Кененбаевтың кең-байтақ әлемі

161

1

Белгілі суретші Аманкелді Кененбаев 1955 жылы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң әскер қатарында болды. Ауылда киномеханик болып жұмыс істеді,  өзі оқыған мектепте сурет пәнінен сабақ берді. Жастайынан өнер жолын таңдаған жігіт Ә.Қастеев атындағы Шымкент өнер училищесін үздік бітірді. Осы жылдардан бастап республикалық, шетелдік, халықаралық  көрмелерге, пленерлерге, симпозиумдарға қатысты.

Бірқатар мүсіндік және монументалды объекті­лер­­дің авторы. Ал 2000 жылы алғашқы рет Алматы қаласында «Длинные цветные сны» тақырыбында жеке көрмесі өтті. 2005 жылы «Астана – Бәйтерек» республикалық конкурсының лауреаты атанды. 2007 жылы Лондонда Ұлыбритания патшайымы «Виктория – Альберт» жеке музейінде «Қазақстанның жаңа өнері» көрмесіне қатысты. 2010 жылы Францияда орнатылған халықтар тәуелсіздігі үшін күрескер Мұстафа Шоқай бъюст-ескерткішінің авторы. 2012 жылы Нью-Йорк қаласында халықаралық «Жер, уақыт, адамдар» конкурстық көрмесінің жоғары марапаты – «Алтын қыран» медалінің иегері. 2015 жылы Жапон елінде Токио қаласындағы NIW галереясында өткен халықаралық көрмеге қатысты. КСРО және Қазақстан Сурет­шілер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері. 2018 жылы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде «Сұлутөбе» тақырыбында көрмесі өтті.

Аманкелді Кененбаев өзі армандаған салаға бірден келе қойған жоқ. Өмір жолының сан алуан сатысынан өтті. Бұл туралы сұхбатта тарата түсетін боламыз.

– Аға, бізді қызық­ты­ратын бір сұрақ – бала Аманкелді қандай болды?

– Бала күнімде өте тынышсыз болдым. Анамыз ес білген шағымызда дүние салған. Содан кейін тек әкемнің тәрбиесін алдым. Әкем алдымен арабша білім алған, кейіннен жаңаша оқыған партия қызметкері еді. Колхоз төрағасы болып қызмет атқарды. Қарапайым, ел қатарлы өмір сүрдік. Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін болды, артық дүние жиған емес. Мен шаңырақтың кенжесімін. Оның үстіне, көпке дейін перзенттері тұрақ­тамай, көңілі олқы боп жүрген әке-шешеміз, бізді еркіндеу өсірді. Иә, солай, мектепте оқып жүрген кезімде сабақтан көп қалатынмын. Бірақ тоқсандық қорытынды шығар уақытта мұғалімдердің шақырып алып берген тапсырмасын көп қиналмай-ақ орындап беретінмін. Мінезім тынышсыз болды дейтінім, әр нәрсеге қызығып, жасап көргенше асығатынмын. Спорт­пен шұғылданушы едім. Осындай әрекетімнен бір­неше рет жарақат та алдым. Сонда да алған бетімнен қайтпайтынмын.

– Көркемсурет әлеміне қа­лай келдіңіз? Ең алғашқы  шы­ғармаңыз есіңізде ме?

