Жақсылар жақсымын деп айта алмайды

854

0

Адам баласының түр-түсі, іс-әрекеті, мінез-құлқы қаншалықты әртүрлі болса, оның ұстанған, өзі дұрыс деп есептейтін өмірлік қағидалары да соншалықты алшақ болады екен. Өмірде өзіне мүлдем сәйкес келмейтін, жалған атақ-абыройға, жасандылыққа, мақтаншылыққа құмар жандар өте көп. Ондай адамдар бұрын да болған шығар ғой, болған шығар емес, ықылым заманнан солай, бірақ өзіміз өмір кешіп жатқан ортада тым үйреншікті жағдайға айналып кеткендей.

Мен «Құрметті азамат», «Ерен еңбегі үшін» дегенді, көшеге көкесінің есімін бергенді, сосын бейнебір бізге белгісіз жауды жапырып жеңіп келгендей, кеудесіне сансыз сылдырмақты тағып алып жүретін кейбір жандарды, халық қолдау білдіріп өздігінен ұсынып жатпаса да, «мені сайласаң бар қалауыңды орындаймын» деп өзін-өзі жарнамалаудан жалықпайтындарды түсінбеймін. Олардың бәрі бірдей демей-ақ қояйын, басым көпшілігінің өмірдерегі қалың жұртшылықтың ашса алақанында, жұмса жұдырығында. ондаған жылдар бойы ел-халықтың көз алдында ғой. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. жасаған жақсылығын жұртшылық білсе, бағаласа, ол адам құрметті деген атаққа, марапатқа әбден лайық болса, қарапайымдылықты қағида қылып, өмірлік ұстаным етуден жаңылмаса, ондай адамдарды халық қашан да бағалайды. Сөздің шыны керек, атақ-абыройға лайықты жандар да жеткілікті. Бірақ әттең, жақсымын деп айта алмайтындардан гөрі, жақсымын деп айқайлайтындардың тым көбейіп кеткені өкінішті-ақ. Тағы да айтайын, атақ-даңққа әбден лайық адамдарды сен өзіңді жарнамалап жар салмасаң да, Құдайдың бір аты – Халық біледі, сені әуреге салмай-ақ тауып алады.

1989 жылдың күзінде, ұлы дағдарыстың дүмпуі енді басталғалы жатқанда жолдас жігіт екеуміз шаруа жайымен Алматы қаласына бардық. Жұмысымызды бітіріп, билет алған поезымыздың келуіне әлі де үш-төрт сағат уақыт қалғасын, сол кезде көпшілікке таңсық бола бастаған, қоғамдық орындарда кәсіп жасауға рұқсат етіліп көрсетіле беретін видеофильм тамашалауға аңсарымыз ауды. Екі сағаттық фильмнің бағасы советтік бір сом. Сюжетінің сәл қырғын-қасапқа жақындығы болмаса жалпы мазмұны өзіме ұнады. Жасы келіп науқастанып, хәл үстінде жатқан испан королі Иглесиастың ержеткен екі ұлы бар. үлкені Филипп – билікқұмар, көрсеқызар, өзімшіл, мақтансүйгіш, аяушылығы жоқ, барлық жаман қасиеттерді бір бойына жинақтаған. кішісі – Родригес оған керісінше, ержүрек, қарапайым, атақ-абыройға құмар емес, күштіге тежеу, әлсізге демеу болып жүреді. Бәрінің аузында Родригес, Филиппті ешкім айтпайды. Король өмірден өтті, мұрагерлік рәсімі бойынша үлкен ұл таққа мінді де, айналасындағы дәл өзіндей қолдаушылары атқа мінді. Кіші ұл Родригес билікпен басын қатыру  ойында да жоқ. есесіне билік басындағы Филипп күндіз-түні «осы інім түптің түбінде менің орныма қауіп төндіреді-ау, қайтсем мұның көзін жоямын» деумен күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Ақыры, жалған жаламен кінәлі деп тауып, өлім жазасын беруге халықтың қаһарынан қорқып, үш күннің ішінде аты мен азық-түлігін ғана алып елден шығып кетуге үкім шығарды. Ешқандай амалы қалмаған Родригес үлгеріп қалуға тырысып, барын салып шөл дала арқылы өтетін  шекараға жақындағанда алдынан елден аластатылған алапес науқастар кездесе бастады. Олардың соңғы жағында үсті-басы адам көргісіз, екі көзі де алапес ауруының салдарынан іріп, ағып түсіп қалған бір кісі: «Ей жолаушы, Құдай үшін, кім болсаң да бір жұтым су бере аласың ба?» деп, қинала жалбарынды. «Әрине мінекей, қалағаныңша іше ғой» деп, Родригес жалма-жан беліндегі су толтырылған құтысын алып ұсына қойды. Төгіп-шашып ішіп болған алапес: «рахмет саған Родригес» деді құтысын қайтарып жатып. Екі көзі ағып түсіп қалған мүсәпірдің өзінің есімін атағанына таңғалып: «Мені қайдан танисың?» деген Родригеске алапес: «Бүкіл Испанияда алапеске Родригестен басқа ешкім де өз құтысынан су беруге тәуекел ете алмаған болар еді, Құдай алдында құрметті бол» деп жауап қайтарды.

