Облыста «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен және қаржыландыруымен бірқатар ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ayna Glass» ЖШС айна шығару зауыты, «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, сол жағалаудағы «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС екі шағын өнеркәсіптік аймағы, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бағытындағы инвестициялық жобалар.
Өңірдің өнеркәсіп саласын онан әрі дамыту, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өндірістік кәсіпорындарды қолдау мәселелері әкімдікте өткен кездесуде талқыланды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашевамен кездесуде қормен бірлескен жобаларды жалғастырудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Жанар Шатырханқызы қор алдағы уақытта да кәсіпорындарды жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы қолдай беретінін жеткізді.
Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын іске қосу және қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды жандандыру жайы да қарастырылды. Әріптестік байланысты одан әрі нығайтудың, бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.





