Қазақ халқының ұлттық кодын сақтауда басымдыққа ие нәрсе, ол – тарихты ұмытпау. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы осы құндылыққа негіз болады. Расы керек, біз осы кезге дейін Сыр бойындағы көне қалаларды дәріптеп келдік. Сауран, Сығанақ, Жанкент, Жент, Баршынкент, т.б. тізім көбейетіні анық, өйткені, дария бойын жағалай көне шаһарлар мен бекіністер көптеп тұрғызылғаны бұрыннан белгілі.
Бірақ, Өзгент жайлы өзіміз білмейтініміз көп. Зерттеу аз. Археологиялық қазба ішінара жүргізілуі мүмкін, онда да тым тереңдетіп ешкім ізіне түспеген.
Шағын мақаланы жазуға себеп болған – Әлімжан Ержанов. Өзінің тарихшы мамандығына қанағаттанбай, жергілікті жердің көне құпиясын ашуға талпынып жүр. Өлкетанушы жігіт ағасы көп жылдан бері көне Өзгентті зерттеп келеді.
– Өзгент жайлы көптеген көне жылнамашылардың жазбасында бар. Тарихшылардың көбісі Ферғана өлкесіндегі көне Өзгентпен шатастырады, ол жайлы бірнеше деректерде, араб еңбектерінде де кездеседі. Ал біздің Сырға жақын орналасқан Өзгенттің жөні тіптен бөлек. ХV ғасырда Алтын Орданың ханы Өзбектің тұсында Сыр бойындағы барлық қала гүлденді. Өзгентте соның қатарында болған. Тағы бір айта кететін жайт, Ресей шығыстану институтының ғылыми қызметкері Е.Ю.Гончаров 2015 жылы «Өзгент қаласы – теңге сарайы және теңге айналымы. Оңтүстік Қазақстан, ХІІІ-ХV ғасыр» еңбегін жазды. Оған себеп – екеуміз 2009-2015 жылдары осы Жаңақорғанда жатып, зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде осы еңбек жарық көрді, – дейді Әлімжан Ержанов.
Жаңақорғандық тарихшының айтуынша, қаланы ХХ ғасыр басында зерттегендер болған. Одан басқа 1963-1966 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы шағын зерттеу жүргізгенге ұқсайды. Сол кезде қала орнынан көптеген мыс теңгелер тапқан.
– Гончаровтың дәлелі дұрыс. Өзгент – теңге сарайы. Мұнда мыс теңгелер әр жерде шашылып жатыр. Өкінішке орай, ондай жәдігерлерді жақын жердегі қасиетті «Үшата» кесенесіне зиярат етушілер тауып алып, алып кетіп жатады. Олар солай жоғалып кетуде. Мұндай теңгелердің бірнешеуі жақын ауылдардағы мектептердегі мұражайларда ғана бар. Бірақ оның қай дәуірге жататындығы анықталмаған. Тарихты қолдан жоғалтып алып отырмыз. Әлгі теңгелер де тез шіруде. Өйткені, біздің жердің тұздылығы өте жоғары. Ауа райы әсерінен мұндай дүниелер тез бұзылып жатыр, – дейді жергілікті өлкетанушы.
Әлімжан өзі де қала орнына жиі барады. Тапқан дүниесін аудандық музейге өткізеді. Қала орны тек төбе болып қалған. Сыртқы бекіністерінің сұлбасы ғана қалған. Айтпақшы, тағы бір дерек, осы қаланың атымен теңге соғылғандығы жөнінде ресейлік зерттеушілер П.Петров пен А.Брагин 2015 жылы анықтапты. Теңгенің аты араб әрпімен «Узканд» болып жазылыпты, соғылған жылы 1381 жылға сәйкес келеді.
– Зерттеу барысында қарап отырсам, Өзгенттен табылған тиындардың бәрі Сығанақта соғылған болып шықты. Табылған тиындарда сол кезгі билеушілердің аты-жөні жазылған. Бүкіл дүние жүзін дүрілдеткен Әмір-Темірдің атынан да соғылған теңгелер бар. Енді қараңызшы, тарихта өзге мемлекеттермен тығыз сауда қарым-қатынасында болған Өзгент қалайша өзінің атынан теңге шығармаған?! Мүмкін жақын жердегі Сығанаққа бағынышты болды ма деген ой келді. Сығанақ теңгелері Өзгенттен табылған соң оның теңге сарайы осында болды ма деген ой ғой. Бірақ мұның жауабы күтпеген жерден келді. 2014 жылы интернетте, нақтырақ айтқанда, нумизматикалық сайттардың бірінде Оңтүстік Қазақстанның көне қалаларының бірінен табылған бірнеше күміс тиындар анықталған еді. Соның арасында «Әділ сұлтан Күнше хан», келесі бетінде «Узкент соқпасы» деген жазуы бар тиын анықталды. Кейін өзіміз тапқан мыс теңгелер арасында да «Узгент соқпасы» деген жазуы бар, жошылықтардың таңбасы бейнеленген екі мыс теңгені анықтадық, – дейді Әлімжан.
Өзгент теңгелерінің өзге қалалардан табылуы таңғаларлық жайт емес. Зерттеушінің айтуынша, бұл оның өзге қалалармен тығыз сауда байланысында болғанын көрсетеді. Мысал келтірер болса, Сығанақта соғылған тиындар Ресей территориясындағы көне қалалардан да табылып жатыр. Өзгенттен де осылайша басқа көне қала билеушілері соқтырған теңгелер көптеп табылады.
– Тыңғылықты зерттеу әлі де жетіспейді, – дейді Әлімжан Ержанов, – Өзгент қаласы туралы айтатын болсақ, бұл көне Сығанақтан, оңтүстік-батысқа қарай 50-60 шақырым жерде орналасқан. Бүгінгі күнге дейін қала орнында ешбір археологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Бір ерекшелігі, бұл қала орнында осы күнге дейін көптеген ортағасырлық мыс және күміс теңгелер кездеседі. Қаланың қандай қызмет атқарғандығын біз толық анықтай алмай отырмыз.
Екіншіден, Өзгенттің маңында әулие мазарлары мен шағын бекіністердің көп болуы оның аумағының үлкен болғандығын дәлелдейді. Қаладағы сарайлар, мешіттер тағы басқа ғимараттар күйдірілген қыштан соғылған. Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіндегі қыштарға ұқсас осындайлар қала орнында шашылып жатыр. Жалпы, Өзгент жайлы дерек қоры тарихта тым аз. Неге зерттелмеген деген сұраққа келер болсақ, көне қаланың елді мекеннен тым алшақ орналасуы қиындық тудырады. Мысалы, Сығанақ пен Сауран үлкен автомагистральға жақын. Зерттеу жүргізуге ыңғайлы. Сондықтан келіп-кетуші археологтар жолға жақын жерден бірнеше жылдан бері қазба жұмыстар жүргізуде. Бірақ, жер шалғай деп Өзгентті өгейсітпеу керек. Мұны да аршысақ, көп тарихты қанжығамызға байлар едік, – дейді жергілікті зерттеуші.
Ержан Қожас,
«Сыр бойы»
Жаңақорған ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<