Облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген үшем үйіне шықты.
Хадия, Дария және Жәния есімді сәбилер 27 наурызда жүктіліктің 32-аптасында дүниеге келген. Туған кездегі салмақтары 1210, 1470 және 980 грамм еді. Екі ай бойы дәрігерлердің бақылауында болған нәрестелердің салмағы айтарлықтай артқан. Қазір 2390, 3390 және 2060 граммға жетті.
Сырдария ауданы Бесарық ауылының тұрғыны 32 жастағы Нұрсұлтан Берікбол мен Мөлдір Бекбаулы бүгінде бес баланың ата-анасы атанып отыр.
УДЗ тексерісіне келгенде егіз немесе үшем деп күтпедім, бірақ дәрігерлер айтқанда қатты таңғалып, қорықтым. Кейін кезекті тексеріс барысында үшінші шақалаққа ауа жетпей жатыр деген бойда жеделдетілген кесір тілігімен босандырды. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында ота сәтті өтіп үш күн ішінде қалпыма келдім, балаларым жақсы, – дейді Мөлдір.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала бөлімінің басшысы Айгүл Асылбекқызы жас отбасын құттықтап, сый-сияпат табыстады.
Анель ГАЖДЕНБЕК






