Зерделі зерттеу

2176

0

Қазақ әдебиеті сынды телегей теңіздің кең арналы бастауларының бірі – Сыр бойындағы ақындық мектеп. Өзіндік сипатымен ерекшеленетін Сыр сүлейлері негізін қалаған осы мектептің көрнекті өкілі – Балқы Базар жырау. Алдағы 2022 жылы облыста 180 жылдық мерейлі мерекесі аталып өтетін Балқы Базар мұрасы – ұлттық әдебиеттің аса құнды қазынасы. Мағжан Жұмабаев «Базар жырау» деп аталған мақаласында: «…Оның жалынды жастығы болған. Оның да іздеген бағыты болған. Жете алмаған, қажыған. Жеңдім деген, алданған… Осыларды жырлайды Базар. Бірақ шерлі елдің шын баласы ғой Базар. Өз шерін толғап отырып, елдің шеріне түсіп кетеді», – дейді. Мағжанның осы аз ғана сөзі Базар жырау шығармаларының терең сырын ақтарғандай.

Ақын шығармашылығына байланысты Ә.Диваев, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, тағы басқа ғалымдар ғылыми мақалалар жазды, ғылыми пікір білдірді. Әдебиеттанушы ғалым Серікбай Қосан Балқы Базардың өмірі мен шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғады, монография шығарды. Бұл Сыр сүлейінің шығармашылығы толық зерттеліп болды дегенді білдірмесе керек.

Жақында «Базар жыраудың әдеби мұрасы» атты әдеби зерттеу еңбегі қолымызға тиді. Авторлары – филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлзира Оралова.

Монографияда Базар жыраудың толғаулары мен дастандарының тектік табиғаты мен жанрлық сипаты жан-жақты қарастырылған. Авторлар Базар жырау толғауларын ой, сыр, арнау және ақындық толғаулар деп топтастырып, олардың әрқайсысына мысалдар келтіре отырып, толғаулардың жанрлық сипаты мен табиғатын ашады.

Жалпы, жанртану мәселесі – әдебиеттанудың өзекті проблемаларының бірі. Лирикалық поэзияны жанрлық классификациялауға байланысты ғалымдар арасында әлі де сан қырлы ой-тұжырымдар болса, дәстүрлі поэзияға байланысты ғылыми пікірлердің болуы заңды. Монографияда авторлар толғау жанры, оның жанрлық ерекшелігі туралы тың ой білдіре алған. Зерттеу еңбегінің жаңашылдығы да осында деп ойлаймыз.

Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Серікбай Қосан «Балқы Базар жырау» атты монографиясында: «Ең алдымен аңғарғанымыз, Базар жырау толғауларының басым көпшілігі белгілі бір кісіге, не басқа нысанға арналып айтылған. Ал мұндай арнауларды жырау жоқтау, мақтау, көңіл айту, қоштасу, шағыну, сынау, сөгу түрінде әрқилы адамдарға және әрқилы себептерге байланысты шығарған. Арнаудың бұл түрлері халық әдебиетінде ертеден келе жатқан құбылыс. Сонымен қатар, Базар толғауларын «өртолғау» (ерлік, намыс, елдік), «шертолғау» (қайғы, мұң, реніш), «кертолғау» (өткен дәуірді, заманды аңсау), «төртолғау» (ақсүйектерді, тектілерді мақтау) деп жіктеу де халық дәстүрінен тысқары емес. Бұдан өзге жырау толғауларының едәуір бөлігін үлгі-өсиет жырлары құрайды. Сондай-ақ Базардың Қазтуған, Махамбетше келетін «мендік» толғаулары кездеседі. Ал оның 4 буынды ғазалдарын, яғни қара өлең үлгісіндегі туындыларын ақындық толғау деп атаған ләзім», – дейді.

«Базар жыраудың әдеби мұрасы» монографиясының авторлары С.Қосанның Базар жырау толғауларына жасаған классификациясын толғаулық поэзияның тарихы мен теориясы үшін жаңалықты, соны фактор болғанын атай отырып, өздерінің зерттеуінде осы аталған түрлерге Базар жырау толғауларынан мысалдар келтіріп, нақтылай түседі. Базар жырау толғауларының әрқайсысына жанрлық тұрғыдан сипаттамалар жасайды, анықтамалар береді.

«Базар жыраудың әдеби мұрасы» атты монографияда қазақ толғау үлгілі поэзиясының тарихы мен теориясына қатысты толымды, тұжырымды ойлар жетерлік. Солардың бірінде «Толғаудың синкретті жанрлық түр ретінде лирикалық поэзияның жанрлық түрлерінің бірнешеуінің жүгін бір өзі арқалап келгені туралы қазақ әдебиеттануында бұрыннан айтылып жүрсе, осы шындыққа Базар жырау арнаулары арқылы анық көз жеткізуге болады. Бұның өзі ХІХ ғасырдағы тарихи әдебиет үлгісі – толғауларымыздың жазба, кәсіби әдебиетке толық алғышарт бола аларлықтай болғанын көрсетеді. Жалпы, әдебиетіміздің қай дәуіріндегі, кезеңіндегі болмасын лирикалық поэзияны қазақ толғауларынсыз бөліп алып қарастыру, зерттеу дұрыс бола бермейді. Керісінше, қазақ поэзиясының туып, қалыптасуы, дамуы деген мәселелерде толғау үлгілі поэзиямызды негіз, алғышарт, ағысты арна тұрғысынан әлі де болса зерттеп-зерделей түскеніміз абзал», – деп терең ой, толымды пікір айта алған.

Қысқасы «Базар жыраудың әдеби мұрасы» атты монография – толғау үлгілі поэзиямыздың қыр-сырларына қанықтыра түскен, Сыр сүлейлерінің саңлағы Базар жыраудың мұрасын тақырыптық, жанрлық және көркемдік тұрғыдан жан-жақты ашқан толымды ғылыми зерттеу.

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор,

Қазақстан Педагогика ғылымдар академиясының академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<