ҚАЛТАЙ ҚАЗЫНАСЫ

212

0

Қазақ әдебиеті мен театрының тарихында драматургия жанрының  профессионалдық тұрғыдан  қалыптасып  өсуіне, толысып  кемелденуіне, әлемдік сахна кеңістігінен орын тауып-өрістеуіне өлшеусіз  зор  үлес  қосқан  атақты драматург-жазушы, аудармашы, сыншы, қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджановтың  туғанына биыл  90 жыл толып отыр.   

Қ.Мұхамеджанов   өзінің  сөзімен  айтқанда   сол  бір  «берекесіз»  1928  жылы  дүниеге  келіп, балалық  шақтың алаңсыз бал дәуренін сезіне алмаған. Себебі, әкесі  «халық  жауы»  атанып сот­талған, кейін  атылып кеткен. Артынша соғыс басталып оқу да жайына қалған. Қой  бағып  жүріп  ауылдағы  кіш­кене кі­тап­хананың бар кітабын  оқып тау­ысқан.

Қызылорда қаласындағы педагоги­калық институтта, Ташкент  қаласындағы өнер институтында оқып жүргенінде сол бір «халық  жауының»  баласы  деген ат  қыр соңынан  қалмай  қудалауға ұшырай  береді. Ақырында  Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы ГИТИС-тен  бір-ақ  шығады. Атақты  профессор Павел Санович Марков болашағынан көп үміт күттіретін студентті  өзіне  шақырады. 

Жазушының осыдан алпыс жыл бұрын жазылған «Бөлтірік бөрік  астында» атты  алғашқы пьесасы  көп  сынға  ұшырап  барып өзінің  лайықты  бағасын  алды. Күні  бүгінге  дейін еліміздің сахналарында қойылып келе жатыр. Жалпы драматургтың барлық пьесаларындағы мәселелер осы заманда да өзектілігін жоғалтпаған. Жастардың  тұрақсыздығы, ана  тілімізді  шұбарлап  сөйлеу  барлығы  бәз  баяғыдай. Күні кеше ғана жазылған  сияқты. 

Қ.Мұхамеджанов замандастарының айтуы бойынша керемет  кітапқұмар адам болған. Жиналған кітаптардан кім­нің кітабы қай қатарда, қандай сөреде тұрғандығын жатқа білген. Бірнеше мың кітап: арабша, парсыша, орысша, қазақшаның араб, латын әрпіндегі кітап­тар оның өмір бойғы жинаған байлығы деп айтуға болады. Өзі де: «Үйімді де осы  кітаптарым  үшін  кеңейттім, әйтпесе, бәйбішеміз екеумізге бәрібір емес пе?» деп күледі екен. Қалтай ағаның кітапханасы баяғыда Отырарда жоғалып кеткен, Мысырдағы кезінде отқа оранған Александрия кітапханаларын еске  түсіреді.

Міне, сол мол мұра 2015 жылы Сыр бойы оқырмандарына сыйға тартылып, жарты миллионға жуық бай қоры бар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітап­ха­надан Қалтай Мұхамеджановтың кітап­ханасы ашылды. 

Қазіргі таңда Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап ғылыми кітапха­насының  қоры 8 мың данаға   жуық  кітаппен толықты. Осы рухани азықтың шашауын шығармай, жоғалтпай бізге жеткізген Қалтай ағаның жары Фарида Бекжанқызы мен ұрпақтары Жәмила мен Алтай Мұхамеджановтар. 

Кітапхана  қорына  толығырақ  тоқта­лып  өтсек, Қ.Мұхамеджанов  тек  ислам әлемі мен дінінің білгірі ғана  емес, сонымен бірге шығыс шайырларының жырларын толық оқып, зерттеген адам. Қалтай кітапханасында Омар Хаям, Хафиз Хорезми, Әлішер Науаи, Низами, Әзиз Несин, Садриддиннің  және  т.б шы­ғармалары араб, парсы, түрік, өзбек  және т.б  тілдерде  жинақталған.

Сонымен қатар кітапханада 1896 жылы  Санкт-Петербург  қаласындағы  Ф.Павленков баспасында басылып шық­қан «Антропология», 1907 жылы Д.В.Авер­ковтың «О драме» сыни мақа­лалары, 1914 жылы Орынбор  қаласында араб таңбасымен берілген Ахмет Бай­тұрсыновтың «Қазақ әліппесі», 1935 жылы М.Әуезовтің латын қарпімен ба­сылған «Тас түлек»  пьесалары мен  әңгімелер жинағы және т.б барлығы 86 баға жетпес ескі  құнды кітап бар.  

Кітапхана қоры қазақ, орыс, шетел классиктерінің таңдаулы көркем  әдебиеттерімен де қызықтырады. Сонымен бірге Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов, Г.Бельгер, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, С.Жүнісов, О.Бөкеев, А.Сү­лейменов, Қ.Қайсенов, Ә.Тәжібаев  және т.б  көптеген қазақ  әдебиетінің  өшпес жұлдыздарының кітаптарындағы ізгі ниетпен, әзілмен жазған  қолтаңбалары сақталған.

Қазақ өнері мен әдебиетінің тарихында аттары алтын әріппен жазылып қалатын осы ұлы тұлғалардың қолтаң­балары Қалтай кітапханасы арқылы  болашаққа  ескерткіш  болып  қалды.

Кітапхана сөздіктер мен энциклопе­диялардың жан-жақты бай қорымен де жасақталған. Қаламгердің ғылыми зерт­теулерді қажет ететін көптеген қол­жазбалары сөреде тұр.

Сондай-ақ, жазушының көп жылдар бойы пайдаланған жеке заттары:  жазу үстелі, орындығы, құралдары, ескерткіш жазулары бар кәдесыйлары, портреті сақтаулы. Жазушының айтулы мерейтойларында жер-жерден келген ақ тілекке толы құттықтау хаттар да осы жерден орын алған. Жазушы отбасының өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, белгілі қайраткерлермен, оқырмандармен түскен фотосуреттерімен де танысуға болады. Құнды дүниелердің бірі – Елбасының жазушыға арнайы сыйға тартқан шапаны.  

Кітапханада жазушы Қ.Мұхамеджа­новтың 90 жылдығына арналған  мәдени  шаралар  өткізілді.

Белгілі  жазушы, көрнекті  қоғам  қай­раткері  Мырзатай  Жолдасбеков  Қал­тай  аға туралы: «Қалтай ағамыз  келе  жатқанда  қара  жердің  кітапхана-кемесі көшіп келе жатқандай көрінуші еді. Бір өзі бір академияның  ғылымын, бір өзі бір университеттің тағылымын, бір өзі адамгершіліктің  бар  қасиетін  өзімен қо­са арқалап жүргендей сезілетін» деген  екен. 

Қалтай Мұхамеджановтың  болашақ ұрпаққа  қалдырған шығармалары мен бай кітапханасындағы білім мұрасын жазушының көзіндей көріп,   аманатындай сақтап, оқырмандарға насихаттау енді біздің еншімізде. Сыр  өңірі Қалекең басқан  ізін, жүрген жерін, әзіл-қалжыңын әлі талай жыр етері сөзсіз. Бүгінгі зерделі өсер ұрпақ тұрғанда Қал­тай аға ғасыр шыңына қарай  биіктей берері анық.    

Айгүл  САИМБЕТОВА,     

                                                            Ә.Тәжібаев  атындағы облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасының  қызметкері.                                                                      

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз