Халқымыздың жыраулық, жыршылық, әншілік рухани қазынасы дәстүрлі мәдениетіміздің негізін қалайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Ұрпақ жалғастығы қанша ғасырдан бері бойын да, ойын да түзеп, ел іргесін берік ұстап, халқымызға қызмет жасап келеді. Жыраудың, термеші-жыршының орындауындағы қисса-дастандарымен, жыр-толғауларымен ауызданып өскен, сонан ұлттық тәрбие алған елміз. Қыстау мен жайлаудағы кештерде ел жиналып жыраудың өнерін тамашалайтын. Қандай да бір той, үлкен ас жыраусыз өткен емес.
«Мына ауылда, мынадай кісінің үйінде жырау жырлайды екен» деген хабар тез тарайтын. Халық сондай сәтті қуана, тағатсыздана, асыға күтетін. Бала кезімізде жалаң аяқ, жалаң бас, жолдың шаңын бұрқыратып, жаңағы жырау жырлайтын ауылдан бір-ақ шығатынбыз. Ол үйдің іші-сырты тыңдарманға, жырсүйер қауымға лық толатын. Киіз үйлердің түндіктері ашылып, біз құсаған сыймай қалған бала-шаға, жастар сыртта тұрып-ақ тыңдайтын едік. Ел тапжылмай отырып, таң атып, күн шыққанын білмей де қалатын. Сол жерден үйді-үйлеріне тарап жататын. Ауылымызда бір жыраудан кейін екіншісін тыңдап өстік. Кейде үйге сыйған кезімізде есікке таяу жерде немесе пеш қасында ұйықтап та қалатынбыз. Осылайша терме, қиссаларды жыраулардың аузынан тыңдап өскен ұрпақпыз.
Ес біліп, етек-жеңімізді жинағаннан кейін білгенім, сол кезде Үбісұлтан, Нұрмахан, Рүстембек, Мұзарап, Зайыр, Сабыт, Берман, Сүйінбай, Сағынтай, Жаппар секілді белгілі жырауларды өз ауылымызда тыңдайды екенбіз. Ол кісілердің жыр, терме мақамдары әртүрлі. Жас айырмашылығымыз бір жас Көшеней ағамызбен бір мектепте оқыдық. Ол – атақты Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы. Көшеней мектеп сахнасында сол кездің өзінде нақышына келтіріп термелер орындайтын. Көшенейдің туған інісі, Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас та осы мектепте оқып, бала кезінен жыр-терме айтатын. Олардың орындауындағы мақамдар ерекше, тыңдарманды тәнті ететін.
Мен бұл естелік мақаламды «Алтынның сынығы» деп атауым да тегін емес. Термені өз мәнінде, нақышына келтіріп, тыңдаушыларының жүрегіне жеткізе орындау және мақамның бұзылуына жол бермей, қаз-қалпында сақтап отырып айту екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Ал, Сыр бойында орындалып жүрген терме сазы, мақамдары онша көп емес, саусақпен санарлық. Терменің тектілігі де, киелілігі де сонда. Көрінген термешімін деп тепкілей беретін көшенің көк аты емес. Өз қалпында сазымен, мәнерімен кейінгі ұрпаққа қалдыру – бүгінгі ұрпақтың төл міндеті.
Терме – тұлпар секілді сонау көз ұшынан шаңдатып көрінеді. Екінің бірінің қолынан келе бермейтіні содан болар. Термешінің, жыраудың тектілігі бұл киелі өнерді өз қалпында, бұзылып орындалуына жол бермей, келер ұрпаққа жеткізуінде деп білеміз. Бидас Рүстембеков Алматыда тұрса да, облыс және Қармақшы ауданы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жұмысы жолға қойылған жыраулар, термешілер мектебінде дәріс береді. Сыр бойы мақамдарын кейінгі ұрпаққа өз мәнінде үйретуі жырсүйер халқының қуанышына айналып отыр.
