Сталинді кім қалай бағалайды?

1146

0

Ресейдің «Россия-1» телеарнасы апта сайын «Вечер с Владимиром Соловьевым» атты саяси-аналитикалық хабар жүргізеді. Хабарда әлемдік деңгейдегі саясаткерлер пікір таластырады. Солардың ішінде өзінің ерекше біліктілігімен көрініп жүрген израилдік саяси сарапшы, қоғам қайраткері Яков Кедми. Осыдан біршама уақыт бұрын Владимир Соловьевтің Кедми мырзаға: «Сталин кім болды?» деген сауалына ол былайша жауап берген еді.


Яков Кедми: – Сталинді неге халық жақсы көреді?! Жалпы, Ресей таңғажайып ел. Бүгінде әлемде өз тарихын таптап, оны соншалықты ластауды жақсы көретін, сонысымен аяғының батпағын тазалағысы келіп тұратын Ресейден басқа бірде-бір мемлекет жоқ. Сіздердің тарихтарыңызда елді билеген басшыларыңыздың ішінде жала жабылмаған, ласталмаған, бар күнәларыңды мойнына артпаған бірде-бірі болған емес. Бірде-бірі! Бұл бірінші себеп.


Екінші себеп: Сіздер ешқашан тарих мәселесіне байыпты қараған емессіздер. Не болды, ол қандай тарих еді? Елдің тарихы бұдан бұрынғы бес, он, жиырма жыл бұрын қандай болып еді дегендей. Оны өздеріңіздің тар көрпеңізге қарай бейімдеп тартып, насихат құралына айналдырасыздар. Тарихты бағамдау үнемі осындай біржақты болған соң, әлбетте, сіздер ешқашан шындыққа жете алмайсыздар.


Сталинді халық осы кезге дейін неліктен жақсы көреді? Сталин өз елінің мүддесін ойлаған ең соңғы мемлекет қайраткері болды. Одан кейін өзінің жеке мүддесіне, байлыққа, өз ыңғайына бейім тұрмаған, оған түкіргенім бар дейтін бірде-бір билеуші болған емес. Сіздер Сталиннің әрбір іс-әрекетіне қарап баға беруге ешқашан уақыт тапқан емессіздер. Сталин қатыгез болды. Бірақ қатыгездік оның түп мақсаты емес, қаруы еді. Себебі басқасын таппады. Ал басқасын таба алар ма еді? Сталиннен басқа балама болды ма? Кім? Троцкий ме? Троцкийдің Ресейге түкіргені бар.


В.Соловьев: Жоқ. Қатыгездік жөнінде Сталинді Троцкийге қарағанда бала деуге болады. Жай сөзбен айтқанда Троцкий паталогиялық қатыгез болды ғой.

– Мен баламалық туралы айтып отырмын. Шыққан тектеріне қарамастан большевиктердің 90 пайызы, тіпті орыстар да сондай ұстанымда болды. Ресейге жол ашқан бірден-бір адам Сталин еді. Грузин семинарисі, ол Ресейді жақсы көрді.


Ол басқа әдісті таппады. Ал одан басқа әдіс бар ма еді? Ал мен ондайды көре алмай отырмын. Сталинді кінәлайтындар Сталиннің сол кездегі сауатсыз құлдық пиғылдағы халқы бар мемлекетті, оның өз халқын түсінгісі келмей табалайтын, французша, немісше білуге құмар, бірақ өзінің орыс тіліне менсінбей қарайтын интеллигенциясы бар мемлекетті басқарғанын білгісі келмейді.


ХХ ғасырдың басында жаңа кеңес қоғамын құру үшін басқаша не істеуге болар еді? Сталинді колхозшыларға, мұжықтарға істегені үшін кіналайды. Ол осылай істемегенде 1941 жылы Кеңес Одағы қалай соғысар еді? Мұжықтың аты мұжық. Сталин: «Біз мұжыққа жерін бердік, ал ол оның өнімін бергісі келмейді» деді. Себебі ол мұжық, ол – надан. Сондықтан басқа амал болмады.


Басқа билікпен сол уақыттағы халықпен, сондай әдіспен елді индустрияландыруға болатын ба еді? Басқа демократиялық билікпен жүзеге асыра алар ма еді? Жоқ. Ол кезде Ресейде демократия болмаған, ол еш жерде де болмады. Сен халықтың еркін болғаны туралы айтасың. Сауатсыз халық еркін бола алмайды. Құлдықтан шыққан елдің бірінші ұрпағы еркін бола алмайды. Сол себепті сол уақытта Ресейде оны сақтап қала алатын бір-ақ билік болды. Ол – Сталин жүргізген билік. Басқа билік болғанда Ресей де болмас еді.


Енді бұл айтылғандарды Ресейдің бүгінгі жағдайымен салыстырып көріңіз, құрметті оқырман! Өз тарихын, әлгі Кедми айтқандай, өздері бұрмалайтын орыс интеллигенциясы, тіпті заңгерлері бұрынғыдай біздің жерге көз тігіп қояды. Сіз не айтасыз?

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<