Сығанақ қышында не құпия бар?

1972

0

Сығанақ қалашығынан жергілікті археологтар мен өлкетанушылар талай құнды мәліметті анықтады. Осы орайда тарихшы-өлкетанушы Әлімжан Ержановпен Сығанақ шаһары жайында ой бөліскен едік.

– Сыр өңірінде көне қалалар баршылық. Тарихшы-өлкентанушы ретінде сол құндылықтарды елге таныстыруға күш салып жүрсіз. Сол тарихи шаһарлардың біршамасы Жаңақорған топырағында жатыр. Қазірге дейін Сығанақтың құрылысына байланысты қандай мәліметтер анықталды?

– Біздің өңірде орта ғасырларда тұрғызылған ғимараттар аз емес. Аркук, Аққорған, Өзгент, Сығанақ қалаларында уақытысында көптеген медресе, мешіт, мавзолей, түрлі сарай, мұнара бой көтергенін білеміз. Өкініштісі, олардың көбісі бүгінде үйіндіге айналған. Қараусыз қалғаннан тозып кетті. Қайсыбір жылдары көне шаһарлар құлап жатса да, ешкім назар аудара қойған жоқ. Енді бірі қолдан бұзылды.

Ортағасырлық кезең ғимараттары қалдықтарын көне Сығанақ қаласының орнынан көруге болады. Қала орнында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бірнеше мавзолейдің орны ашылды. Өткен ғасырдың 30-жылдарында Шиелі ауданына жер аударылып келгендер баспана тұрғызу үшін көне ғимараттарды бұзып алып кетті. Қыштарын пайдаланды. Соның салдарынан Сығанақ шаһарындағы ескерткіштер толығымен бұзылып кетті.

– Сығанақта табылған қыштан қандай деректер мен мәліметтерді байқауға болады?

– Қала орнында сол қыштар үйінді болып шашылып жатыр. Кейбір ғимараттардың қышынан шаһардың соңғы тұрғындары да ХVIII-XIX ғасырларда шағын үйлер тұрғызып, сонда өмір сүргенін аңғару қиын емес.

Негізінде қыш жасау технологиясы көп жұмыс қолы мен уақытты қажет еткен. Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің қышы мен керамикасына зерттеу жүргізген ғалым Софья Тәкібаева «Көгілдір күмбездің құпиясы» атты еңбегінде оның технологиясына байланысты көптеген мәліметтер келтірді. «Ахмет Ясауи мавзолейі кірпішінің жасалуы қарапайым көрінеді. Бірақ, технологиялық дайындауда әр операцияның өзіне тән қыр-сыры болған. Кірпіш дайындаудың бірінші сатысында таңдалған жерді тазалауда бірде-бір тамыр, өсімдік сабағын қалдырмау керек. Осындай тазаланған алаңнан шұңқыр қазылады, топырақты әбден майдалап су құйып тастайды да, кетпенмен араластырып аяқпен езгілейді. Лай бетіндегі суды тері қаппен құйып алып қайтадан таза су құяды. Бұл не үшін керек? Бұл кірпішті күйдіргенде оны бұзбас үшін топырақ құрамындағы тұзды ерітіп жуу үшін қажет. Лай дайындаудың соңғы сатысында құрамына шөп, аттың қылын, жүн майдалап, ұсақтап қосады» деп жазады.

Қысқа қарай дайындалған лайды кетпенмен бір жерге төбе қылып үйіп, көктемге дейін қалдырады. Ұзақ уақыт жинап қойғасын лай тығыздалады. Көктем шыға кесек дайындау басталады. Алаң қызу жұмысқа толатын. Шеберлер кесек құю технологиясын үнемі бақылауда ұстаған. Көмекшілері мен жұмысшылар өз біліктілігіне қарай жұмыс істеген. Біреулер ағаш қалыптарды лаймен толтырып бетін тегістеп отырса, екіншілері сол қалыптарды тегістеп дайындалған алаңға қатарлап аударып отырған. Кептіру уақыты ауаның температурасы мен ылғалдығына байланысты.

Кірпіштер қажеттілігіне қарай әртүрлі формада және көлемде әзірленді. Көпшілігі қалыңдығы 50-60 мм, көлемі 240 мм-ден 460 мм-ге жететін, салмағы жеті килограмм кірпіш болды. Бір қызығы, кірпіштерде алақан мен саусақ ізі кездеседі. Адамның саусақ іздерінің анықтығы сондай содан бері ғасырлар емес, бірнеше күн ғана өткендей сезіледі.

Бала күнімізде бәріміз де лайдан неше түрлі мүсіндер жасадық. Алайда, күнге кептірілгеннен кейін бұл мүсіндер жарылып кететін. Ал Ахмет Ясауи кесенесіндегі кесектерде жарылған із жоқ. Бұл кірпіш лайының аса ыждағаттылықпен дайындалғандығын көрсетеді. Лай құрамына қосылған шөпшек, жылқы қылы, жүн арматураның жұмысын атқарып, кесектің жарылуына жол бермеді.

