Қиырдағы қазақтар – қазақ халқының құрамдас бөлігі

3214

0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Отандастар» қорының негізгі міндеті – қиырдағы және атамекеніне табан тіреген қазақтардың мүддесін қорғау.

Осы орайда қандастарымызды қолдау шаралары, олардың басты мәселелері мен ұйымның жұмысы туралы «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасовпен әңгіме өрбіттік.


Жаһандық пандемия шеттегі қазақтармен қарым-қатынасқа, оның ішінде көші-қонға қалай әсер етті?


– Алдымен, шет елдегі қандастарымыздың індет шарпып тұрған тұста атажұрттағы аға­йынға көрсеткен жанашырлығы туралы айтайын. Еуропа, Түркия, Қытай қазақтары бізге ұйымдасқан түрде медициналық бұйымдар, өкпені жасанды желдету құрылғылары бар гуманитарлық көмек жіберді. Осы орайда кең жүректі бауырларымызға алғыс білдіреміз.

Әрине, жаһандық пандемияның кесірінен мемлекетаралық шекаралар жабылды. Осыдан келіп көші-қон көрсеткіші төмендеді. Репатрианттар саны 2018 жылы – 14541, 2019 жылы – 17661, 2020 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша 12311 болды. Алайда, қарым-қатынас үзілген жоқ. Озық технология көмегімен олардың мәдени-гуманитарлық сұранысын қанағаттандыру, ұлттық бірегейлікті сақтау, жастармен қарым-қатынас­ты нығайту, білім беру бағыттарында жұмыс атқарылды.


Біздің жұмыстың негізгі бағыт­тарының бірі – шеттегі ағайынды қазақтың төл мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныс­тыру ар­қылы оларда Қазақстан туралы жағымды, тартымды көзқарас қалыптастыру. Бұл міндеттерді іске асыруда маңызды роль енді құрылып жатқан «Abaı Úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйлеріне тиесілі. Ол сырттағы қазақтардың мәдени бірлестіктерін біріктіріп, бірыңғай желісін құру арқылы жұмыс істейтін іргелі орталық болмақ.
Биыл 26 мемлекеттегі отандастардың қатысуымен 5800-ден астам адамды қамтыған 13 онлайн шара, 6 онлайн жоба өтті. 9 мемлекеттегі қазақ мәдени ұйымдарымен ынтымақтастық туралы 17 меморандумға қол қойылды. Бұл бірлескен іс-шараларды өткізуде серіктестік қатынасты нығайтуға, шет елдердегі қазақ мәдени бірлестіктерінің қазақ мәдениетін, дәстүрін, тілін дамыту қызметінің белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Қоғам жұмысын жүйелеп, тиімділігін арттыру үшін бірқатар облыс әкімдіктеріне шет елдегі қазақтардың ұйымдарына қамқорлық көрсету жауапкершілігі қоса жүктелді.
Биылғы ауқымды шаралардың бірі – карантин режиміне байланысты ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алмаған дайындық бөліміндегі студенттердің сынақты онлайн режимде тапсыруы. Алғашқы онлайн тестке шет елде қалып қойған 733 талапкер қатысты. Сыннан сүрінбей өткендері жоғары оқу ордаларының білім грантына ие болды.


Тәуелсіздік алғалы қанша адам тарихи отанына оралды? Олар демографияға қандай үлес қосты?


– Сарапшылар нөлдік көші-қон кезінде туу көрсеткішінің төмен­деуі есебінен табиғи өсім біртіндеп қысқаратынын алға тартып отыр. 1991-2018 жылдар аралығында эмиграцияланғандар, яғни шет ел асқандар саны 3,7 миллионнан көп екенін ескерсек, еліміздің демографиялық болашағы мүлдем бұлыңғыр болып көрінері сөзсіз. Қазақстан үшін басты қауіп – елден көшу. Тұрақты қоныс аударғандардың 43,8%-і – 15 пен 34 жасқа дейінгі жастар. Бұл еңбек ресурс­тарының тұрақты азаюын сипаттайды. Аталған факторлар бала туу өсіміне, мақсатты миграциялық саясатты іске асыруға бағытталған демографиялық ахуалды тұрақтандырудың жаңа тетіктері мен әдіс­терін ұсынуды талап етеді.


