Тастұғырдың талғаммен тұрғаны игі

719

0

«Сыр бойы» газетінде Президент қозғаған мәселеге орай жазылған Мәдениет  қайраткері А.Кененбаевтың мақаласы қоғамға қозғау салатындай-ақ дүние екен. Елдің іші-сыртын қажеттісі бар, қажетсізі бар тастұғырларға толтырып тастағанымыз өтірік емес.

Есіме авар халқының ақыны, жазушы, Социалистік еңбек ері Расул Гамзатовтың «Журавли» әні түсіп отыр. Кезінде бұл ән Кеңес одағының гимніндей болған еді-ау. Жас кезімізде гитарамен өзіміз де айттық. Тыңдаған жанды бейжай қалдырмайтын. Тарихын көпшілік біледі деп ойлаймын.

Р.Гамзатов СССР мәдениет қайраткерлері делегациясы құрамында Жапонияға барған сапарында Хиросима құрбандарына орнатылған ескерткішті көріп, ерекше әсер алады. Атом бомбасы жарылысынан айықпас дертке ұшырап ауруханада жатқан қаршадай қыз Садако айығып кетемін деп жапон ырымына сәйкес қағаздан мың тырна жасауға жанын салған. Бірақ үкілі үміті соңғы тырнаға келгенде үзілген. Орталық алаңда қойылған ескерткіште осы оқиға көрініс тапқаны авар ақынының айықпас дерттей жан азабына айналған.

Елге келгесін қызметтік іссапарында Газдановтар отбасына орнатылған ескерткішті көріп, толқыныстан кейін 1965 жылы «Журавли» әні өмірге келеді. Әннің тууына Солтүстік Осетияның шағын селосындағы соғыста жеті ұлынан «қара қағаз» алған ананың жеті тырнаны өз қолымен көкке ұшырып тұрған ескерткіші себеп болған.

Ал шындығында селоның көнекөз қариялары айтқандай, қарт әке мен ананың соғысқа аттанған жеті ұлынан бірінен соң бірі «қара қағаз» келе бастайды. Бесінші ұлының қазасынан соң қайғыны көтере алмай анасы өмірден өтеді. Ал жетінші ұлының қайғылы хабарын әкеле жатқан пошташыны көрген қарт әке басқышта немересін құшақтап отырған күйі көз жұмған. Осы ескерткішке арналған «Журавли» әні Кеңес одағы ыдыраса да өз құндылығын жойған жоқ деп ойлаймын.

Ескерткіштер елдің еңсесін тіктеп, рухын оятуға, сана-сезімін серпілтуге септігін тигізіп жатса, одан ұтылмасымыз анық. Мемлекет басшысының  бұған қоса «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын» деуі халықтың ойынан шығатыны және елеулі өзгеріске жол ашатыны сөзсіз…

Әлімжан ҚИЯС.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<