Босбелбеу

490

0

Сурет ашық дереккөзден

«Размазня» деп аталатын Чеховтың осы бір қысқа әңгімесі маған ерекше ұнады және біздің қазақ тілінде бұл атауға өзге де бозөкпе, ашықауыз, аңғырт, аңғал, т.б. баламалар табылып қалатын шығар. Бірақ мен өзімше босбелбеу деп аудардым. Әңгіме 1883 жылы жазылса да, өзектілігін жою былай тұрсын, Чеховты біздің қоғамның тамырын тап басқан көріпкел десе де артық болмас еді. Сонымен, әңгіме желісі былай басталады.

Жақын күндердің бірінде кабинетіме балаларымның тәрбиешісі Юлия Васильевнаны шақырып алдым, онымен айлық жалақысы туралы есептесуім керек еді.

– Отырыңыз, Юлия Васильевна, – дедім оған. – Қане, сіздің айлық еңбекақыңыз жөнінде есептесейік. Сізге қаражат қажет емес пе немене, еңбек етіп жатқаныңызға біршама уақыт болса да, әдептен озғыңыз келмей, сұрамай жүрсіз. Сонымен, сізбен айына отыз сомға келісім жасағанбыз, солай емес пе?

– Қырық сияқты еді ғой, мырза…

 – Жо-жоқ, отыз. Менде жазулы тұр. Мен күтушілерге үнемі отыздан төлеп жүргенмін. Әрі қарай жалғастырайық, сіздің еңбек еткеніңізге екі ай болыпты, солай ғой…

– Екі ай, бес күн…

– Жоқ, жоқ, дәл екі ай. Менде жазулы тұр ғой. Сонымен, сізге екі ай еңбегіңізге алпыс сом тиесілі делік. Одан тоғыз демалыс күнін алып тастаймыз. Сіз ол күндері Коляны тек қыдырттыңыз, ал сабағымен айналысқан жоқсыз және бұған тағы үш мереке күнін қосамыз.

Юлия Васильевна орнынан қозғалмаған қалпы сәл қызарақтап жағасын жөндегені болмаса, артық сөз айтпай үнсіз отыра берді.

– Аа-л, сонымен үш мереке күнін есепке алмағанда, он екі сомыңыз шегеріледі. Коля төрт күн науқастанып қалғанда оның сабағымен айналысқан жоқсыз, тек қана Варяның сабағына жәрдемдестіңіз. Үш күн тісіңіз ауырып жүргенде әйелім сізге түстен кейін жеңілдік жасады.Он екіге жетіні қосқанда он тоғыз… жалпы еңбекақыңыздан осыны шегергенде қалады, ым-м, қырық бір сом… Солай ғой?

Юлия Васильевнаның сол жақ көзі қызарып, жасаурап кетті, иегі дірілдеді, мұрнын тартып қойып қайта-қайта жөтелді, бірақ ләм-мим деп аузын ашқан жоқ.

– Айтпақшы, жаңа жылдың алдында шағын тарелкасымен бірге шай ішетін ыдысты сындырып алғаныңыз есіңізде ме? Ол үшін екі сомыңызды шегеремін. Негізінде, ол ыдыс қымбат тұратын еді, себебі, естелік қолтаңба жазылған болатын. Әй-и, қойшы соны, неміз қайда қалмай жатыр. Содан соң, сіздің орашолақтығыңыздан Коля ағашқа шығамын деп пижамасын жыртып алды. Еңбекақыңыздан тағы он сом қысқартамын. Сіздің назар аудармағандығыңыздан үй жинаушы Варяның ботинкасын ұрлап кетіпті, үйдің ішін қадағалап жүру де сіздің міндетіңізге жатады емес пе, жалақыны да сол үшін аласыз. Тағы да бес сомыңызды сызып тастаймыз. Оныншы қаңтар күні жалақыңыздың есебінен менен он сом қарыз алыпсыз.

– Мен сізден қарыз алған жоқпын ғой, – деді Юлия Васильевна сыбырға жақын дауыспен.

– Мені өтірікші қылғыңыз келе ме, мында жазулы тұр ғой…

– Мейлі енді, солай-ақ болсыншы, мырза…

– Сонымен, екі айлығыңыздың есебінен қалған қырық бір сомнан жиырма жеті сомды алып тастағанда, он төрт сом қалады екен.

Байғұс қыздың өзіне жарасымды әдемі мұрнының үсті шып-шып терлеп, екі көзі жасқа толды.

– Мен бар болғаны бір-ақ рет алдым ғой, – деді ол дірілдеген даусымен, – онда да сіздің зайыбыңыздан үш сом ғана алдым. Басқа қарыз алған жоқпын.

– А-а, солай ма? Ол үш сом қарыз менде тіпті жазылмай қалыпты ғой, сонымен, он төрттен тағы үш алсақ, он бір қалады. Сонымен, мінекей сіздің екі айлық жалақыңыздың есебі. Міне, ала қойыңыз ақшаңызды, жарқыным. Үш…үш, үш…бір және бір… Алыңыз…

Осылай дедім де оған он бір сомды санап бердім. Ақшаны алды да дірілдеген саусақтарымен қалтасына салып жатып: «Рахмет» деді.

Орнымнан атып тұрдым. Жүйкем жұқарып, қаным басыма теуіп, шыдамым таусылды. 

– Маған не үшін рақмет айтып тұрсыз? – дедім.

– Ақша үшін, – деді ол ақырын ғана.

– Бірақ, түсінесіз бе, Юлия Васильевна, Мен сіздің табан ет, маңдай теріңізді сыпырып алдым ғой, түгіңізді қалдырмай тонадым. Соны біле тұра маған рақмет айтып тұрсыз ба?

– Басқа жерлерде бір тиын бермей қуып та жіберген.

– Ештеңе бермеген дейсіз бе, бұл ақылға сыймайды екен. Мені түсініп тұрсыз ба, сіздің еңбегіңізді жеу ойыма кіріп те шықпаған. Сізге осындай қойылым арқылы есіңізден кетпейтін сабақ бергім келген. Екі айлық жалақыңыз, сексен сомыңызды толық беремін және үстіндегі бес күніңіз де есептеліп жатыр. Қаражатыңыз әне, конвертте салулы дайын тұр. Құдайым-ау, бірақ, осынша босбелбеу, осынша есеңізді жіберетіндей не болды? Неге маған қарсылық көрсетпейсіз, неге менікі дұрыс емес екенін айтып дауласпайсыз? Сіз сияқтылардың енжарлығынан тұтас қоғам алға баспайтынын  сезіне аласыз ба? Осыншама шикіөкпе болуға бола ма екен?

Ол төмен қарап зорлана күлімсіреді, жүзінен «болады» дегенді айтқызбай-ақ оқыдым.

Мұншалықты әбігерге салғаным үшін кешірім сұрадым. Әлі де еш әрекетсіз қала берген жүзіне қарап одан бетер таңғалып сексен сом еңбекақысын қолына ұстаттым. Тиесілі қаражатын алып жатып тағы да рақмет айтып, үн-түнсіз шығып кетті. Соңынан қарап тұрып бұл дүниеде «мықты» болудың соншама оңай екендігі туралы ойладым…

Ә.ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<