Өскен, өркендеген қоғамға тән сипат – оның руханият дүниесінің бай болуы. Сол қоғамда өмір сүрген мемлекеттің рухани кемелдікке жету жолындағы саналы да сапалы іс-әрекеттері неғұрлым көп болған сайын оның бүгіні ғана емес, болашағы да соғұрлым жарқын бола бермек.
Осы орайда Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамын түгел жайлаған, мұсылман дінінің қағидаларына сүйенген діни-ағартушылық жүйенің, құбылыстың, ойшылдық арнаның ақ-қарасын ажыратып, ілімдік, білімдік тұрғыдағы сапалық ерекшеліктерін, қоғамға қызметінің оң-теріс жақтарын таразылау мен саралаудың, анықтаудың маңызы зор. Академик Ғ.Есім діни-ағартушылық бағыттағы ой-сананың қазақ қоғамында төрт бағытта өрбігенін дәлелдейді:
Бірінші бағыт – діни-ағартушылық ой-сананың қазақ әдебиетінде, фольклорда, жыр-дастандарда, яғни ауызша және жазба әдебиеттің барша жанрлары мен үлгілерінде және өнер туындыларында, мазарлар, кесенелер, мешіттерде, т.б. орын алуы.
Екінші бағыт – діни-ағартушылық ой-сананың жалпы халыққа білім беру ісімен тікелей байланысты болуы.
Үшінші бағыт – діни-ағартушылық ой-сананың тәрбие ісімен тікелей байланысы.
Төртінші бағыт – діни-ағартушылық ой-сананың құқық мәселесінде кеңінен көрініс табуы.
Бажайласақ, діни-ағартушылық ой-сана қазақ қоғамының рухани жағын түгел қамти отырып, ұлттық сананың, идея мен идеологияның қалыптасуына тікелей әсер етуші болған.
Соңғы уақытта бұл бағытта сүбелі зерттеулер мен мақалалардың, салмақты әрі салиқалы ой айтатын ғылыми еңбектердің жариялануы – көңіл қуантарлық жағдай. Солардың бірі – Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Қазақстан мешіттері мен медреселері – рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғ.ғ.)» деп аталатын кітабы. Кітапта ІХ-ХХ ғасырлар аралығында қазақ елінде болған мешіт, медреселер, оларда қызмет жасаған ислам ғұламалары мен ағартушылары, діни қайраткерлер жөнінде құнды деректер, мағлұматтар бар. Автор «ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары Түркістанда 20-ға жуық, ал 1920 жылдары 56 мешіт, медресе болды. Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында – 200-дей, Бөкей хандығында – 78-дей, Жетісу өлкесінде – 269, Жамбыл облысында – 49, ал Әулиеата қаласының өзінде 15 мешіт пен намазхана жұмыс істеді» деп жазды.
Ендігі бір мәселе – сауат ашу мен білім берудің қалай жүргізілгені туралы болса, жоғарыда айтқанымыздай, мешіт, медреселерде Орта Азия, Түркия, Ауғанстан, Мысыр, Үнді, т.б. елдерде оқыған, жоғары дәрежедегі білім алған ишандар мен ахундар ұстаздық етті. Соңғы уақытта айтылып, жазылып жүргендей, қазақ мұсылмандығын қалыптастыруға, бекітуге қызмет еткен діни-ағартушылардың дүниетанымдық тұғырнамасы, ұстанған бағыт-бағдары сопылық философияға негізделген еді. Жалпы қазақ, түрік мұсылмандығы жөнінде айтқанда ұлы бабамыз Яссауидың «Менің хикметтерім – құран мәні» деп ғұмыр кешкен, түркілік дүниетанымда мұсылмандықтың жаңа, жасампаз үлгісін қалыптастырған, әдебиет пен өнерде сопылық поэзияның негізін қалаған данышпандық жолын біліп қана қоймай, басшылыққа алып ойлануымыз қажет-ақ. «Яссауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақайдтық жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген. Түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы» дейді теолог ғалым Д.Кенжетай.
