Түлектер туған жерінде

356

0

Әрбір адамның кіндік қаны тамған туған топырағы бар. Сол жердің алтын бесігінде тербеліп өседі, өркен жаяды. Ол – сенің әлпештеген анаң, аялап өсірген әкең, туған-туысың, аға-әпкең, сені білім жолына жетелеген ұстаздарың, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарың, қызыққа толы өткен балалық шағың һәм арман бастауы.

Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында осыдан 40 жыл бұрын І.Қабылов атындағы №32 орта мектебін бітірген түлектер кездесу өткізді.

Мұны кездесу дегеннен гөрі, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын, тәлім мен тәрбиеге толы іс-шара деп айтуға болады.

Кездесуде мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Бақыт Әбдіреева сөз сөйледі. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттердің білім бәйгелерінде жеткен әр жетістігі – ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасы. Сол ұстаздарын құрметтеу – шәкірттердің парызы. Түлектердің ұстаздары Қуандық Ахметов, Сафура Есбосынова, Гүлданаш апайлар естелік айтты.

Осы кездесу қарсаңында мектеп тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұстаз Тәуекел Төремұратов атына  түлектер мен балаларының қолдауымен кабинет ашылды. Шарада сынып жетекшісі болған Қуандық Ахметұлы математик Тәуекел ағайдың өмірі мен қызметтік жолынан тағылымды естеліктер айтты. Орталық мешітте ұйымдастырушылар аруақтарға құран бағыштап, ас берді.

Кездесуге келгендер түлеп ұшқан білім ордасына сый-сияпат ұсынуды да ұмытпады. Тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем беріп, қайырымды игі іс жасады.

 Лаура АХМЕТОВА,

 М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық

жоғары колледж оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<