Бардың бағасын білуіміз керек

1933

0

Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Мерекеге орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Айтжан Жұмабайұлы, «Береке бастауы – бірлік» қағидасын ұстанған еліміз үшін бұл мерекенің алар орны қандай?

– «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді халқымыз. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Бүгінгінің ащы шындығын көзбен көріп отырмыз. Кеше ғана ағайын болып, бір-бірінің тілеуін тілеп келген мемлекеттер енді қайтіп көріспейтіндей күйге жетті. Неге туысқан халықтар арасында ортақ түсіністік, ашық үнқатысу жоқ? Неге олар бір-бірімен түсініспейтін, түсінуге де тырыспайтындай халге түсті? Бейбіт өмірді, ашық күнде оқ атылмауын қалайтын адамдардың бәрі осындай әрекеттерге өкінеді. Кейбір мемлекет басшыларының өз мүдде қақтығысын халықтан биік қоятынына наразы болады. Тіл-көзіміз тасқа, Қазақстан мұндай індеттен аулақ. КСРО ыдырағаннан кейін көптеген саясаттанушылар Қазақстан аумағында азамат соғысы басталуы мүмкін деген ой-пікірлер айтқан. Елбасының сарабдал саясатының, Пре­зи­дентіміздің бүгінгі бас­тамаларының арқа­сында тыныштықта өмір сү­ріп жатырмыз. Жалпы ТМД аумағында да, Орта Азия елдерінде де ұлтаралық жанжалдар көп болды. Елімізде де көптеген адамдар жеке мәселелерін, тұрмыстық дау-дамайларын ұлтаралық жанжал ретінде көрсетуге тырысқан жағдайлар кездесті. Бірақ, Құдайға шүкір, әкімшілік, полиция қызметкерлерінің араласуымен бұл жанжалдар дер кезінде тоқтатылды. Мұның бәрі еліміздегі жүргізіліп жатқан дұрыс саясат нәтижесі деп білемін.

– Осы орайда Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі қаншалықты?

– Қазақстан халқы ассамблеясының ең басты мақсаты да – осы құндылықтар. Бізге ассамблея керек емес деген де ой-пікірлер айтылғанын есітіп жатамыз. Ассамблея керек, өйткені қай жерге барсаң да, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі ұлт өкілдері тұрады. Солардың басын қосып, бірік­тіретін, ашық диалогқа шақыратын бірден-бір ұйым – Қазақстан халқы ассамблеясы. Тіпті, оған әртүрлі ұлттардың ақсақалдарын, зиялы қауым өкілдерін әлі де көптеп шақыру керек дер едім. Өйткені, күш – бірлікте, түсіністікте. Сөзіме мысал ретінде айта­йын, жақында ғана қаламыздағы мәңгілік алауға бардым. Социалистік Еңбек ерлеріне арналған құрмет тақтасын жасап қойыпты. Солардың арасында бір ғана корей ұлтының 32 азаматының есімі ­жазылыпты. Барлығы – еңбек майданында зор жетістікке жеткен, өңірді түлетуге үлес қосқан жандар.

– Мақсатымыз – бірлігіміз бен ынтымағымызға сызат түсірмеу дейміз. Бұл мақсат үшін өткен тарихымыздың тағылымы қандай?

– Биыл Тәуелсіздік алға­ны­мызға 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл – атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. Ендігі ұстанымымыз – барды бағалай біліп, болашаққа сеніммен қадам басу. Айталық, үкіметтің саясатымен келіс­пеушілер де болады. Саясатты іске асырушылар тарапынан да жіберілген кемшіліктер болып жатады. Бірақ негізінен мемлекеттің бұл саясаты дұрыс деп білемін. Еліміз әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөле­тіндігімен, азаматтарға әлеу­меттік көмекті көп көр­се­теті­німен ерекшеленеді. Өзге елден келген азаматтар­мен, қандастарымызбен көп сөй­лесемін ғой. Мысалы, Қытайдан келген қандасымыз ол жақта жедел жәрдем шақырудың өзі ақылы екенін айтқан еді. Біз шамалы қызуымыз көтерілсе де жедел жәрдем шақырамыз. Оған ешкім ақша төлеп жатқан жоқ.