Жастайынан күміс көмей атанып, Сыр сүлейлерінің саңлақ жырларын алыс-жақынға паш еткен даңқты жырау Бидас Рүстембеков алдағы жылы 70 жасқа толады. Бұл мерейтойды республика, облыс көлемдерінде атап өту жөнінде нақты іс-шаралар бағдарламасы жасалуы тиіс. 1974 жылы жыраулар мен термешілердің мақамдарын нотаға жазып алу үшін (ол кезде студенттер, қазіргі кезде бірі – белгілі композитор, бірі – белгілі музыка зерттеуші ғалым) Бейбіт Дәлденбаев пен Алма Құнанбаева Қармақшыға келді. Ол кезде мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатынмын. Қармақшыда тұратын белгілі – ақын-жырау Кете Жүсіптің немересі Сабыт ағаны, белгілі жырау Шамшат Төлепованы, Ақжар совхозында тұратын Бидасты алып, сол кездегі Ленин совхозындағы (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) белгілі жырау Ақбаев Сүйінбай ағамыздың үйіне Берман Бисенбаев, Зайыр Рахатов, Жаппар Тұңғышбаев, Алшынбек Сәрсенбаев, Орақ Дәнекеров, Қуандық Бүрлібаев, Зәуре Қосжанова және тағы да басқа жырауларды жинап, қызықты ән кешін өткізгеніміз есімде қалыпты.
Ол кезде атақты жырау, күміс көмей Көшенейдің өзі өмірде болмағанымен, оның өз орындауында пластинкаға жазылған термелері шыққан. Терме-жыр айтуға талабы бар жастар Көшенейдің өз орындауындағы күйтабаққа жазылған термелерді қайта-қайта қойып, үйреніп жүргенін де білетінмін. Кейіннен аудандық совет атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенімде көршілес Өзбекстанның Бұқара облысына қарасты Үшқұдық ауданының «Авангард» совхозында тұратын туысымыз, СССР Жоғарғы Кеңесі екі шақырылымының депутаты Қуаныш Даңбаев және ол кісінің туған ағасы Оңғар Данбаевтардың шақыруы бойынша мен, Бидас және жырау ағамыз Зайыр Рахатов үшеуміз Өзбекстанға барғанбыз. «Барған жерімізде өлең, қиссалар айт деп өтініш, сұраныс жасағанда өзің білген жерге дейін «Көрұғлы» дастанын айт және өзіңе күш түсіп бара жатқанда маған белгі беріп қой, әрі қарай жалғап отырамын. Бірақ бұл – ертеректе Рүстембекті, кешегі кезде Көшенейді тыңдаған ел. Сондықтан «Көрұғлыны» олардың орындағанындай етіп айтуға бар күшіңді сал» деп Бидасты жігерлендіріп, Зәкең ағамыз өз тапсырмаларын жол үстінде беріп отырды.
Діттеген жерге жеткен соң «Авангард» совхозындағы Оңғар ағамыздың үйіне түсіп жайластық, жақсылап демалдық. Совхоз директоры таңертең келіп, үйіне шақырды. Азанғы сағат 10 шамасында бардық қой деймін. Барғаннан кейін аздап шайланып алдық. Бидас әуелі қысқа термелерден бастап «Көрұғлы» дастанының саласына түсіп кетті. Тыңдармандар үйге сыймады. Уақыттың қалай өткені белгісіз, қиқулаған дауыстар, «Өй, пәлі!» деген көтерме айқайлар басталып, жырауды қанаттандырып жіберді. Тек анда-санда шай ішіп қойып, 5-6 сағат бойы сол «Көрұғлы» дастанын толық өзі білетін жерге дейін бірнеше мақаммен, бірде жорғалатып, бірде желдіре шауып, бірде ауыздығымен алысып, бірде басын қоя берген тұлпарларша кең демалып, еркін шаба жырлады. Жұрт сол кезде де қиқуға салып шуласты. Кеудесінде жаны бар адам селқос қарап отыра алмайды. Міне, жыршылық дәстүрінің киелілігі сол – қалың қолға, жауға қарсы шауып бара жатқандай сезінесің. Зайыр ағаның сейістігі мен бапкерлігі нәтижесінде Бидас «Көрұғлы» дастаны саласын бірінші рет айтқанын тыңдаған едім. Әрине, жыраулық атадан балаға, баладан немереге жалғасып келе жатқан киелі шаңырақ Жиенбай әулетінде. Оны ел тарихтан жақсы біледі. Бұл өмірде сирек кездесетін құбылыс. Міне, сол құдай берген аруақты жолды жалғап келе жатқан тек қана Бидас десем, артық айтпаған болар едім.
Сонау 1973 жылы Көшеней өмірден озғаннан кейін арындап ағып жатқан дарияның ағын суы тоқтағандай, гүл жарып жаңа гүлзарға айналып түлеп, көктеп келе жатқан жырдың үзіліп қалғаны да есімізде. Мәскеуден қайтқан қара домбыра 2-3 жыл бойы қақсып төрде ілулі тұрды. Сол уақытта бір рет те шертілмеді. Киелі отбасынан ешкім домбыра ұстамады.