– Адам баласының белгілі бір өнерге бет бұруына негіз болады. Ол қандай негіз дейсіз ғой? Бала күнімізде ағайын-туыс, көрші-көлем жиылып, текемет басатын. Сонда текеметтің түрін салатын кезі бар, неге екенін, түр салған уақытта ер адамдарға көрсетпейді. Біз бала бол­сақ та сыртқа шығарып жібе­ретін де, текеметті шиге орап шайқайтын кезде ғана шақыратын. Әйтсе де сол бір қызылды-жасылды жайнап тұрған ою-өрнек менің көз алдымда қалып қойған. Бұдан бөлек, әкемнің киіз үй жасайтын ұсталығы бар еді. Ол кезде қолөнердің бұл түрін онша біле бермейміз. Бірақ әкемнің ара-тұра «әуп-әуп» деп бір нәрсені тартып жататынын көретінмін. Сөйтсем, тарамыспен керегенің көгін тартады екен ғой. Ал киіз үйдің басқұры, желбау­лары, шиі мен текеметі, құрақ көрпешелері де көздің жауын алардай көркем болатын. Анамыз ісмер адам еді. Ол қасиет анамыз­ға нағашы әжемізден қонған. Әлі есімде, әжеміз жасы ұлғайып, тоқсанға таяған кезінде де қолынан ине-жібі түспейтін. Ара-тұра үйге келгенінде көрпе-төсекті жаңартып, ескі деген бұйымдарды қайта тігіп, құлпыртып қоятын. Міне, осындай ғаламат көріністер менің өнер әлеміне деген рия­сыз құштарлығымды оятты. Тағы бір әсер еткен жағдай, ауыл мектебінде оқытқан мұғалімдерімнің ықпалы болды. Мектепте сабақ берген Әпенов, Әбутәліп Егіз­баев сынды мұғалімдер тек сабақ беріп қана қойған жоқ, тәрбиеге де зор жауап­кер­ші­лікпен қарады. Қабілет-қары­мымды біліп, сенім артты. Сол кісілердің сенімі алға жетеледі деп ойлаймын. Оныншы оқып жүрген кезімде суретшілер байқауына қатыстым. Сондағы алғашқы туындым – «Ана» деп аталды. Байқаудан бірінші орын алдым. Әкем сонда қуана тұрып, «Ойпырмай, мұндай да өнер болады екен-ау» деп таңғалған еді…

1976-1977 жылдардың кезі. Қалаға көшіп келгенбіз. Бір күні жол-жөнекей шай­ханаға кіргенімде, бейтаныс кісі қасына шақырды. Бетіме қарады да «Сен – живописші боласың!» деді. Содан не керек, күні бойы сол кісінің қасына еріп жүрдім. Үстіме киген аппақ киімімнің бәрі бояу-бояу, сау-тамтығы қал­маған. Таныса келе бұл кісі – суретшілік өнердің негізін қалаушылардың бірі Шаймардан Сариев екенін білдім. Осы жолы ол маған тылсым өнердің таңғажайып сырлары жайлы көп әңгіме айтты. Бо­йымнан ерекше талантты танып тұрғанын меңзеді. Міне, осылайша өнер әлемі мені еріксіз өз иіріміне тартып әкетті.

– Әке тәрбиесін алып, өмірге ерте бейімделдіңіз. Ал кәсіби өнерде алға қойған мақсатыңыз орындалды ма?

– Мына бір оқиға ойымнан кетпейді. Ауылда еңбек етіп жүрген кезім. Бірде әкем қаладағы базарға жылқы сатып, үйге керек-жарақ алады. Қайтар жолында аттың жанына ілген керосинге тиіп, бүлінер деп шапанының шалғайын көтеріп қояды. Сөйтіп бір аттың пұлын жоғалтады.  Үйге келген соң бар ақшасының жоғалғанын білген әкем, іштей күйзеліп, теріс қарап жатып қалды. Көңіл-күйі сылқ түсті. Әкемнің бұл жағдайы мені қатты алаңдатты. Не істеуім керек? Содан ойлана келе бар ынтаммен жұмысқа кірістім. Үш жерде жұмыс жасайтынмын, әжептәуір табыс таптым. Бұрын қатарлас жора-жолдастарыммен ойын-сауық құруға жомарттық жасап жүретінмін. Бұл жолы бар тапқан табысымды әкемнің қолына әкеп салдым. «Әке, бір атыңыз­дың құнын мен бір-ақ күнде табамын» – деп желпініп қойдым. Сонда әкем қатты қуанды. Бірден орнынан тұрып кетті. «Ұлымның адам болғаны, өз қолы өз аузына жеткені» деп көңілі жайланғандай. Осы бір оқиға мені бірден есейтті…

Жалпы мен кәсіби өнерге кешігіп келдім. Суретшілер училищесіне жиырма төрт жасымда түстім. Ол жаста жұрт оқу бітіредi. Токио, Париждегі көрмелер сол – жас кезімде шақыр­ғанда деп ойланамын. Әрине, өмірде «әттеген-ай» дейтін сәттер болады. Дегенмен, осы өнердің арқасында қаншама ел көрдім, шығармашылық шабыт алдым. Жаңа дүниелер жаздым, жеткен жетістігім бір төбе, ал алдыма қойған мақсатым одан да биік.

– Суретшілігіңіз өз алдына, монуметтік мүсін жасауда да шеберлігіңізбен та­лайды тәнті етіп жүрсіз. 2010 жылы Францияда орна­тылған қа­зақ­тың ғана емес, жалпы түркі жұртының қайраткер тұл­ғасы, тәуелсіз «Түр­кістан мем­лекеті» идея­сы­ның авторы  Мұстафа Шоқай­дың ескерткіші – сіздің қол­таң­ба­ңыз…

– Иә, бұл оқиға мен үшін естен кетпес ғажайып сыр­ларға толы. Әдеп­­кіде менің жа­саған жұ­мысым мем­­лекеттік комис­сия­ның сараптауы­нан өтпей қалды. Содан қолымды бір сілтеп, жасап жатқан дүниеме көңіл аудармай қойдым. Алайда сол күні ұйықтай алмадым. Бір тылсым оқиғаларды түсімде көрдім.

Қысқасы, сол жолы менің жасаған бюст-ескерткішім таң­дауға ілініп, Франция еліне бару бақыты бұйырды. Арысымызды ардақтап, тұғырына қондырдық. Қазақстаннан бар­ған делегацияны сол кездегі ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сыр бойынан Мұрат Бақтиярұлы бастап барды.

Ескерткіш Парижде, Ножан Сюр-Марндағы Мұстафа Шоқайдың 18 жыл тұрған үйінің алдына қойылды. Бұл үй тұрған көше де М.Шоқай есімімен аталады екен. Ресми жиын өткен соң, Мұстафа және оның аяулы жары Мария Яковлевна Шоқайдың аруағына арнап құран оқыл­ды. Иә, дәл осы күнгідей, онлайн байланыс арқылы бір мезетте Париждегі барлық мешітте құран оқылды.

Осы сапар барысында мені ерекше толқытқан бір жайтты айт­пай кетуіме болмас. Біз Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Шоқайдың да қабірінің басына барып, арнайы құран оқыттық. Сол елдің заңы бойынша Мария Шоқайдың көзінің тірісінде бейіттің құны төленген, бірақ жалға алған мерзімі біткелі тұр екен. Сол жерде біздің делегация қолда бар ақшасын жинап, бейітті жалға алу келісім-шартын тағы бір 50 жылға ұзартуға ықпал етті. Осы оқиға жанымды ерекше толқытты…

Бүгінге дейін мемлекет және қоғам қайраткерлері ­С.Шау­хаманов, Ы.Қалиев, ­Н.Ер­геш­баевтың мүсіндерін жасадым. Туған жердің тұ­ғырлы перзенттерінің мүсін­­дері облыс орталығынан орын алды.

– Өнерді бағалай білеміз бе? Осы өнердің аға буыны ретінде қандай ой айтар едіңіз?

– ХХ ғасырдың аяғы, ХХІ ғасырдың басында эконо­микалық саясат алға шығып, рухани тақырыптар назардан тыс қалған кезең болды. Нарықтың қысымы өнердің барлық саласында дағдарыс тудырғаны жасырын емес. Мысалы, шығармашылық туындының шынайы бағасын беру үшін суретшінің жеке көрмелері ұйымдастырылуы керек, жазған дүниелері сала мамандарының сараптауынан өткені жөн. Әрине, әр суретшінің өзіндік қолтаң­басы болады. Дегенмен рес­пуб­лика көлемінде, одан әрі халық­аралық деңгейде өзара тәжірибе алмасу арқылы жұмыстың сапасы арта түседі деген ой бар еді. Осындай оймен жүргенімде, 2011 жылы Астана қаласында тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған пленерлік симпо­зиумге қатысып, лауреат атандым. Ал 2018 жылы облыс орталығындағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет гале­рея­­сында «Сырдария» атты жеке шығармашылығыма ар­налған көрме өтті.