Бұдан шығатын қорытынды, құрметті болу үшін, атақ-абыройға бөлену үшін азапқа түсіп шапқылаудың, жалған жарнаманың көк тиындық құны жоқ. атаның қанымен, ананың сүтімен берілген қарапайымдылық қасиетің ғана жеткілікті, бұқара халық өзі-ақ іздеп тауып алады.

Қазалы ауданының Басықара ауылында тұратын, адалдығымен, әділдігімен көпшілікке танылған, жарты ғасырға жуық баспасөз беттерінде мақалалары жарық көріп келе жатқан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі Мұхтар Сәлмен ағаммен кездесіп қалғанда айтып еді. «Әкем жастай соғысқа кетіп, бір жамбасы зақымданып оралған. Елге келгесін онысы ұлғайып, тіпті беті бері қарамайтындай жағдайға жетті. көрші Құмжиек ауылында тұратын өзімен қатар, ол кезде әлі елге таныла қоймаған, ал кейін жүздеген адамның дертінің дауасын тауып, алғысын алған атақты Қани сынықшымен кездейсоқ жолығып, сол кісінің сылап-сипауымен қатарға қосылыпты. Егер менің әкемді Құдай Қани ағама кездестірмегенде өмірге мен келер ме едім? бүгінде тіл-көзім тасқа, жақсы жетістіктерімен ел аузына іліне бастаған ұл-қыздарым келер ме еді, немерелерім жарық дүниені көрер ме еді? Егер құрметті деген атаққа лайық кім бар десек, ондай атақ Қани ағама жарасар еді-ау» дегені бар.

Ата-әже, әке-аналарымыз да ашаршылықты, соғысты, небір зұлматты көрді, қайсыбірін айтып тауысарсың. Олардың еңбегінің шет жағасын көзіміз де көрді, өздері де айтып отыратын. Қалың елдің қандай қиындықтардан жол тауып шығуына хал-қадірінше үлестерін қосты. Құрметті атану, еткен еңбегін емексіп, өтеуінің қайтарымын дәмету ойларына кіріп-шықпай өмірден өтті.

Ал қазір ше? Құрметтілерге, ерен еңбегін бұлдап есікті теуіп кіретіндерге, креслоны шыр айналдырып отырып-ақ кеудесін белгілі-белгісіз жылтырақтарға толтыратындарға сүрініп жығыласың.     

Адамгершіліктің, қарапайымдылықтың үлгісі болуға лайық, ақырын жүріп анық басқан, нағыз құрметке лайық адамдар бұрын да болған, бүгінгі күні де бар. Тек олар көзге түсуге тырыспайды, жасаған жақсылығын да міндет қылмайды. ел алдында менің сіңірген еңбегімнің бағасын беріңдер деп есептеспейді, жақсымын деп айтуға арланады.

Әлімжан Қияс,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<