Сол қара домбыраға қайта жан бітірген Бидас болды. Дәл осылай болуды қалаған біраз жанашыр жиналып, Көшенейдің шаңырағына барғанбыз. Сөйтіп, Көшенейді еске алып, естеліктер айтып, желпіндіріп тастадық. Данагүл халық әндерін нақышына келтіріп орындап, оны Бөкең домбырамен сүйемелдеп отырды. Сыбағалы тамақ ішіліп болғаннан кейін, жырқұмар екі ағамыз Нағмадин мен Болатбек ұзақ жыр, тарихи терме, жыраулық дәстүр қазақтың мақтанышы болған Көшеней жайлы айта келіп, жеңгеміз Әнапиядан рұқсат сұрап, төрдегі ілулі тұрған домбыраны қабынан алды. Әнапия – Көшеней мен Бидастың туған анасы, атақты Жиенбай жыраудың бел баласы Рүстембек жыраудың құдай қосқан қосағы. Баласы Көшенейге осы жыраулық өнерден тіл-көз тиді деп, кіші баласы Бидасқа өлең айтуды жалғастыруға рұқсат етпеген кезеңі болатын.
Домбыра қақсып кетіпті. Құлағы келтірулі тұрғанын байқадым. Нағмадин, Болатбек ағаларымыз домбыраны қолдарына ұстап, көздеріне жас алып, сәл үнсіздіктен кейін қайта жігерленіп, аруақты бабалар салған сара жолдың үзілмеуіне сәттілік тілеп, Бидасқа ұсынды. Бидас та біраз толқып, көңілі босап домбыраны қолына алып қарап, үнсіз отырып қалған еді.
Жыраулық дәстүрдің жалғасын тапқанына іштей қуандым демеске амалым жоқ. Бидас қолына алған Көшенейдің домбырасы қайта сөйлеп, жауқазын гүлдер қайта көктеп, Сыр бойының құба жоны гүлзарға айналғандай. Сыр бойы аспанында ән қайта қалықтаған кезде жыраулықтың жалғасын тапқанына қуанбағанда қайтеміз? Балалардың, отбасы жағдайымен сонау Алматы қаласына қоныс аударса да, киелі өнерді өз қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетуді алдына үлкен мақсат етіп, өзінің кіндік қаны тамған жерде аты алты Алашқа мәлім болған Жиенбай жырау мектебін екі жерде ашып, арнайы пәтер жалдап тұрып, жемісті жұмыс жасаған Бидасқа халқы да, ата-бабалар аруағы да риза.
Көшеней көзі тірісінде Бидасты қасынан тастамай, қандай бір дүбірлі үлкен жиындар мен республика көлеміндегі болатын шараларға қатыстырып, баулып жүргенін байқайтын едім. Бидас әкесі Рүстекең дүниеден өткенде небәрі 15 жаста болатын. Сол кездің өзінде баласын «құлыннан тай шығарып» кетіп еді. Жетпісінші жылдары өнерге берілген Алма Құнанбаева өзінің дипломдық жұмысында жыраулық өнерді зерттеп, дәстүрдің әрі қарай қалыптасуына өзіндік үлес қосты. Ленинградтан Қармақшыға қайта-қайта келіп, жергілікті жырау-термешілермен дидарласып, қалыптасқан өнер шеберлерінің әрқайсысының орындау мақамына ден қойды. Көбінің мақамын, әуезін үнтаспаға түсіріп, жазып алып, өзінше ғылыми талдау жасады. Ең алғаш болып атақты жырау Бидас Рүстембековті Мәскеу қаласында өткен халықаралық фестивальға алып барған да осы Алма болатын. Сонда Бидас жүлделі 1-орынды жеңіп алған еді. 2009 жылдың желтоқсан айында сол Алма Бидасты Америкаға шақыртып, жол шығынын өзі көтеріп, «Көрұғлы» дастанын айтқызып, үнтаспаға түсірді.
Ауданда жыраулар мектебінің тұңғыш рет ашылуына, қалыптасуына жетекші болып, ықпал еткен ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың еңбегін айтуға тиістіміз. Ол кісі қандай да бір шара болмасын Бидас пен Шамшат апаны алып барып, ән-жыр думанына айналдыратын. Бірде Елеу ағаның жолдасы Дәнеш апамыз белгілі ақын Әбдікәрім Ахметовтің «Дос жүрегі – шарайна» өлеңін Шамшат апаға Рүстембектің мақамымен алғаш орындатқанын қалай ұмытамыз.