Кептірілген кірпіштер арнайы қолдан жасалған ошақтарда күйдірілді. Сыртқы кейпі үстінде тесігі бар аударылған қазан формасында болды.

– Қышты күйдіруде қандай технологияны пайдаланған?

– Жаңа атап өткен ошақтарда Орта Азияда әлі күнге дейін нан, самса пісіріледі. Ошаққа бізге беймәлім арнайы отын пайдаланған. Аңызға сүйенсек, кейбір деректерде 1000-1100 градусқа дейін күйдіретін тамырлы шөп туралы айтылады. Ол шөп Түркістан маңында сол кезде өскен деген болжам бар. Керекті жоғары температураға жеткізу үшін жел үрлеп отыратын арнайы жасалған ошақтар болған. Ауызша жеткен мәліметтерге сүйенсек, үлкен кірпіштерді ойпаттау жерге жинап, үстіне отын үйіп бірнеше күн жағып күйдірген.

– Кірпіштің мықты болуы үшін не қосылған?

– Оларды күйдіргенде қосылған шөпшек, жылқы қылы, жүн, отқа күйіп, кірпіш ішінде қуыстар пайда болады. Бұл қуыстар кірпіш салмағын жеңілдетіп төзімділігін арттыра түседі.

Ғалым Софья Тәкібаеваның еңбегінде кірпіш күйдіруге қандай ағаш пайдаланғанын анықтап көрсетпеген. Менің ойымша, бұл сексеуіл және шеңгел секілді. Себебі, сексеуіл жоғарыда айтылғандай, 1000-1100 градусқа дейінгі температураға жетеді. Сексеуілден көмір дайындап, темір ұсталары күні кешегіге дейін темір қыздырып соққан. Ал темірді қыздыру үшін 800-1100 градус аралығында температура қажет. Сондықтан қыш күйдіретін пештерде арнайы жел үрлеу арқылы, осы сексеуілді пайдаланып, керекті температураға жеткізіп отырған. Өңірде өсетін шеңгел де және оның тамыры сексеуілден кем емес жоғары қызу береді. Бұл өсімдіктер біздің өңірде көп өседі.

– Ата-бабамыз салған сол құнды дүниелер күні кешеге дейін жетті. Осының өзі олардың сапалы салынғанын көрсетеді емес пе?

– Уақытысында Сығанақтың айналасында көптеген ғимарат бой көтерген. Солардың бірі – Көккесене. Көккесененің орны бүгінде Жаңақорған ауданындағы Қожамберді ауылының шетіндегі зиратта үйінді болып жатыр. Ғимарат кезінде күйдірілген қыштан тұрғызылған. Кешегі күнге дейін мұнда одан бөлек ғимараттардың орнын байқауға болатын еді. Уақытысында бұлар да кесене ретінде тұрғызылған секілді. Бүгінде айналасына адамдар жерленіп, ғимараттардың орны жоғалып кеткен. Оларды тұрғызу үшін көп қыш кетеді. Ал қыш дайындап күйдіру – көп жұмыс. Ол заманда көлік мәселесі қиын болғанын бәріміз білеміз. Сондықтан қышты құрылыстан алыс емес жерде дайындайтын болған. Оған қоса жергілікті жердің топырағы да қыш жасауға жарамды болған секілді. Себебі, кез келген топырақ қыш жасауға жарамайды. Оның құрамында біріктіретін заттар болуы керек. Кептіріп күйдіргенде жарылмас үшін құрамында тұз болмауы тиіс.

– Енді Сығанақтың төңірегінде ой қозғасақ. Бұл аумақта қыш дайындау қалай жүргізілген?

– Қала маңындағы жердің топырағы қыш жасауға жарамды болған. Қазір Сығанақтың айналасы егістік алқаптарға толып кетті. Каналдар жүргізіліп, күріш егілді. Түрлі тыңайтқыш, химиялық заттар пайдаланылды. Жерасты суының деңгейі жоғарылады, яғни, жер бетіне жақындап, сор басты. Осының әсерінен қала орнындағы аршылып жатқан көне ғимараттар қабырғасындағы қыштарды тұз жеп, тез бұзылуда. Кейбір ғимараттардың сыртын ою-өрнегі және түрлі-түсті бояуы бар қыш-қаптамамен сәндеген. Көбінесе қыштар көгілдір бояумен өрнектелген. Кейбірінде қасқыр, теке және өзге жануарлардың іздері басылған. Бұл іздерге байланысты түрлі пікір бар. Біреулер оны жануарлар қышты кептіру кезінде байқаусызда басып кеткен дейді. Енді біреуі сол замандағы адамдардың ырымшылдығына, наным-сеніміне байланысты әдейілеп таңба ретінде басылған дейді. Қалай десек те, қыштарда бүгінде есімі белгісіз ұсталар немесе олардың қарапайым көмекшілерінің қол ізі жүздеген жылдар бойы сақталып келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<