Кейбір сарапшылардың сөзінше, шет елдерде 7 миллионға жуық қазақ тұрады. Демографиялық аспектіде бұл – зор әлеует. Осы ресурсты біз дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес 1991 жылдан бастап келген этникалық репатрианттар саны 1 миллионнан асты. Олар тәуелсіздік жылдары теріс көші-қон сальдосының деңгейін 28%-ке төмендетуге септігін тигізді. Елге оралған қандастарымыздың демографиялық үлесін нақты айту қиын. Себебі бұған дейін зерттеу жүргізілмеген. Олқылықтың орнын толтыруға келесі жылдан бастап кіріспекпіз. Нақты айтқанда, қандастардың бала туу, өлім-жітім көрсеткішіне, отбасы құрылымына, ішкі көші-қон мен халықтың табиғи қозғалысына ықпал ететін басқа да факторларға, өңірлер бойынша репатрианттар мен жергілікті халықтың табиғи өсімінің арақатынасына салыстырмалы талдау жүргіземіз. Қалай болғанда да олар еліміздің демографиялық ахуалын айтарлықтай оңалтпаса да, зияны тимегені анық.


Қай мемлекеттерден көбірек көшіп келді? Оларды аймақтарға қалай бөледі?


– 2018 жылғы мәлімет бо­йынша репатрианттардың негізгі шығу елдері – Өзбекстан (61,6%), Қытай (12,1%), Моңғолия (11,7%), Түркіменстан (7,1%). Көпшілігі Түркістан (21,6%), Алматы (16,8%), Маңғыстау (13%), Жамбыл (9,3%) облыстарына қоныстанды. Оларды солтүстік облыстарға орнықтыру туралы 2016 жылғы Үкімет қаулысы бекітілгенге дейін репатрианттар қоныс аударатын өңірді өздері таңдауға құқылы болды. Сөйтіп, қандастарымыздың басым бөлігі оңтүстік пен батыс аймақтарға барды.
Қазіргі уақытта квота негізінде қоныстандыру қатаң түрде Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізіліп жатыр. Себебі соңғы бес жылда квота белгіленген осы 7 облыстан 113243 адам немесе эмигранттардың 60%-і кетті. Сырт­қы көші-қон сальдосының теріс қарқынын ескерсек, бұл – жыл сайын Қазақстаннан кететіндердің орта есеппен 9%-і немесе 38 мың адам. Елді мекендердің де популяциялық проблемасы барған сайын маңызды бола түсуде және таяу болашақта да өткір мәселе күйінде қала бермек. Сыртқы көші-қон еңбекке қабілетті экономикалық белсенді халықтың кетуімен сипатталатынын да түсіну керек.
Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысын мысалға алайық. Тайынша ауданының Жаңа дәуір, М.Жұмабаев ауданының Сартомар, Есіл ауданының Петровка сияқты елді мекендерінде үй-жайлар, жа­йылымдық жерлер босап жатыр. Адамдар мүлдем азайып, орта мектептер жабылып, тек бастауыш сыныптар ғана қалуда. Бұл тізімге Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау аудандарын қосуға болады.


Жоғарыда аталған 7 облыста биыл 1378 этникалық қазақ үшін квота бөлінді. Квота 2017 жылдан бастап бұрынғыдай отбасы емес, адам санына қарай белгіленіп отыр. Бұл – мемлекет квотасы және өте аз. Мысалы, 2003-2007 жылдар аралығында квотаның жалпы саны 60 мың отбасыға деп есептеліп, 250 мың адам отанына оралды. Сол кезеңде жыл сайын шамамен 50 мыңнан астам адам атамекенмен қауышқан. Квоталық негізде қандастар мемлекет жеңілдігіне қол жеткізе алады. Отандастардың басым көпшілігі қоныстану үшін табиғи-климаттық, экономикалық факторлар негізінде өмір сүруге қолайлы аймақтарды, яғни оңтүстік өңірлерді таңдауда. Әрине, бұл үрдіс­терді өзгертуге болады. Бірақ ол үшін солтүстік облыстарға орнықтыру үшін берілетін мемлекеттік қолдау шараларын едәуір күшейту керек.


Соңғы жылдары ұлы көш саябырсып қалған сияқты. Неге?


– Көші-қонның теріс сальдосына, репатриация көрсеткішінің төмендеуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, 2006 жылы, сол кезде көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған салалық бағдарламасы тиімді жұмыс істегеніне қарамастан, көші-қон саясатының іріктемелі әдіске негізделген 2007-2015 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Бұл репатрианттар қарқынын төмендетудің алғашқы қадамы еді, яғни мемлекет шетелдік қазақтарды жаппай көшірудің орнына іріктеп көшірді.


Екіншіден, Үкіметтің репат­рианттар алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамауы жиі­леп кетті. Алынған қаражат тұрғын үй сатып алу үшін жеткіліксіз болды. Бұл репатрианттар алдындағы қарызға алып келді.