1990 жылы ауданда «Базар жырау ізімен» атты тұңғыш рет жыраулар экспедициясы ұйымдастырылып, Базар атамыз жерленген Өзбекстанға сапар шектік. Бұқара облысының үш ауданын бір ай бойы аралап, өнер көрсеттік. Сол жерде тұратын қандастарымыздың, ағайын-туыстардың Бидасқа деген ықыласы ерекше болды. Мұнан 60-80 жыл бұрын Бидастың әкесі Рүстембек жырау сол жерде болып, өз өнерін көрсетсе, туған ағасы Көшеней 40 жыл бұрын барып, қандастарымызды таңырқатып қайтқаны белгілі. Сол дәстүрлі жолды Бидас Рүстембеков жалғады.
Мен осы сапар туралы Шамшат апа жөнінде жазылған естелігімде толық жаздым. Сөз басында Бидастың ағасы Көшенейдің домбырасын қалай алғанын айтып едім ғой. Бұқара облысының Тамды ауданында «Майбұлақ» деген совхозға өнер көрсетуге келгенімізде бұл жерде ықыласы ауғанға көзі тиетін адам барын ескерткен. «Абайлаңыздар» деген хабарды алдын ала естігенімізде таңғалғанымыз да, бойымызды қорқыныш билегені де рас. Шамшат апаның «Көшенейге көз тиді, Бидасты сахнаға шығармаңдар» деп үзілді-кесілді ескертуінің де өзіндік мәні болатын. Ескертуді жеткізу үшін Бидасты іздеп жүрсем, ол да қарап қалмапты. Көйлегін шешіп, майкісін теріс киіп, қазақтың көз тиюге қарсы қолданатын ырымдарын жасап жатқанының үстінен шықтым. «Мына Орақ Дәнекеров, Алшынбек Сәрсенбаев ағаларымыз майкісін теріс киіп жатыр. Осы кісілер бірдеме білер деп мен де қарап қалмай жатқаным» деп ішек-сілесі қатқанша күлгені есімде қалыпты. Сол күні клубта 6-7 сағат жыр жырлап, көз тиюдің қайда кеткенін байқамай да қалып едік.
Бидастың құдай берген төрт ұлы бар. Рыстай екеуі немере сүйген бақытты шаңырақ иелері, бұған шүкіршілік жасаймыз. Бидастың баласы Барбол 6 жасында қолына домбыра ұстап, белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Бала жырау», тағы да басқа бірнеше фильмге түсті. Кейін көз тиіп қатты ауырып, өлең айтуды қойып кетті.
Атақты жырау Бидас ата-бабалары салған сара жолды яғни, жыраулық дәстүрді жалғастырып, бүкіл дүниеге паш етті. Оны еліміздің жоғары атақ-марапаттарына ұсынып, насихаттап, фильм түсіріп, республикалық дәрежеде жыр кештерін өткізіп, жыраулар фестивалін ұйымдастырып, ақындар айтысын өткізсе, жыраудың өзіне ғана емес, жыраулық өнерге «Сыр елі – жыр елі» деген киелі ұғымға да жасалған құрмет болар еді. «Жүз шайырды тербеткен алтын бесік» атымен шыққан кітапты қайта бастырып облыс, аудан кітапханаларына таратса да артық емес.
Бидас жыраудың ата-бабалары жөніндегі әңгімесінің тағылымы зор.
– Белгілі дүр шайыр Шораяқұлы Омардың туған апасынан Жиенбай туады, сонан бізге «жиен» деп нағашы атасы атын Жиенбай қойған. Жиенбайдың әкесі Дүзмембет деген кісі де қаражаяу болмаған, домбырамен шертіп өлең айтатын өнерлі екен. Жиенбай бала күнінен өнердің ізіне түскен. Ірі, қара, еңселі, кеуделі кісі болған екен. Елді басқарып, билік те айтқан. Ол кезде би-болыстар бірін-бірі сынап, «қайтсем жерге қаратамын» деп аңдысып отырған ғой.
Бір күні Жиенбай жайбарақат үйде отырған кезде әр елдің игі жақсылары мен билері келіп қалыпты. Қорада соятын дайын малы жоқ, қолдағы мал жұмсалып кеткен. Осыны сезген билер ойда-жоқта хабарласпай түскен екен. «Жиенбайды үйден шығармай, әңгіме айналдырайық» деп келген кісілер, ананы-мынаны айтып уақыт өткізеді. Ет пісер уақыт болғанда үй иесі қонақтармен қосыла сыртқа шығып бәйбішесіне:
– Әй, не болды? – деген екен. Сонда бәйбішесі саспастан: «Отыра бер қонақтарыңмен, қам жеме» деп қазанда бүлкілдеп қайнап жатқан етті көрсетіпті.
