«Девзира» қайта орала ма?

615

0

Ас – адамның арқауы дейді халқымыз. Күнделікті дастарханда сапалы, әртүрлі тағамның күн сайын өзгеріп тұруы адам тәбетін ашады, денсаулық үшін де аса пайдалы. Сондықтан біздің ауыр экологиялық өңірде мұны арнайы құнттауымыз керек.

Бізде тағамның түрі көп. Ал палау мен ет бұрыннан қазақ дастарханының сыйлы тағамы саналады. Бірақ үйге мейман келгенде оның алдына мол етіп  ет тағамын қою дәстүр болған. Дегенмен  сапалы жақсы күрішпен палау тағамын даярлай білсеңіз, еттен қалыспайды. Палау қамырлы ет тағамына қарағанда, ас қорыту жүйелеріне жеңіл әсер етіп, тез қорытылады.

Күріштің түрі көп, әрқайсысы өзіндік дәмге ие. Ал «Девзира» күрішінің палауы балалар мен үлкендер үшін диеталық ас саналады. Қан қысымын түсіреді. Сондықтан оның палауы қойдың құйрық майы мен сары сәбіз салып даярланады.

Қызылордада өткен палау фестиваліне қатысу маған бұйырмады. Мен осы жойып алған «Девзира» күрішімізді қайта жандандырып, бабаларымыз дәмін татқан сүйкімді ұлттық палау күнделікті дастарханымызға қайта қойылса екен деймін.

Бүгінде «Девзира» Ферғана өңірінде ғана егіледі. Ол жақта Қырғызстанның таулы салқын Өзгені мен Сох өзені бойына егілген күріш  сапалы саналады. Бұл күріштің Сыр бойында өскенін бала кезімде үлкендерден естігенмін.

Қиыр Шығыс елдерінде күрішті әуелі өндіріп өсіріп, оны су кешіп жүріп отырғызады. Бізде де бұрын диқан бабаларымыз су салқын болғандықтан, әуелі жерді қарыстап, таяқпен шұқып бір түйір күріш тастап егіп, одан соң атызға су жібереді екен. Сонда ол топ болып өсіп біздің қатты желде де құламайды. Әрі  өнімі де мол болады. Дегенмен ол күрішті біздің желсіз аудандарға шашып ексе де болады ғой. Ауылдағы жеке кәсіпкерлер қымбат күріштің жақсы сорттарын әкеліп, ерінбей осы тәсілмен егіп, екі-үш жылда табатын табысты бір жылда табуы әбден мүмкін. Жаңашылдық пен жасампаздық, еңбекқорлық пен сапа бізді алға тартады.

Қазір ол күріштің бағасы Қоқан жақта келісі қырық мың сум, яғни біздің бір мың алты жүз теңгеге тең екен. Бұрын біз де ол жақта осы «Девзира» күрішті еттің бағасымен бірдей бағада алып, достармен бірге палау даярлайтынбыз. Дәмін аңсаған соң ол жаққа барғандарға он мың теңге беріп төрт келі алдырдым. Енді «Девзира» күріштің жақсы сорттарын әкеліп, Сыр бойы, яғни өз отанында қайта жандандырайық. Бұл диқан бабаларымыздың аманаты болсын.

Біз басқа елдерге қарағанда, ет пен ет өнімдерін мол тұтынамыз. Күнделікті тамақ түрін өзгертіп, денсаулыққа пайдалы, витаминдерге бай әртүрлі көкөністерді пайдаланған жөн.

Бекназар ӘБСАДЫҚОВ.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<