Кино – тәрбие

1354

0

Соңғы жылдары үнді, түрік, корей сериалдарынан көз ашпаған отандық арна­лардың кемшіндігін «Youtu­be» әлеу­меттік желісі ақтап алғандай болды. Қазақ ті­ліндегі телехикаялар то­пыр­лап шыға бастады. «Кө­ке», «Үлкен үй», «Бір ке­лін­шек», «Көрімдік», «Асыл ар­ман», «Жаным», «Құстар әні», «Қыз жолы» секілді теле­фильмдер, сөз жоқ, қазақ ки­но­герлерінің намысты әрі же­місті еңбектерін паш етті.

Өзім «Қыз жолы-2» те­ле­хикаясының 14 серия­сын көріп шықтым. Әр се­рия­сы 45 минут көле­мінде көрсетілетін хикая бастал­ғаннан-ақ көрерменін пси­хо­логиялық иіріміне тарта жөнеледі. Апалы-сіңлілі үш қыздың тағдырын бейне­лей­­тін туынды бүгінгі қо­ғам тамырын дөп басып, өмір­де кездесетін сан алуан қи­ын­дықтарды қалай жеңу ке­рек­тігін көркем тәсілмен баян­дай білген. Сөзі де, көзі де ыстық өз тіршілігің, өз ба­уырларыңның басындағы оқиғалар жаныңды баурап, жүрегіңді қозғайды. Оларды жақсы көресің бе, жек кө­ресің бе, «енесі тепкен тай­дың бүйірі ауырмайды» де­гендей, өз қазағың әйтеуір. Осындай сезім үстінде шет­ел сериалдарындағы өзің білмейтін бөтен біреулердің ыстық-суығына күйіп жүр­ге­ніңді ойласаң, екі бетіңде ұяттың қаны ұйиды  екен.

Ал, «Кебенек» деп ата­латын телехикаяны көріп, баяғы үнді фильмінде жылап отыратын кезіміз еске түсті. Өте шебер жасалған туынды. Кешегі кеңес өкіметі кезінде Ауған жеріндегі соғысқа ба­ратын интернационалист жа­­­уынгер Жасұзақтың бас­тан кешкендері – әр қазақ ба­ла­сына үлгі болатын ер­лік іс. Мұнда саясат та, махаб­бат та, ғадауат та бар. Тек кейіп­керлердің сөзі осы күнгі тіл қолданысымызға кетіп қала береді. Мәселен, ол кезде қа­зақ мектебіндегі балалар мұғалімді аты мен тегін қо­сып орысша атаған жоқ – «апай», «ағай» деді. Ал, фи­льмде басқаша. Сондай-ақ, 1990 жылы әлі іргеміз кеңес өкіметінен ажырамай тұрғанда «сынып» сөзі тілдік қорымызға енбеп еді, ал, кинода балалар «класс» деп емес, «сынып» деп сөй­лейді. Осындай аздаған кемші­лік­терді елемесек, қазақ кино­герлеріне алғыстан өзге ай­тарымыз жоқ. 

Өткен жылы «Астана ТВ» телеарнасы шамамен 50 се­рияға жуықтайтын «Асыл ар­­ман» телехикасын көр­се­­­тілімге шы­ғарды. «Асыл ар­­надан» да отандық кино­­өнім­дерінің біразын кө­ріп үлгер­дік. Дегенмен, мұ­ның бәрі шетел кино­шы­­тыр­­­мандарын ысырып шы­­ға­руға қау­қарсыз. Біздің көк­­­сеуіміз қазақ экра­нында тек қазақ кинолары ғана тоқ­­­таусыз көрсетіліп тұрса дей­міз. Өйт­кені, «кино – өнердің ішіндегі ең ма­ңыздысы» де­мекші, ұрпақ мінезі­нің кино арқылы қалыптасып оты­ра­ты­нын заман дәлелдеді. Қа­зіргі жасөспірім­дердің ша­­шын бояп, сырға тағуға әуес­­тенуі, ал, қыздардың үн­діге ұқсап, түрікке тән мі­незге бой үйретуі киноның идеологиясы емей, не?

Біздің айтпағымыздың бас­ты тақы­рыбы киногерлер неге ауыз әдебиеті кейіп­керлеріне, жалпы, батырлар тақы­рыбына тәуекел ете алмай келеді? Әрине, оның басты себебі қаражат болар. Олай болмаған күнде қазақ кинотуындысын жасаушылар да, керемет әртістер де өз арамыздан табылады.

Елбасымыз «Рухани жаң­ғыру» бағдар­­ламасында не деді, «ұлттық болмы­сы­мызға оралмайынша мәңгілік ел бола алмаймыз» демеді ме? Ал, ұлттық бол­мысымызды тап басып танытатын эпостық жырларымыз бен ауыз әде­бие­тіміз ки­ноға ай­нал­­май-ақ қой­ды («Ал­дар­көсе» есі­ңізге түс­­­се, оның қа­шан жа­сал­­­ғанын да еске алар­сыз).

Осындай өліараны пайдаланған арзан күл­­кі театрлар өнімі­нің наны жү­ріп тұр. Мә­се­лен, қазір «Youtube» арнасын ашып қал­саңыз, алдыңыздан «Зың-зың Күл­паш» шыға келеді. Оған қоса «Күлкі базар» бар. Рас, бүгінгі көрерменнің көбі қысқа әрі мағыналы дүниені ұнатады, бұған сөзден терең астар іздемей-ақ, әйтеуір бетіңізді қимылдатсаңыз кү­леді дегенді де қосамыз. Сол «Күлкі базарды» көр­гендер біледі, «баланы ем­шектен шығару», «көрші сө­зінің орысшасы» жайлы қо­йылымдарын біз талдап жазуға ұялып отырмыз. Ал, олар соны сөзбен, әртістікпен жеткізіп, миллиондаған жұрт­қа таратып отыр. «Қар­ғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жал­мауызым» дейді қазақ. Хал­қымның осы сөзін киноға қатысты мен де қайталаймын.

Ал, оны осы сараптама сөзімнің қай тұсына апарып қою керек екенін оқырман өзі шешсін…

Дүйсенбек Аяшұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<