Үшіншіден, 2012 жылы репат­рианттар үшін 2011-2014 жылдарға арналған квоталарды айқындау туралы Үкімет қаулысы ерекше өкім қабылданғанға дейін кері қайтарылды. Мәселен, 2012 жылдан 2016 жылға дейін этникалық қазақтарды қоныс аудару үшін квота мүлдем белгіленген жоқ. Мемлекет осылайша репатрианттарды әлеуметтік қолдау шараларынан мүлдем бас тартты.
Демографтардың пікірінше, қазіргі уақытта қазақтардың таза рухани негіздегі көші-қондық көңіл-күйі біртіндеп төмендей бастаған. Бұл миграциялық әлеуеттің сарқылғанын білдірмейді. Біздің пайымымызша, тарихи, этникалық отанына қайтуға бағытталған этникалық миграция жұмыс орындары мен тұрмыстық жағда­йын жақсарту мүмкіндіктерімен байланысты, экономикалық маз­мұнға ие. Демек, болашақ миграциялық лекті болжауда ішкі жалпы өнім көрсеткішін ескеру қажет.


Дүниежүзілік банктің мәлі­метіне қарасақ, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жөнінен Қазақстан Ресейден аздап артта қалып келеді. Ал Қытай бізден озып барады. 2010 жылы Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі Қытайдан екі есе жоғары болса, 2017 жылы көрсеткіш теңеліп, соңғы жылдары артта қалды. Бұл этникалық қазақтардың Қазақстанға қоныс аудару туралы шешіміне теріс ықпал етуі мүмкін. Солай бола тұра, Қытайдан Қазақстанға қоныс аударуға ниетті ағайын саны жылдан-жылға өсіп келеді. Өзбекстан мен Монғолияға қатыс­ты ішкі жалпы өнім көрсеткіші Қазақстан үшін әзірше ұтымды айырмамен сақталып отыр.


Көшіп келушілерді жаңа ортаға бейімдеудің, үй-жаймен, жұмыспен қамтудың қандай мүмкіндіктері қарастырылған?


– Этникалық көші-қонды ынталандырудағы ең басты мәселе – келушілерді тұрғын үймен қамту. Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бір отбасына тұрғын үйді жалға немесе сатып алуға жұмсалатын шығын 15-30 АЕК, яғни 500 мың (180 АЕК) мен 1 миллион (360 АЕК) теңге аралығында. Қазіргі нарықтағы баға бойынша Қазақстанның солтүстік өңірлерінде бір отбасына шаққандағы баспана құны орта есеппен 2,6-5 млн теңге шамасында. Бұл шаралар тұрғын үй сатып алу проблемасын шешпейді. Мемлекет арқылы тұрғын үй сатып алуға көзделген шығын осы өңірлердегі тұрғын үйдің ең төменгі құнынан екі есе аз.


Шет елдегі қазақтарды репат­риациялау ісінде түпкілікті шешім қабылдауға тікелей әсер ететін тағы бір маңызды фактор – көтерме және басқа да өтемақы. Бізде қарастырылған бірреттік көтерме жәрдемақы – отбасының әр мүшесі үшін 35 АЕК. 4 адамнан тұратын бір отбасына 140 АЕК (2778 теңге), бұл – 388920 теңге. 22 қазандағы Президент тапсырмасына сәйкес оны екі есеге ұлғайтқанның өзінде бұл көрсеткіштің мотивациялық әлеуеті өте төмен. Бұл ретте құжат рәсімдеу, жол жүру, жеке мүлікті алып жүруге өтемақы қаралмаған.


Келушілерді жұмыспен қамту мәселесіне келсек, оларды жаппай бюджеттік ұйымдарға орналастыру мүмкін емес. Өйткені Моңғолия, Қытай, Өзбекстан қазақтары көбіне дәстүрлі шаруашылық жүргізу дағдылары мен тәсілдерін сақтап қалған. Сырттағы қазақтардың тұрғылықты елдерінде титулдық ұлт саналмауы, мемлекеттік қолдау­дың түрлі шараларына басым түрде иелік етпеуі оларды экономикалық белсенді болуға және тіршілік етудің өзіндік ұстанымын қалыптастыруға жетелеген. Олар кәсіпкерлік бастамашылдық пен экономикалық дербестік ерекшеліктеріне сәйкес бәсекелестік орта мен бизнес бастамаларын іске асыруға бұрыннан ынталы.


Осыған байланысты біз қандастар мемлекеттің бюджеттік шығыны ғана емес екенін түсін­уіміз керек. Әлеуметтік-демографиялық құрамы бойынша сараласақ, олардың 62,7%-і – еңбекке қабілеттілер, 30,7%-і – жасөспірімдер мен балалар, 6,6%-і – зейнет жасындағылар. Қандастар еңбегін, әсіресе, «қарапа­йым заттар экономикасын» ілгері жылжытуда қолдануға болады.


«Отандастар қоры» қо­ғамының мамандары осы орайда репатрианттарға мынадай мүмкіндіктер жасауды ұсынып отыр:


1) «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға:

жаңа жұмыс орындарын құру барысында 20% мөлшерінде;

ауыл шаруашылығын дамыту үшін бизнеске кредит беру кезінде субсидияның жалпы сомасының 20%-і мөлшерінде квота бөлу.


2) Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша:

мал шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жайылым бөлуде ұзақ мерзімді жалдау шарттарымен 500 гектардан 1000 гектарға дейін жайылымдық алқап беру;

бордақылау алаңы, жылыжай шаруашылығын дамыту түрінде жеке қосалқы шаруашылықпен және тағы басқамен айналысқысы келетіндерге ұзақ мерзімді жалдау шартымен 15-30 сотық жер беру.
Бұларды іске асыру мемлекеттік органдардың құзырында. Алдағы уақытта ұсыныс қолдау табады деген үміттеміз.


Жалпы, кейбір облыстардың әкімдері жеңілдік қашан болады деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мемлекеттік бағдарламадан тыс келушілерді үй-жаймен қамтамасыз ету амалдарын іске асыруда. Оңтүстік аймақтар мен шет елдерден қоныс аударушыларға арнап былтыр 428 үй салынған. Баспаналы болғандар қатарында 76 қандас отбасы бар. Биыл 688 жаңа үй салынып жатыр, оларға 34 отбасы көшірілді. Соның 3-і – қандас отбасылар. Үйлер 20 жылға дейін жалға беріледі. Ай са­йынғы жалдау ақысы – 10 мың теңге және 5 жыл өткен соң сатып алуға құқығы бар.


Қиырдағы қазақтардың басты қайғысы не? Бізден артықшылықтары туралы да білсек…


– Шеттегі қазақтар – қазақ халқының құрамдас бөлігі. Олардың бірыңғай тарихи және этникалық отаны – Қазақстан. Шет ел мен Қазақстандағы қазақтар жергілікті өзгешеліктері бола тұра, бір мәдениетке, дінге және тілге ие. Шетелдік қазақтарды қолдау саясаты соңғы уақытта қазақ тілін қолдану салаларының тарылуына және шет елде тұратын қазақтардың ұлттық өзіндік болмысының біртіндеп жоғалуына, олардың ассимиляциялануына байланысты айтарлықтай өзекті.


Сарапшылардың пікірінше, ассимиляция нәтижесінде біз алдағы 10-15 жылда қазақ ұлтының құрамдас бөлігі ретіндегі шет ел қазақтарынан айырылуымыз мүмкін. Олар қазақ ұлтының ажырамас бөлігі ретінде бізге керек. Сондықтан алыстағы ағайынға қазақ тілін үйрету, олардың арасында ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, бір сөзбен айтқанда, қазақы рухты оятып, ұлттық бірегейлікті сақтау маңызды.


Мекендеген елдерінде оларды негізінен екі топқа бөлуге болады – диаспора және автохтонды тұрғындар. Соның ішінде саяси (соғыс, көтеріліс, репрессия, ­ұлттық-азаттық қозғалыстар), діни (діни негізде қудалау, мешіттерді бұзу), экономикалық (дәстүрлі көшпелі шаруа­шылықтың бұзылуы, малды тәркілеу) себептермен сипатталатын күштеп немесе мәжбүрлі қоныс аудару нәтижесінде қалыптасқан қазақ диаспорасының саны едәуір аз және 1 миллионнан аспайды. Шет елдерде тұратын қазақтардың басым бөлігі – шекаралас Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия сынды мемлекеттердің автохтонды тұрғындары. Тәуелсіздік жылдары олардың қатары алыс-жақын елдерге еңбек ету, оқу және басқа да себептермен қоныс аударған ­мигранттармен толығып отырды.
Бұл елдердегі қазақтардың ұлттық бірегейлігінің сақталу деңгейі әртүрлі. Мысалы, Қытай, Моңғолия қазақтарының этникалық сақталу деңгейі жоғары. Ресейде салыстыр­малы түрде төмен.

Алайда, соңғы кездері бұл мемлекеттердегі этникалық азшылықтарға қатысты мемлекеттік саясат шаралары – ұлттық мектептер, ана тілінде оқыту, байланысу мен білім алудың күрт қысқаруы қазақтардың этникалық бірлік ретінде сақталу болашағының бұлыңғыр екенін көрсетеді.


Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы барда «Отандастар қоры» қоғамын құрудың қандай қажеттілігі болды?


– Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы – қоғамдық ұйым. Сондықтан мемлекет бюджетінен қаржы алмайды. «Отандастар қоры» қоғамын құру себебі – қауымдастық бастамаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету. Осыған байланысты Елбасы бас­тамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы шешім қабылданды. Қаржыландыру «Отандастар қоры» қоғамы арқылы ғана жүреді. Өйткені қоғамның негізгі құрылтайшылары – Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктері. Сондықтан екі ұйым арасындағы жұмыс форматы тиімді және болашақта саланы дамытудың негізгі көзіне айналады. Мұндай жұмыстың нәтижесі де айқын.


Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<