Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, жер-су қорларын тиімді пайдалану, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі мен өнім сапасын жақсартып, олардың экспорттық әлеуетін арттыру жөнінде тапсырма берілді. Бұл жұмыстардың өз деңгейінде орындалуы үшін минералдық тыңайтқыштар өндіру қажеттілігі де айтылды.
Қазақстан астық өндірісі жағынан жетекші орын алғанымен, гектар шығымдылығы төмен, жалпы өнімді егістік жерлердің көлемімен алып отырғаны баршаға мәлім. Оның себебі, орташа есеппен егістің бір гектарына шаққандағы минералдық тыңайтқыштарды қолдану мөлшері өте аз. Әлем елдері бойынша 1 гектар егіске тыңайтқыш қолдану, әсер етуші зат бойынша 1100-2000 келіден төмендей бастайды, бұл елдерге Малайзия, Жаңа Зеландия, Ирландия, Бахрейн, Кувейт жатады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4-5 келі шамасында, Конго, Ауғанстан, Сирия, Гамбия, Нигер елдері қатарында, себебі егістік жерлер көлемі өте көп, тыңайтқыш қолдану мөлшері аз. Көрші ТМД елдерін алатын болсақ, бұл көрсеткіш Өзбекстанда 200-400, Беларусь, Грузия, Түркіменстанда 100-200, Тәжікстан, Украинада 50-100, Ресей, Қырғызстанда 20-50 келіден келеді.
Егіншілікте «Қоректік заттардың топыраққа қайтарым заңы» деген ұғым бар, ол өніммен шығып кеткен химиялық қоректік элементтерді органикалық және минералдық тыңайтқыштар енгізу арқылы топыраққа қайтарып отыру қажет екендігін айтады. Бұлай болмаған жағдайда топырақтың табиғи құнарлылығы төмендейді, қарашірігі азаяды, қасиеттері нашарлайды, нәтижесінде жылдан жылға өнімділік төмендеп, өнім сапасы ойдағыдай болмайды.
Сондықтан егістік жерлер топырағының құрамын тексеріп, жоспарлы өнімге қажетті тыңайтқыштарды енгізу қажет. Күріш өндірумен айналысатын Қызылорда облысының шаруашылықтары күріш егісіне қажетті азот тыңайтқыштарын Өзбекстаннан, Ресейден қымбат бағаға алуда, оған кейбір майда шаруашылықтардың мүмкіндігі келе бермейді немесе жолдың алыстығына, кедендік мәселелерге байланысты уақытында егістікке жеткізе алмайды. Азот тыңайтқышын өндіру үшін шикізат керек емес, оны ауа азотынан алады, сондықтан Үкіметке Қазақстанның суармалы егіншілігі дамыған оңтүстік өңірде карбамид өндіретін зауыт салу жайлы жергілікті құзырлы органдардан ұсыныс берілсе деймін.
Күріш өсімдігіне аса қажетті қорек элементінің бірі – калий. Бұл элемент жетіспесе өсімдік пісу кезінде жығылады, жарма шығымдылығы төмендейді, дәні шытынап, майдаланады. Қазақстанда калий тыңайтқышын шығаратын зауыт жоқ, оны өндіруге қажетті шикізат-калий тұздары Ақтөбе облысында бар. Сондықтан минералды калий тыңайтқышын өндіретін зауыт салу мәселесін де қарастыру керек.
Алтын қорымызды аздырмай-тоздырмай, халыққа қажетті өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіріп, ұрпағымызға жерді қастерлеп, күтіп-баптауды аманат ету үшін жоғарыда айтылған шаралар орындалса деймін.
Ибадулла ТАУТЕНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
«Құрмет» орденінің иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<