Дәстүрлі қазақ мұсылмандығы дүниетанымдық тұрғыдан сопылық философияға негізделсе, ұстанған жолы Имам ағзам Әбу Ханифа мазхабы десек, бұлардың қай-қайсысының болмасын адамзат тарихының ең көне дәуірлерінен тамыр тартатын көзі жоқ емес. Мәселен, сопылық дүниетаным элементтері мұсылман дініне дейінгі уақытта да болған. Айталық данышпан Платонның интуиция, абстрактілі ойлау жайындағы айтқан ой-пікірлерінде сопылық дүниетанымның негізі қаланғаны жөнінде философ ғалымдар арасында айтылатын пікірлер бар. Сол сияқты имам ағзам Әбу Ханифа мазхабы қазақ ұғымына сіңгенше талай өткелдерден өтіп шыңдалды. Мұсылман дінін тұтастық қалыпқа жеткізуге Құран ілімін білгірлікпен тәпсірлеп, іргелі ілімге айналдырған «Бейдауи, Рази сынды муфассир-ғалымдар, хадис ілімінің ұстыны болған әйгілі имам Бухари, имам Тирмизи сияқты ғұламалар, ақида-сенім негіздері ілімінің негізін қалаған Матуриди, Ашари тәрізді имамдар, шариғат ғылымын қалыптастырған Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Марғинани іспетті факихтар, тасаууф-руханият ілімінің шоқтығы биік ұстаздары Юсуф Хамадини, Қожа Ахмет Яссауи бастаған әулиелер Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып, ислам дінін тұтас қалпында жүйеге түсіргенін» Дархан Қыдырәлі де жазады. Осы айтылған ғалымдар жасаған ілім қазақ даласына тараған мұсылмандықтың да, оны негізге алып қоғамның қозғаушы күшіне айналған күйінде Х-ХХ ғасырлар арасын түгел қамтыған діни-ағартушылық ой-сананың да бастау бұлағы еді. Олай болса, ІХ-ХХ ғасырлар арасын қамтыған діни-ағартушылар діни ұстаным тұрғысынан осы данышпандардың ілімімен қаруланып, имам ағзам Әбу Ханифа мазхабымен жүрген, шәкірт тәрбиелеуде, оқу мен оқытуда Қожа Ахмет Яссауи жолын ұстанған, өз заманының ойшылдары, діни-ағартушы ұстаздары болды деп айтсақ, қателеспейміз.
Діни ағартушылық ағымның бүкіл Шығыста, Орта Азия елдерінде түгел орнағаны, оның терең тарихы қазақ халқының кешегі, бүгінгі өмірінде үлкен маңызға ие. Шынтуайтына келгенде, Қазан төңкерісіне дейін рулық-патриархалдық, феодалдық қоғамды басынан өткерген қазақ елінің алғашқы уақытта большевиктік жүйеге, Кеңестік саясатқа мойынсынбаушылығының бірден-бір себебі де қоғамда берік орнаған мұсылман дінінің қағидаттарының, осыған негізделген діни-ағартушылық ағымның әсер-ықпалында жатыр. Қазақ елін түгел жайлаған ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық көтерілістердің басына дінбасылардың келуі кездейсоқтық емес, әрине.
Қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық ой-сана дегенде жәдитшілдікті айтпай тұра алмаймыз. Жәдитшілдік – мұсылман дініне жасалған реформа. Жәдитшілдік Кеңес үкіметіне дейінгі қазақ оқымыстыларының, зиялыларының халықты алға сүйреген асыл армандарына қанат бітіргендей ықпалды құбылыс болды. Бүкіл әлем білетін Мұстафа Шоқай өзінің қайраткерлік жолында жәдитшілдіктің зор рөл атқарғанын жазды.
Мүсірәлі Жәдікұлы – ұлт тарихында ерекше орын алатын тұлға. Оның тарихи тұлғасын Қазақ елінің дамуында прогрессивті рөл атқарған діни-ағартушылық ағымның аясында зерделеу әділеттілік болар еді. Бірқатар тарихи әдебиеттерде Тәуке хан тақ иесі кезінде тұрғанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды» делініп, ханның бейбіт саясатына жоғары баға беріледі. Расында Әз Тәуке атанған ол елді бейбіт өмірге бастады. Жоңғардан көрген көресіні тоқтатты. Елін сүттей ұйытқан осындай бейбіт саясатта Мүсірәлі сопы әзіздің үлесі орасан зор болатын.
