Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Жанұзақ Баймановпен сұхбат.
– Қазір көпшілік арасында күріш егінінің көлемін азайтып, суды аз қажет ететін дақылдарға маңыз беру қажет деген пікір бар. Қандай ой қосасыз?
– Рас, ондай ұсыныстарды естіп жүрміз. Алайда оны негізсіз айтылған ұшқары пікір деп санаймын. Жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық ахуалын көтеруде Сырдария өзенінің мәселесі өте өзекті. Дегенмен облыста күріш егуді тоқтатуға әсте болмайды.
Әлемнің 119 мемлекетінде 160 млн гектардан астам күріш егіледі. Күніне 3 миллиардтан астам адам тамақ ретінде тұтынады. Ал адам сол дақылдан өзіне қажетті азықтық калорияның 30%-ын алады екен.
Сыр өңірінде күріш дақылын өсіру арқылы өзекті 3 мәселе шешімін тауып отыр. Алғашқысы, бұл өніммен еліміздің сұранысын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Екіншіден, жергілікті тұрғындар ұзақ жылдардан күріш шаруашылығымен айналысып келеді. Үшіншіден, инженерлік жүйеге келтірілген егін алқаптарының мелиоративтік жағдайын талаптарға сәйкес ұстап тұру үшін күріш егілуі тиіс.
– Жергілікті мамандар жердің тұздануына байланысты мәселе көтеріп жүр. Мұның шешімін қалай табуға болады?
– Жасыратыны жоқ, облыстағы егін шаруашылығын жүргізудің негізгі проблемасы – су тапшылығы. Бұл ғаламдық климаттың өзгеруінен пайда болған жағдай. Аймақтағы егін алқаптарының топырақ-мелиоративтік және гидрогеологиялық жағдайы ұдайы назарда болуы тиіс. Мәселен, егістік жерлерде топырақты кезең-кезеңімен сумен шаю жұмысын жүргізу қажет. Оған шамамен алғанда гектарына 7000-9000 текше метр су керек. Бұл норма топырақтағы тұз мөлшеріне байланысты ғылыми тұрғыда анықталған. Мелиоративтік дақыл ретінде күріш алқаптарының көлемін шектеуге болмайды.
Әдетте, жергілікті жұртшылық мұндай алқаптарды «аймақтың алтын қоры» деп бағалайды. Кезінде аймақтың табиғи-климаттық жағдайы ескерілді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында инженерлік жүйеге келтірілген егін алқаптары қазірге дейін табыс, еңбек көзі болып тұр. Сондай-ақ, күріштен өзге дәндік және малазықтық дақылдардан өнім алынып келеді.
Өкініштісі, кейінгі уақытта өңірде ауыспалы егін тәртібін сақтауда олқылық көп. Ең қиыны, бұрынғы ірі шаруашылықтар бірнеше құрылымға бөлініп, егін алқаптары пай үлесіне таратылды. Соның салдарынан инженерлік жүйенің құрамындағы суару каналдары, қашыртқы-кәріз жүйелері және олардың бойындағы гидротехникалық құрылыстарды пайдалану тәртібі күрт өзгерді. Көп ұзамай ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайы нашарлады. Топырақ тұзданды, өнім азайды.
Каналдар арнасы деформацияға ұшырады. Қамыс қаптады, арнасын қайыр басты. Осындай қателіктерден су ысырап болуда.
– Қазіргі су үнемдеу технологиясы көңілден шыға ма?
– Жалпы, аймақта мұндай жұмыстарды өндіріске енгізу кеңінен өріс ала қойған жоқ. Салдарынан судың 50%-ға жуығы шығын болады. Бұл ирригациялық жүйелердің пайдалы әсер коэффициенті мәнінің шамадан тыс төмендігін көрсетеді.
Облыста суармалы жерлерде жерасты суының деңгейі негізінен көлденең кәріздер мен қашыртқылар арқылы төмендетілуде. Десе де, олар көп жылдан бері тазаланған жоқ. Осының салдарынан жерасты суының деңгейін толығымен төмендету мүмкін емес. Есесіне топырақтың тұздануы мен сортаңдануы жеделдеп кетті. Жылдан-жылға аумағы арта түсуде. Қазір облыстағы суармалы жердің 70-80%-ы түрлі деңгейде тұзданған. Оған қоса суармалы топырақтардағы қара шірік, азот, фосфор, калий секілді қоректік заттар қоры кеміп кетті.
– Бұған қатысты институт және ондағы ғалымдар тарапынан, жалпы ғылыми тұрғыда қандай амал жасалып отыр?
– Қазір ғалымдар тарапынан ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиоративтік жағдайларды жақсарту үшін бірқатар бастама жасалып отыр. Атап айтсақ, «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының екінші кезеңінің іс-шаралары» (ИДЖЖ-2 – ПУИД-2) жобасы бойынша Жалағаш ауданындағы Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтеріндегі 15 мыңнан астам гектар суармалы жерді қалпына келтіру қолға алынуда. Жоба толық жүзеге асқанда инженерлік жүйедегі жерлердің 80%-ы қалпына келтіріледі.
Жалпы, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасын іске асыру «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және Даму банкі арасындағы қарыз беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң аясында 2014 жылы басталған еді. Бұл бойынша еліміздің оңтүстігіндегі Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында тиісті жұмыстар жасалуда. Жоба ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, жаңғырту, тұрақты басқару, пайдалану мен техникалық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту, жобаны басқару, техникалық жәрдемдесу секілді түрлі компоненттен тұрады. Соның ішінде үшінші компонент бойынша су үнемдеу және топырақ қорғау құрылымдарын, өнім сапасын арттыру жүзеге асады. Бұл үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсартуға бағытталған технологиялар мен ұйымдастыру шараларын енгізу өте маңызды. Сондай-ақ, трансшекаралық өзендердің жобалық алаптарындағы ауыл тұрғындарының экономикалық өмір сүру жағдайын жақсарту назардан тыс қалмайды.
Осыған орай институт тарапынан облыстағы егін шаруашылығына озық су ресурстарын үнемдейтін агротехнологияны тарату бастамасы қолға алынды. Бұл ретте институт ғалымдары облыстың оңтүстік өңірлері үшін ауыспалы егістегі күріштің үлесін 37,5-25%-ға, ал орталық және солтүстік өңірлер үшін 50-37,5%-ға дейін азайтуды ұсынып отырғанын айта кету керек.
Сұхбаттасқан
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<