Бала күнімде әкемнің аға­сының үйіне барғаным есімде қалыпты. Сол кезде ағамыз дастархандағы бауырсақты, май мен қантты көріп: «Мынау революцияға дейінгі бай отбасының дастарханы ғой» деген еді. Ал қазір тойда отыз-қырық адамның алдына жүз кісінің тамағын қояды. Осындай ысырапшылдық көп бүгінде. Мұның бәрі баршылықтан жасалып жатқан нәрсе. Бардың бағасын білуіміз керек дегенге мысал етіп айтып жатқаным ғой. Біз, керісінше, үнемшіл, барды бағалай білетін менталитет қалыптастыруымыз керек. Көп жастар қара жұмыстан қашады. Бірақ қол еңбегінің қадірін ұқпаған адамға басқа қызметте нәтиже көрсету де қиын болады деп ойлаймын. Мысалы, мен өзім оқуға түскенше бес жыл қара жұмыс істедім. Тапқан табысымның құнын білдім.

– Татулық пен келісім тарих тағылымымен ты­ғыз байланысты. Бірлік мере­ке­сінде тарихтың қандай сабақ­тарын дәріптеуіміз керек?

– Соғысқа дейін Қазақстанға фин, поляк, тағы да басқа батыс аймақтар халқы көшірілді. Бұл – соғыс бола қалған жағдайда шекараны тазарту мақсатында жасалған шара. Содан кейін солтүстік кавказ халықтарын көшіріп әкелді. 1937 жылы елімізге 98 мың корей келсе, соның 50 мыңы облысымызға қоныстандырылды. 1941 жылы соғыс кезінде немістерді, австриялықтарды, гректерді көшіріп әкеле бастады. 1943-1944 жылдары болгарлар, ше­шендер, Қырым татарлары, түріктерді көшіріп әкел­ді. Солардың  бәрі не­гі­зінен  Сібірге, Қазақ­стан­­ға қоныстанды. 1944 жы­лы кө­шірілген түрік­тер­дің 400 мың­нан астамы Қазақ­станға, оның ішінде 27 мыңы Қы­зыл­орда облысына, мың отбасы Қызылорда қаласына келді. Ал бұл аз ба, көп пе, оны 1939 жылғы халық санағынан көруге болады. Сол санақ бойынша облыста 298 мың халық болған. Оның 35 мыңы корей ұлтының өкілдері. Басқа халықтар, бас-аяғы 12 автономиялық құры­лымы бар халықтардың өкілдері өңірге көшірілді. Соғыс кезінде, 1941 жылдың өзінде 32 мыңнан астам адам Қызылордаға келді. Оның 14 мыңы еврей, қалғандары – басқа ұлт өкілдері.

– Солардың барлығын халқымыз қуана қарсы алды ма?

– Қазақ елі оларды күтіп алып, жаңа жерге орналасып, етек-жеңін жинауына жәрдемдесті. Жұртымыз ол уақытта өздері де қиын жағдайда болды. Бірақ біреудің қиындығын көріп қарап отыра алмады. Қолынан келгенше көмегін көрсетті. Елбасы туралы фильмде оның жанұясына кавказ халқының өкілін орналастырғаны, олар­дың бір-біріне демеу болып, селбесіп өмір сүргені жақсы көрсетілген. Әлі есімде, соғыс кезінде шешен ұлтының өкілдерін күтіп алған кезде әкем бір шешен ұлтының өкілімен жақсы дос болды. Көп көмектесті. Бір-бірін тамыр, туыс деп қадірледі. Оның сол кезде әкеме ризашылық белгісі ретінде сыйлаған қанжары үйде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Тек Қызылорда облысының өзінде соғыс жылдары 12 балалар үйі болды. Соның бірі Қармақшыда ұлттық сипатта, тек шешен балалары үшін ұйымдастырылды. Облыс ау­ма­ғында тоғыз госпиталь жұ­мыс жасады. Осы Қорқыт ата университеті ғимаратының ор­нында да госпиталь бар еді. Оған қарама-қарсы орналасқан агротехникалық колледж ғима­ратында да госпиталь болды. Қазіргі «Жібек жолы» сауда орталығының орны да бұрын қалалық емхана еді. Ондағы госпитальға 1941 жылдың қарашасында тексеру коммиссиясы барған кезде 570-тей жаралы жауынгер ем алып жатыр екен. Ал енді барлық госпитальдардағы жаралы жауынгерлер бірнеше мыңдап саналды деуге болады. Сол кезде «Орынбор-Ташкент» теміржолы бойындағы қалаларға жара­ланған жауын­гер­лерді жібере берген ғой.