­Өнер адамы ретінде өзіме ерекше әсер еткен бір жағдайды айта кетейін, осыдан бірер жыл бұрын Солтүстік Кипр­де тұратын Суат бей Гюнсел есімді миллиардер азамат түркі халықтарының ­талантты сурет­шілерін шақырып, олар­ға барлық қажетті жағ­дай­ды жасап, жаңа туындылар жаз­уына қолдау танытты. Оның ішінде қазақ суретшілерінің жұмыстарын қатты ұнатты. Бұл дүниелерді ол өзі ашқан арнайы музейлерге қойып,  қысы-жазы ағылып жат­қан туристердің тамашалауына ұсынады. Оның айтуынша, бұған дейін өз еліне әлемдік деңгейдегі білікті медицина мамандарын шақырып, осы саланың дам­уына, тұрғылықты халықтың әл-ау­қатын жақсартуға жағ­дай жасаған. Таяу Шығыс уни­верситетін аш­қан. Бүгінде оқу орнында барлық сала мамандары даярланады. Ойлап қарасақ, ол азаматтың түркі халықтары мәде­ниетін әлемге таны­туға еңбек етіп жатқанын  аңға­ра­мыз. Былай қара­­ғанда, біз­дің елімізде де мил­лиар­дерлер бар­шылық. Бірақ олардың тарапынан мәдениетті, ру­ханиятты қол­дау үшін осындай жұмыстар атқарылып жатыр дегенді естіген емеспіз…

Шығармашылық өнер – өлмейтін, өшпейтін рухани мұра. Себебі, әр кезеңдегі өнер туындылары ел тарихынан сыр шертеді. Сондықтан уақытысында оны бағалай білуіміз керек.

– Сыр өңірі – өнердің туын тіккен өлке. Таланттардан кенде емес. Соның ішінде көркем­сурет өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген әріп­тес­теріңізді атап өтсеңіз…

– Сыр өңіріндегі сурет­ші­лердің аға өкілі ағайынды Қожықовтар, С.Романов, С.Айт­­баев, одан бері М.Үм­бетов, Б.Қалназаров, Е.Би­ма­нов, Б.Есіркепов, С.Пірма­ханов сын­ды талант иелері өз еңбек­терімен өнердің сара жолын қалып­тастырды. Ал бүгінде сол таланттардың көзін көрген, тәлімін алған белгілі суретшілер Я.Ағытаев, Ш.Сәменов, Б.Айтбаев, А.Абыз­беков, Ж.Сма­­­ғұлов­тар­дың ізін жалғап Т.Сағым­баев, Д.Тойшыбаев, тағы басқалар шығармашылық ең­бектерімен танылып келеді. Алар асулары алда.

– Уақыт тауып, дидар­лас­­қаныңызға рахмет!

Таңның атуы, күннің батуынан, табиғаттың тылсым құбылыстарынан шабыт алатын суретші қолтаңбасында туған жерінің әрбір тасы, әр тал шөбі сан құбылған бояумен бедерленіп, сырға толы әлеміне жетелейді. Әсіресе, ұлттық ерекшелік, қарапайым қазақы тұрмыс-салтты көз алдыңа әкелетін «Сұлутөбе», «Талтүс», «Сырдария», «Өмір», «Тораңғылдар» атты туындылары оның ішкі жан дүниесінің толқынысы тәрізді.

Аманкелді ағамыздың жары Салтанат Қожантаева ұстаз, қолөнер шеберлігі бойынша шәкірттер тәрбиелейді. Балалары да өнерден алыс емес. Қызы Әлия – суретші, ұлы Бауыржан – сәулетші. Тіпті немерелерінің бойынан да сурет өнеріне деген ерекше қызығушылық байқалады.

Бұл күнде суретші Аманкелді Кененбаев елорда төріне орнатылатын Жалаңтөс баһадүр ескерткішін жасауға ерекше шабытпен кіріскен.

Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Аман туралы жас кезімізден білеміз. Студенттік жылдарымызда қатар өтті. Шымкент қаласында білім алды. Айналасында кілең талантты жігіттер бірге оқыды. Осындай Қайырбай Зәкіров ағамыздың ізін жалғап, өзі де ұстаздық дәрежеге жеткен жан туралы, жас ұрпаққа жеткізіп отырған жөн.

Пікір жазыңыз