі резонанс тудырған тақырыптардың біріне айналды. Бір тарап адам өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, қаңғыбас иттердің санын азайту қажет деп есептесе, екінші тарап жануарларға гуманистік көзқарасты сақтап, мәселенің түпкі себебі жауапсыз иелерде екенін айтады.
Бүгінде қаңғыбас иттер «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңмен реттеледі. Заңға сәйкес көшедегі иесіз иттер қайтарымсыз ауланып, арнайы уақытша ұстау орындарына орналастырылады.
Заңның негізгі талаптарына сәйкес бұралқы иттер көшеден ауланып, арнайы пункттерге жеткізіледі. Ұсталған үй жануарының чипі немесе арнайы белгісі болса, оның иесі іздестіріледі. Егер белгіленген мерзім ішінде иесі табылмаса немесе жануарды ешкім асырап алмаса, ауыр ауруға шалдыққан және агрессивті жануарларға гуманды эвтаназия жасалуы мүмкін. Сонымен қатар жануарларға қатыгездік көрсетуге, оларды ұрып-соғуға немесе заңсыз өлтіруге қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Үй жануарлары міндетті түрде есепке алынып, чиптелуі тиіс. Егер ит көшеге шығып кетіп, адамға қауіп төндірсе, оның иесі заң алдында толық жауап береді.
Әлеуметтік желілерде бұл мәселеге қатысты пікірлер сан алуан. Threads әлеуметтік желісінде кейбір қолданушылар қаңғыбас иттердің көбейіп кетуі тұрғындардың қауіпсіздігіне әсер етіп отырғанын айтады.

«Бұралқы, қаңғыбас иттерге сонша жанашыр болып, неге сонша шулап кеттіңдер? Ауылда не қала шетінде тұрмаған соң, адамдардың күнде көріп отырған зардабын түсінбейсіңдер. Бір туса 8-10 күшік табатын бұл иттер тым көбейіп кеткен. Бұл сендер құшақтап, еркелетіп жүретін үйдің үлпілдек иті емес» – дейді Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы.
Ал басқа қолданушы мәселенің негізгі себебі адамдардың жауапсыздығында деп есептейді.
«Ит қапты, адамдарға шабуыл жасайды дегендер – иттен зардап шеккен адам саны, адамнан зардап шеккен жануарлар санынан әлдеқайда аз. Және көбінесе қаңғыбас иттер емес, үйде жүрген, яғни, иесі бар иттер шабуыл жасайды. Бұл жерде кінәлі сол иттің иесі. Ит – ол жануар, инстинктпен әрекет етеді. Оларда адамдар сияқты ойлау қабілеті жоқ. Олар қорқыныш, адамнан қауіп сезгенде ғана шабуылдайды. Демек, кінә адамдардан» – деген Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы.
Бұл пікірге қарсы көзқарас білдіргендер де бар. Олар иттен зардап шеккен адам саны, адамнан зардап шеккен жануарлармен теңеспеуі керек деген пікірде. «Ал ит өзінен қорыққанға шапса не оймен шабады екен? Бұралқы, иесіз иттер үшін кім жауап бермек, олар үшін кім кінәлі?», – дейді.
Кейбір тұрғындар адам қауіпсіздігін бірінші орынға қою қажет деп санайды.

«Қаңғыбас иттерді ұйықтатып тастауға екі қол, екі аяқпен қолдаймын керек болса. Жер үйде тұрамыз. Баламды мектепке жіберсем, жылап келіп тұрады, көшеде дәу иттер жүр, қорқамын деп. Тура аялдама жанында қаптап жүреді. Итке жаны ашып жатқандар өздерің асырап алыңдар сол иттерді, панажай ашып өздері қамтамасыз етіп отырыңдар. Адамның өмірі бірінші кезекте», – дейді Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы.
Мәселе Мәжіліс қабырғасында да көтерілді.
«Бұл заңды қолдаған азаматтар жануардың жауы емес, қоғамдағы қауіпсіздіктің қолдаушысы, қорғаушысы. Сондықтан бұл заңда ауланған иесіз жануарды алдымен панажайларға ұсыну немесе асырап аламын деген адамдарды ақпараттандыру тетіктері де бар. Және 5 күндік кезеңді созу әрі қарай маслихаттың құзыретіне берілген. Егер қаражат болса, оларды бағып-қағуға болады. Ал иесі қаңғытып жіберген жануарлар саны аз емес, жауапкершілік алып үйрену керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбай.
Ал Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқанын алға тартады. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. «Салыстыру үшін айтсақ: 2024 жылы ит шабуылдаған 38 848 жағдай тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттердің шабуылы. Яғни мәселе азайып жатқан жоқ. Әлі де жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр», – дейді депутат.
Экология министрлігі бір қаңғыбас итті асырауға күніне 5 мың теңге жұмсалатынын айтады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев 60 күн ішінде бір итке қомақты қаражат төлеу ақылға сыйымсыз екенін айтты.
«Адам өміріне, үй жануарларына қауіп төндіріп отырған иттерді уақытша ұстау изоляторында не үшін 60 күн ақша жұмсап, бағуымыз қажет? Баланың біліміне мұндай қаражат қарастырылмаған. Бір қаңғыбас ит үшін екі айда 300 мың жұмсау дұрыс емес. Мектептегі оқушыға мемлекеттен күніне 840 теңге ақша бөлінеді. Бұл мәселеде мемлекетке салмақ салмау жағын да ойлау қажет», – дейді А.Баққожаев.
Депутаттардың пікірінше, қолданыстағы жануарларды зарарсыздандырып, қайта босату тәсілі тиімсіздігін көрсетіп отыр. Себебі қаңғыбас иттердің саны азаймай, керісінше күн өткен сайын артып барады. Сондықтан енді ұсталған жануарларды қайтадан көшеге жібермеу ұсынылып отыр. Егер 5 күн ішінде иттің иесі табылмаса немесе асырап алатын адам болмаса, эвтаназия жасалады.
Мамандардың сөзінше, бұл тек жануарларды жансыздандыруды көздейтін заң емес. Хайуандарға қиянат жасап, қатыгездік танытқандарға да жаза күшейеді. Енді аң-құсқа зиян келтіргендер 6 айға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қаңғыбас иттер мәселесі бүгінде қоғамның ойын екіге бөліп отырған тақырыптардың бірі. Бір тарап адам қауіпсіздігін басты орынға қойса, екінші тарап жануарлардың өмір сүру құқығын қорғауды талап етеді. Қалай болғанда да, мәселенің түпкі шешімі жануар иелерінің жауапкершілігін арттыру мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету арасында тепе-теңдік табуға келіп тіреледі.
Назым Ахметжанова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті






