«Полицейлеріміз жемқорлықтан ада»

1739

0

Кез келген мемлекет үшін құқық қорғау саласы тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің кепілі саналады. Сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің құқық қорғау саласы бірнеше кезеңдерді еңсеріп, реформалардың тезінен өтті. қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшке айналды десек, артық айтқанымыз емес. Осыны ескере отырып, Полиция күні қарсаңында облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы Сәкен Бөрібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Құқық қорғау саласындағы кадр мәселесі өте өзекті екені даусыз. Бұл салаға мемлекет ерекше көңіл бөлуде, яғни, мамандарға қолайлы жағдай жасаған сайын талап та күшейгені жөн. Қазір кадрлардың қандай қабілетіне баса назар аударылады?

– Құқық қорғау органдарына қызметке алыну үшін азаматтарға қандай талап қойылатыны арнайы нормада жазылған. Жасы он сегiзге толған, отыз бес жастан аспаған, өзiнiң жеке моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлетi, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған, резервті даярлау жөніндегі әскери дайындықтан өткен азаматтар қабылданады. Бұған қоса заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде өздерін ұсына алады. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты кемінде орта білімi бар азаматтар, орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіптік, жоғары білімi бар азаматтар алынады. Барлық процесс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда көрсетілген тәртіппен жүзеге асырылады. Қазір мамандардың санынан бұрын сапасына назар аударамыз. Ішкі істер министрінің бұйрығымен өңірімізде штат саны қысқартылып, қызметкерлердің айлық жалақысына 30 пайыз үстемақы төленуде. Бұл олардың өз қызметін адал атқаруына септеседі.

– Полиция жайлы жағымсыз пікір айтылып жататыны жасырын емес. Бүгінде құқық қорғаушылар жемқорлықтан өздерін қаншалықты алыс ұстап жүр. Әр маманды қалай бақылауға аласыздар?

– Баспасөз құралдарында немесе әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлеріне қатысты сыни бағыттағы ақпараттар шығып жатса, міндетті түрде тексеру жұмыстары жүргізіледі. Егер бір қызметкер заңға қайшы әрекетке барса, жауапкершіліктен құтыла алмайды. Адалдық – басты принцип. Осылайша біз қызметкерлерге бәрін өзімізден бастауымыз тиіс екенін ұғындырамыз. Бүгінде жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдан бастап барлық қала, аудандарға іссапар ұйымдастырылып, жеке құраммен, олардың ата-аналарымен және жұбайларымен кездесулер өткіздік. Кездесудің мақсаты – қызметкерлердің тұрмысындағы проблемалық мәселелер, басшылық тарапынан берілетін заңсыз тапсырмалардың алдын алу, басқа да заңсыз әрекеттерді болдырмау. Осылайша, әр қызметкердің жағдайын саралап отырамыз.

Қазір әлеуметтік желіде полицейлердің ата-аналарының басын қосқан чаттарымыз бар, онда проблемалық мәселелер ылғи талқыланып отырады. Соның арқасында биыл полиция қызметкерлеріне қатысты бірде-бір сыбайлас жемқорлық ісі тіркелген жоқ. Қылмыс жасаған болса, қызметкерлер ішкі істер органдарынан шығарылып, олардың тікелей бастықтары мен жауапты қызметкерлері қатаң тәртіптік жазаға тартылады.

Рас, жемқорлық – күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Қазір біз салдарымен емес, себебімен күресеміз, әркез талдау жасалады. Ол үшін полицияның ашықтығы қажет. Себебі полицияның ашықтығы сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі қағидаттардың бірі болып отыр.

Бұған қоса былтыр қаңтардан бастап Мемлекет басшысы бекіткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру үшін ішкі істер органдарының қызметкерлерін Integrity Check парасаттылығына тексеру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жобаның жүзеге асырылуы полиция қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне септігін тигізбек, яғни, қызметкерлердің адалдығын өзгеден бұрын өзіміз тексеріп, жемқорлықтың алдын алуға тырысып отырамыз.

– Құқық қорғау саласы ілгері басқанымен, қылмыс та азаймай жатқан тәрізді көрінеді. Сонда полицейлер қылмыстың салдарымен ғана күресіп жүр ме, қандай алдын алу шаралары атқарылуда?

– Полиция қызметкерлерінің атқарылып жатқан жұмыстарының нәтижесі мен кемшіліктері жедел кеңестерде талқыланады. Оның барысында басым бағыттар айқындалады. Облыс көлемінде қылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар ылғи өткізіледі. Мұның бәрі нәтижесіз емес. Қолға алған шаралардың арқасында қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеп келеді. Қазір өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Бұл – кешенді әрі уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесі. Мысал ретінде айтар болсам, биыл аса ауыр қылмыстар 61,3, ұрлық 28,5, пәтер тонау 24, мал ұрлығы 53,8 пайызға төмендеді. Осы фактілерге қарап отырып, жұмыстар нәтижесіз деп айта алмаймыз.

– Еліміз үшін құқықтық мәдениеттің қалыптасуы аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда полицейлеріміз қоғамға үлгі бола ала ма?

– Полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру мен оларға халықтың сенімін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде интернет кеңістігінде материалдар үнемі жарияланады. Ол жерде істеген жұмыстарымыздың нәтижесін, қалай көмек алуға болатынын түсіндіреміз. Демек, біз үлгі болуға, ел сенімінен шығуға ниеттеніп отырамыз. Сенім үдесінен шыға білген қызметкерлеріміз аз емес. Қай кезде болмасын, полиция қызметкерлері антына адал, азаматтардың тыныштығын сақтап, көмекке келуге әзір. Осы қиын да қатерлі қызмет жолында өз өмірін құрбан еткен полицейлер бар. Соның бірі – небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев. Ол ерлікпен қаза тапқан соң, Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік «Айбын» орденімен марапатталды. Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне қойылды. Ол оқыған № 131 орта мектеп ауласында ескерткіш орнатылып, мектепке аты берілді.

Осы тұста «Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын» жеке құрамға таныстырып, басты талаптарын түсіндіруді бастап кеткенімізді айтқым келеді. Жалпы, бұл жобаның үш стратегиялық бағыты бар: азаматтардың өмірі, денсаулығы, мүлкін қорғау деңгейін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру; полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру. Бұл тұжырымдамада «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес келетін қоғамның нақты сұраныстары да ескерілген. Мәселен, полиция департаментінің басшылық құрамы үнемі азаматтарды қабылдап отырады. Алдын ала қабылдауға жазылады, келеді, басшылыққа проблемаларын ашық айтады. Ал біз оның шешу жолдарын көрсетіп, қызметкерлерге нақты тапсырма береміз. Осы арқылы мәселесі шешімін тауып, ризашылығын білдірген адамдар жетерлік.   

– Кеңес дәуірінде милиция қатал кейіпке еніп, жағымсыз сипат алды. Ал қазір құқық қорғаушыларымыз қатал ма, қайырымды ма?

– Қызметтік бағыттан бөлек, қайырымды істерге де ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, қайырымдылық акциясы шеңберінде облыстық полиция департаментінің ардагерлер кеңесімен бірлесіп, қорға аударылған бір күндік жалақы есебінен кадр саясаты басқармасы, қалалық полиция басқармасы мен барлық аудандық полиция бөлімінің ұжымы тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға үнемі қолдау көрсетіп, азық-түлік, басқа да тұрмысқа қажетті заттар үлестіріп тұрамыз. Қазір барлық сала ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануда. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берді десек, жансақ айтпаймыз. Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсетіп, көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналғанда ғана сала жұмысы нәтижелі болатыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<