Басы ашық жағдай – Мүсірәлі Жәдікұлының есейген уақытының қазақ халқының тарихында бетбұрыс кезең болған ХVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысына тура келуі. Мұның өзі – Мүсірәлі Жәдікұлының тарихи аренаға шығуының, Қазақ мемлекетінің заңды түрдегі бірінші дінбасы-әзірет болуының басты себебі. Мүсірәлі Жәдікұлы тұлғасын ғылыми түрғыдан толық ашу үшін аталған кезеңдердегі қазақ халқының тарихи-әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени, т.б жағдайларының толық ескерілуі, жан-жақты зерттелуі қажеттігі өзінен-өзі туындайды.
Тарихи һәм ғылыми танымға негіздесек, Әз Тәукенің хандық құрған дәуірі – қазақ мемлекеттігінің гүлденген кезеңі. Демократиялық үрдістегі мемлекеттік жүйе орнату, дала Конституциясы – «Жеті жарғыны» дүниеге әкелу, оны басшылыққа алып қызмет ететін парламент – Билер кеңесін құру, Билер кеңесінде ұлттық, халықаралық ірі мәселелердің талқыланып отыруы, Хан және Билер кеңесіне төре-сұлтандармен қатар, халықтан шыққан беделді билер, батырларды тарту, Ресей, Қытай сынды үлкен мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орната отырып, Жоңғар мемлекетінің қысымына тойтарыс беру – міне, осылардың бәрі Қазақ мемлекетінің мықтылығына айқын дәлел болады. Екінші жағынан Әз Тәуке ханның дана басшылығын да куәландырады. Әз Тәуке қазақ хандығының саяси құрылымын бекіте түсу үшін дінді мемлекеттік идеалогияның бір тармағы ретінде шебер пайдаланған. Ықпалды дін өкілдерін жанына жақындатып, мемлекеттік құрылымға дінбасылық қызметті енгізуі – осындай саясаттың көрінісі. Әз Тәукенің хандық құрған уақытында (1680-1718) қазақ елінде діни мектептердің, медреселер мен мешіттердің ашылып, мұсылман дініне терең мән беріліп, молырақ насихатталғаны шындық. Мүсірәлі Жәдікұлының Қазақ мемлекетіндегі алғашқы дінбасы болуының осындай саяси астары қоғамның даму заңдылықтарына жат құбылыс емес. Дінбасылық мемлекеттік қызмет болғандықтан ханның еркінсіз ашылмайды. Демек, дінбасылықты хандық, яки, мемлекеттік құрылымға енгізіп, оған арнайы адам тағайындау – Әз Тәуке ханның уақыт, заман талабын ескере отырып жүзеге асырған ел билеу саясатындағы өзіндік қолтаңбасы. Бұдан Мүсірәлі Жәдікұлының тарихи тұлғасын мемлекет қайраткері тұрғысынан тану мен таныту, ол үшін қазақ хандығы, ондағы мемлекеттік жүйе, Тәуке хан тұлғасы, осылардың өзара және Мүсірәлі Жәдікұлы өмірімен байланысын тыңғылықты зерттеу міндеті келіп шығады.
Әз Тәуке хандығы тұсында билер институты дәуірледі. Билер кеңесі тұрақты жұмыс істеп тұрды. Үш жүздің ұлы билері Төле, Қазбек, Әйтекелердің беделі халық алдында ханнан артық болмаса, кем болған жоқ. Қазақ мемлекеттігі мен парламентаризмінің тарихында осы үш бидің алатын орнының ерекше екенін айта түсуіміз қажет-ақ. Тарихи деректер Мүсірәлі Жәдікұлының үш жүзге пір болып тағайындалуына Әйтеке бидің ықпалының зор болғанын жоққа шығармайды. Біздіңше, Мүсірәлі Жәдікұлының үш жүзге, бес арыс қазаққа Бас дінбасы – әзірет болып тағайындалуының ғана емес, жалпы мемлекеттік құрылымға дінбасылық қызметті енгізудің өзі билердің ықпалымен жүзеге асқан. Әз Тәуке хан тұсында мемлекеттік құрылымның барынша демократияландырып отырғанын үш жүздің төбе билері – Төле, Қазбек, Әйтекелердің ел билігінің тізгінін қарапайым халық өкілдерінің қолына ұстату саясатының жүзеге асып отырғанымен дәлелдеуге болар еді. Қазақ мемлекеттігінің саяси жүйесіне діннің, әкімшілік жүйесіне дінбасылықтың енуі ұлы билер ұстанған дана саясаттың арқасы екенін тағы да шегелеп айтамыз. Бұл жерден Мүсірәлі Жәдікұлының тарихи тұлғасын сомдай түсу мәселесінде билер институтының тәжірибесі мен ұлы үш бидің өмірі мен қызметін ескермеу мүмкін еместігі тұжырымдалады.
Бұлардан шығатын қорытынды – Мүсірәлі Жәдікұлының Әз Тәуке хан тұсында Қазақ мемлекетіндегі Бас дінбасылыққа келуін ханның әрі Әйтеке бидің, дұрысы билердің ықпалымен жүзеге асқан тарихи һәм саяси оқиға деп бағаласақ, әділеттілік болар еді.
Үш жүзге пір таңдауда қалаудың Мүсірәлі бабамызға түскені тегін емес. Ғылыми таным үшін бұл жерде Мүсірәлі Жәдікұлының жеке басының, аса дарынды да қабілетті тұлғаның (личность) бітім-болмыс, жаратылыс ерекшелігі, қадір-қасиеті мен сыр-сипатының ашылуының мәні зор. Мүсірәлі Жәдікұлы табиғи дарыны мен тума талантының үстіне сауатты адам болған. Тарихи деректер бойынша ол 1656-1663 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи медресесінде оқып, Ақиқатты (Алланы) тану тағлиматының (ғылымының) ахуны деген мамандық алып шыққан. Кейіннен ол осы медреседе Қожа Ахмет Яссауи ілімі бойынша Ақиқатты тану пәнінен шәкірттерге дәріс те берген. Демек, оның тарихи тұлғасы ғалымдық-ұстаздық мазмұнымен толыға түседі деген сөз. Мүсірәлі тұлғасын зерттеуші Ж.Мұратбаев мақаласында бабамыздың бес уақыт намазды әрбір ұлт өкілінің ана тілінде оқуының үлгісін жазып, жасап елге таратқаны жайында, сондай-ақ үш жүзге пір боп тұрған уақытында 7 түрлі баптан тұратын қағиданы шығарғанын, ол ел ішінде «Жеті жарғымен» бірдей қабылданғаны, мақұлданғаны туралы айтылған. Бұл қағидаларды адамгершілік, мораль, гуманизм кодекстері десе болғандай. Қағидалардың мазмұнында тіл мәселесі, неке туралы, мұсылманшылық жөнінде, Алланы тану мен оған құлшылық ету парызы һақында айтылған. Бір қызығы, осы қағидаларда «Жеті жарғы» үнемі айтылады. Мүсірәлі Жәдікұлының мемлекеттік дәрежедегі дінбасы болғандықтан, дінді насихаттауды мемлекеттік саясат тұрғысынан жүргізуінің ешқандай сөкеттігі жоқ. Қайта керісінше, мұндай әрекет дана бабамыздың ғалымдық-ұстаздық қызметінің мемлекет қайраткері ретіндегі ісімен шебер ұштасқанын көрсетсе керек. Жоғарыда айтылған 7 қағида – дін мен мемлекеттік саясат тұрғысынан ғана емес, жалпы философиялық таным жағынан да өз кезі үшін алғанда терең мағыналы, құнды дүниелер.
1680 жылы Тәуке хандыққа отырысымен біріншіден біз парламентаризмнің негізі деп атап жүрген Билер кеңесін құрды. Бұл – қажеттілік. Қажеттілік дейтін себебіміз, ханның елді соғыс жағдайына мобилизациялау жұмысын халықтың тікелей өкілдері – билермен кеңесе отырып атқаруы тиісті нәтиже берді. Екіншіден, пір сайлауды қолға алды. «Оның қандай қажеті бар еді?» деген қисынды сұраққа тұшымды жауап беру үшін сол кездегі елдің басын біріктіруге кедергі болып тұратын ішкі әлеуметтік-рухани мәселелерді саралау керек болады. Әсіресе, қазақта ХVІІ ғасырдың ортасынан бастап діни алауыздық кең етек алды. Бұрынғы діни сенімдегілер «уахдат ал-ужуд» – болмыстың бірлігін насихаттайтын, адам баласының бүтіннің бөлшегі екендігін сезіндіріп, әрбір адамның өзі үшін ғана емес, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның да болмысына жауапты екенін сезіндіретін және қоғамдасып өмір сүруге ыңғайлайтын Яссауи жолын таным негізі етіп келді. Тәуке хан болып сайланған кезде ел ішінде «уахдат ал-шухуд» яғни, әрбір адамның тек өзі үшін жауапты екенін және әрбір жанның Алламен арадағы байланысы жеке болу керек деген