– Өзге ұлт өкілдерінің сол қиын кезеңде өңірді өркендетуге ықпалы зор болды деп жатамыз. Медицина секілді салаларды ілгері­летуге атсалысқаны айтылады…

– Әрине, көмегі өте көп болды. Кезінде Қызылорда облысында мыңдаған гректер тұрды. Солардың арасынан шыққан дәрігерлерді, басқа да саланың білгір мамандарын бүгінге дейін мақтап, айтып жүреді. Өз еркінен тыс, тағдыр тәлкегімен қудаланып келген олар өңірдің өрлеуіне өз үлестерін қосты. Көбі жоғары білімді азаматтар еді. Әлі есімде, 60-жылдарға дейін үйде біріміз ауырып қалсақ, шешем осы жерге көшіп келіп, тұрақтап қалған Мария есімді шешен әйелге апаратын. Сондай кадрлар, жоғары білімді азаматтар халыққа қызмет көрсету, білім беру ісінде көп жұмыс атқарды. Соғыс уақытындағы педагогика институты студенттерінің тізімін бір қарап шыққаным бар. Қатарында қазақтар өте аз, тіпті жоқ деуге болады. Барлығы – басқа ұлттың өкілдері.

– Сонда ол уақытта не себепті қазақтар оқымады?

– Оның да өз себебі бар. Қазақтардың көпшілігі ауылдық жерде тұрды. Ал ауыл­да жұмыс көп. Қалаға оқуға жібермейді де. Екінші себеп, 1940 жылдары 9-10 сыныптарда оқу үшін 150 сом ақша төлеу қажет еді. Ал жоғары оқу орны үшін жылына 250 сом ақша төлеу қажет болды. Ол кезде орта білім ақылы болғаны туралы қазір көп айтыла бермейді. Ойлап қарасақ, сол тұста еліміздегі орташа айлық жалақы 29 сом болыпты. Орта білімді оқуға шын талпынысы бар адамдар ғана алсын деген оймен жасалған шара екен. Бұл үрдіс 60-жылдардың ортасына дейін жалғасқан. Сондықтан қазақтардың көбі оқу ақысының болмауы­на байланысты келе алмады. Соғыс жылдары әсіресе білім, медицина саласының қызметкерлері аз болды ғой. Мектепте мұғалім болып, емханаларда дәрігер, мейірбике болып өзге ұлт өкілдері жұмыс істеді. Қазір басқа облыстармен салыстырғанда өңірде өзге ұлт өкілдері аз. Бірақ әлі күнге дейін сол кездегі елге еңбегі сіңген жандарды жұртшылық еске алып отырады. Бастысы – бірлікті ту етіп, еліміздің жарқын болашағы үшін баршамыз еңбек етуіміз маңызды. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отыр­ғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай олқы құ­былыстарды сараласақ, бір­лігі, ынтымақтастығы жарас­қан елде тұрақтылық сақ­талып, болашақ дамуы да баянды болмақ. Қазақстандық ұлт­аралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаң­ғыр­тудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

– Сөз соңында өзіңіз жетекшілік етіп отырған «Тарих және Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасының жұмысы туралы айтсаңыз…

– Кафедра тарихшы, этнолог, археолог мамандар даяр­лау­мен қатар, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты 11 этномәдени бірлестікпен тығыз байланыста. Аймақтағы мәдени-көпшілік, патриоттық іс-ша­ра­ларды жүргізуге атсалысып, еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйле­сімді сақтауды насихаттап келеді. Түлектеріміз гума­ни­тарлық сала мамандары бол­ғандықтан, әртүрлі мем­лекеттік қызметтерде же­місті еңбек етуде. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – ең маңызды байлығымыз. Тарихтан сабақ ала отырып, бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір азаматтың міндеті. «Тарих және Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасы осы мақсаттағы іс-шараларға ұйыт­қы болуды жалғастыра береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<