Бәйбішесі атақты Даңмұрын жыраудың туған апасы Балшаш деген кісі. Қазандағы етті көріп, көңілі бірленген Жиенбай қонақтарына сыбағасын беріп, тарасады. Қонақтар кеткен соң бәйбішесіне:
– Сен аяқ астынан малды қайдан таптың? – депті.
– Малды қайдан табайын, сені ұятқа қалдырмас үшін жалғыз атыңды сойдым, ел жақсылары жаяу қалдырмас, – деген екен.
Соны естіген халықта әңгіме жата ма? «Жиенбай жалғыз атын сойып тастапты» деген сөз билерге жетеді. Мұны естіген билер: «Қой Жиенбайды жаяу қалдырғанымыз болмас» деп, мінерге ат, алдына мал айдап әкеліп берген көрінеді. Міне, жырау да, оның бәйбішесі Балшаш та өте кең, салауатты, текті кісілер болған.
Жиенбайдың екі ұл, екі қызы болған. Ең үлкені – Рүстембек, кіші баласы Дастанбек, Марқұма, Алқыма деген қыздар. Дастанбектің даусы зор болған деседі. Құрдастары «Әй, Дастанбек көк ішегіңді ақтар» деп әзілге айналдырады екен. Ол өзі сұранып майданға кетіп, содан қайтпаған.
Рүстембек 12 жасынан бастап үлкен топта жырлаған.
Үш жүздің билері жиналған жерге әкесі Рүстембекті тайға мінгізіп жетектеп бара жатса, дария жанында егін егіп жатқан жалғыз үй иесі, екі әңгелекті құшақтап қорадан шығып келеді екен. Жолаушылар бұрылып, «сусын ішіп кетейік» деп аттан түседі. Бұларды көрген үй иесі «төрлетіңдер, егіннің алғашқы шығуы» деп әңгелектен ауыз тигізеді. Қашаннан ырымшыл қазақ «алғашқы шыққан әңгелекті балам жесін, бірінші рет топқа түседі» деп, Жиенбай баласына ұсынады.
Дәм алып, екеуі ас өтетін жерге де жетеді. Адам көп жиналған екен. Жыраулар өздеріне арнайы тігілген үйлерде жырлауды бастап та кетіпті. Кілең белгілі билер отырған ақбоз үйге кірген Жиенбай: «Уа, ағайын, мына тайды бірінші рет бәйгеге қосайын деп отырмын» деп Рүстембекті көрсеткен екен. Он екі жасар бала жырау кішкене домбырасын қолына алып кең даусымен қайырған кезде дауысы бірте-бірте ашылып, отырған жұртты аузына қаратыпты.
Әр жерде жыраулар жырлап жатады, Рүстембек, қанша дегенмен, бала, түн ортасы ауа бергенде шаршай бастайды. Мұны сезген Жиенбай домбырасын қолына алып, жырды үстін-үстін төгіп, күңірентіп айтып отырып, төбеге қараса, үстіндегі сегіз қанат үй көтеріліп бара жатқанын көреді. Сөйтсе, сырттағы халық үйге сыймай, үйді көтеріп басқа жерге қойыпты. Алғашқы әңгелектің тәтті дәміндей бал таңдайынан, күміс көмейінен шыққан жырларын халыққа жеткізіп, елге абыроймен оралыпты. Кейін небір дүбірлі тойларға қатысып, жыраулық дәстүрдің тізгінін осылай ұстап, баба жолын жалғастырған екен.
«Ол кезде домбыра көп емес, тек әкемнің домбырасы биікте ілулі тұрады. Оны балаға ұстатпайды, үйде ешкім жоқ кезде домбыраны жасырын алып, пішен қораға барып ойнап отыратынмын» дейді Бидас балалық шағын еске алып.
Жоғарыда айтып өткенімдей, атақты жырау Бидас ата-бабалары салған сара жолды, яғни жыраулық дәстүрді бала кезінен жалғастырып келеді. Қаңтар айында 70 жасқа толатын Бидас жырауға қандай құрмет жасаса да жарасады. Өнерді бағалау, жыраулық дәстүрді түркі тілдес елдер арасында танытудың бір жолы – осы.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<