парсылық ағымның бірін ұстанған еді. Ең бастысы, бұрынғы қазақ халқының дүниетанымдық негіздерімен сыйыспайтын жолға түскен діндарлар үстемдік етіп тұрған-ды. «Сыр өңіріне ислам дінінің таралуы» деген тақырыпта диссертация қорғаған түркістандық Зікірия Жандарбек есімді әріптесіміз «… бұрын билер тек Яссауи жолы өкілдерінің қатарынан ғана тағайындалатын. Олар үшін бар қазақ бір болатын. Өздері басқарып отырған ру, тайпа арасында туған-туысы болмайтын. Сондықтан да ол билер әр кезде әділдіктен таймайтын» дей келе, Тәуке хан уақытында «әрбір жан иесі өзі үшін ғана өмір сүруі тиіс» деген қағида қоғам санасына біртіндеп сіңе бастады. Бұл танымдағы өзгерістер қазақ қоғамында қалыптасқан рухани, мәдени тұтастықты ыдыратушы басты фактор болды. Оның үстіне сан ғасыр бойы қазақ халқының рухани бірлігінің негізі – Яссауи жолының халық арасында жетекші рухани күш болуына ықпал етуші Яссауи жолы өкілдерінің билік жүйесінен ысырылуы да қазақ халқы арасындағы рухани тұтастықты одан әрі әлсірете түсті. Әр жүздің басына хан қойылып, ру, тайпалар басына билер сол ру, тайпа өкілдерінің өзінен тағайындалатын болды. Бұл қазақ қоғамы ішіндегі сепаратистік пиғылдың күшеюіне, ру, тайпалар арасындағы бірліктің әлсіреп, бәсекелестіктің артуына әкелді» деп дәстүрлі рухани даму жүйесінің дағдарысы салдарынан саяси бірліктің де бұзылғанын жазады. Қалай десек те, діни сенім төңірегіндегі шиеленісті жағдай алты Алаштың халқын ортақ идеяға топтастырудың жаңа жолын табу қажеттігін алға тартты. Содан келіп пірлер институтының іргесі қаланып, қазақтардан басқа да өзбек, қырғыз, қарақалпақ халқынан өкілдер бірнеше сатыдан тұратын сайыста Алаштың бас пірі болуға бақ сынасты. Пір сайлау конкурсында Мүсірәлі Жәдікұлы озық шығып, оған сопы әзіз деген атақ беріліп, бас пір болып сайланды. Мүсірәлі сопы әзіздің Алаш жұртының рухани билік тізгінін қолға алуымен қоғамда бірігу үдерісі басталды. Мінеки, бабамыздың тарихтағы баға жетпес еңбегі оның елді алауыздықтан құтқарып, тұтастығын сақтауға тікелей ықпал етуінде. Елдің рухани яғни діни бірлігі күшейген сайын саяси тұтастық та арта түсті. Жоңғардың қысымынан әбден құлазып, берекесі кеткен қазақ халқы оларға тегеурінді қарсылық көрсете алатын дәрежеге жетті. Жау қолында құрбан болған қандастарының кегін қайтаруға мүмкіндік алған қазақтар кей жорықтарда алғашқы жеңістің тәтті дәмін тата бастады.
Мүсірәлі Жәдікұлының ұлы қызметінің бір парасы – қазақ жастарын шариғат жолына түсіру, білімге үйрету, ер балалармен қатар қыз балаларды да оқыту. Сондай-ақ, Мүсірәлі Жәдікұлы тіл мәселесіне айрықша мән берген. Әсіресе жастардың ана тілін мансұқтамауын, басқа тілмен шұбарламай таза сөйлеуін талап еткен. Ұлы кітап – «Құран кәрімді» алғаш рет қазақ тіліне аударып, жастарды оқытқан, үйреткен де осы – Мүсірәлі сопы әзіз. Қазақтың тұңғыш дінбасысы, пірі Мүсірәлі сопы әзіз ұлттық салт, дәстүрді қатаң ұстануды, оны адамның өмір сүру дағдысына айналдыруды әрбір ұлт өкілінің міндеті деп санаған.
Мүсірәлі Жәдікұлының қазақ тарихынан алатын орны ерекше. Оның тұлғасын ұлықтау жұмыстары жалғасын таба беретін абыройлы іс деп ойлаймыз.
Б.КӘРІБОЗҰЛЫ,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<