Ташкенттегі тағылымы мол жиын

1358

0

Өзбекстанның Ташкент қаласында Министрлер кабинеті жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, саяси тұлға, педагог-ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың туғанына 145 жыл толуына арналған «Орталық Азиядағы жәдитшілік феномені: Тұлғалар мен тағдырлар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Сыр өңірінен шыққан көрнекті тұлғаларды ұлықтауға арналған халықаралық жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов бастаған, құрамында зиялы қауым өкілдері, профессор-ғалымдар, зерттеушілер, туған-туыстары және БАҚ өкілдері бар арнайы делегация қатысты. Сондай-ақ конференция қонақтары Самарқан қаласындағы мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен саяси қайраткер, заңгер, шығыстанушы Сералы Лапинге арналған ғылыми-танымдық дөңгелек үстел жиынында бас қосты. Іс-шара аясында Қоңырқожа Қожықов пен Сералы Лапиннің шығармашылығы мен өмірін суреттейтін фотокөрме ұйымдастырылды.

Осы делегация құрамында болған өлкетанушы Жұмабай Байзақұлымен әңгімелесіп,  келелі жиыннан алған әсері жайлы сыр тартқан едік.

–Ташкент қаласында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қ.Қожықов, С.Лапиннің тұлғасын танытуда маңызды іс-шаралар атқарылғанынан хабардармыз. Жалпы бүгінгі ұрпақ білуі тиіс, Қ.Қожықов, С.Лапин кім?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Өйткені жас ұрпақ Қоңырқожа Қожықов, Сералы Лапиннің кім екенін біле бермейді. Әлбетте, оған біз, аға ұрпақ өкілдері жауаптымыз.

Ең негізгісі, ХІХ ғасырдың аяғынан бастап бүкіл түркі әлемінде дәстүрлі діни білім берудің керітартпа саясатына қарсы И.Гаспиринский деген азамат білім саласын жадиттендіру, яғни жаңашаландыру жөніндегі ұсыныс көтерді. Осының ізінде Өзбекстаннан Махмуд-қожа Бекбуди дейтін кісі «Әліппені» жарыққа шығарды. Ал 1912 жылы Қоңырқожа Қожықов қазақ балаларына арнап «Әліппе» және оның хрестоматиясын қоса жазды. Оның ерекшелігі, мысалы, араб алфавитінде дауысты дыбыстар пайдаланыла бермейді, орнына бөлек белгілер қолданылады. Ал Қоңырқожа «а», «й», «о» сияқты дауысты дыбыстарды қамти отырып, өз алдына жазды. Бұл оқулық діни мектептердегі қазақ балаларына оқу  жылдамдығын екі-үш жылға жылдамдатып, екі жылда еркін меңгеріп оқуға мүмкіндік берді. Міне, ең негізгі еңбегі – осы, жадитшілік, яғни діни оқытуда  заманауи еуропалық үлгідегі мектептерге жаратылыстану пәндерін қоса оқыту сияқты жаңалықтардың басында болғандығы. Қоңырқожаның тағы бір ерекшелігі, 1920 жылы Ташкентте жүргенде (ол кезде Қазақстанда жоғары оқу орны болмаған) ең бірінші рет жоғары оқу орындарының ережелерін және оның оқыту методикасын дайындаған. Осылайша КИНО (Казахский институт народного образование) оқу орнының негізін қалады. Оған 1925-1928 жылдары С.Сейфуллин басшылық етсе, кейін А.Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғалар қызмет атқарған. Сондықтан Қ.Қожықовты ағартушы-ғалым ретінде бағалауымыз керек.

Ал Сералы Лапинге келсек,  ең негізгі еңбегі – 1895 жылы Самарқан қаласындағы тарихи ескерткіштердегі ескі араб жазуларын орысшаға аударған шығыстанушы ғалым. Мысалы, Гур-Әмір, Шаһи-Зинда кешендері, Көкілташ медресесі және тағы басқа архитектуралық ескерткіштердегі ескі араб жазуларын орысшаға аударған. Күллі Орта Азияның тарихи жауһарларына жататын архитектуралық кешендердің іргетасы қаланған уақытын анықтап, бұған дейін беймәлім тарихтың жаңа бетін ашып берді. Регистан ансамбліндегі Ширдор, Тіллә-Қари медреселерін Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын анықтап, ғылыми айналымға енгізген. Тіпті Гур-Әмір кешенінің басындағы құлпытасты аудару үшін ақсақ Темірдің, Шыңғысханның шежіресіне дейін зерттеп, хаттап бүгінге жеткізген. Бұл ол кісінің шығыстанушы ғалым ретіндегі үлкен еңбегі деп білеміз. Сонымен қатар, 4 мың сөзден тұратын орыс-өзбек аудармасының қалтасөздігін шығарған.

Әсіресе, бірінші дүниежүзілік соғыста қолға түскен, патшалық Ресей кезінде жазықсыз жапа шеккен адамдардың құқығын қорғауда білікті заңгер ретінде көп еңбек сіңірген. Айталық, 1916 жылғы Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген жергілікті халық өкілдерін (қазақ, қырғыз, өзбек) ақтауға қатысуы Лапиннің заң қызметіндегі үлкен еңбегі саналды.

Иә, шындығында, ол – совет өкіметіне жан-тәнімен қарсы болған адам. Бүкіл 1918 жылдан бергі өмірі Германияда өтіп, біздегі 6 млн-дай түрік мұсылмандары атынан түрік басшылығына хат түсіріп, Орта Азиядағы совет өкіметін құлату жөнінде экспедиция ұйымдастырып, келісімге келуге бастама көтерген. Ұлт қайраткері Сералы Лапин туралы негізгі  деректер – осы.

– Халықаралық конференцияда қандай тарихи деректер, тың жаңалықтар айтылды?

– Конференцияда ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігі, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік, Қызылорда «Болашақ» университеттері, Астана қаласындағы Мемлекет тарихы институты, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейі, Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ, И.Гаспринский атындағы мемориалдық музейі қызметкерлері мен ғалымдары қатысып, баяндама жасады. Осы қатарда мен Қожықовтар мен Лапиндер әулеті туралы зерттеу еңбегімді назарға ұсындым.

Жиын барысында байқағанымыз, тек қызылордалықтар емес, сол Өзбекстан ғалымдарының да Қ.Қожықов, С.Лапин туралы зерттеп жатқаны біз үшін қуантарлық жағдай болды. Бұрын да солай ойлаушы едім, ойымды нықтай түстім. Бізге Қ.Қожықов пен С.Лапинді бөліп-жармай біртұтас қарау керек. Өйткені олардың туыстық қарым-қатынасы ғана емес, жалпы алғанда, Орта Азиядағы ағартушылық, білім берудегі жадитшілдік, яғни жаңартушылық принциптері де ортақ. Тағы бір тың жаңалық деуге болады, конференцияда баяндама жасаған Хакан Ас есімді түрік азаматы Қ.Қожықов тақырыбында ғылыми диссертация қорғамақ. Сонымен қатар, Б.Алтынбеков есімді азамат Мәскеу, Германия архивтерінен көп құжат тапқан. Қазақ ғалымы Германиядағы С.Лапинге қатысты құжаттарды қазақ тіліне аударып жатыр.

Ең маңыздысы музейде Қ.Қожықов, С.Лапинге арнайы орын беріліп, деректердің зерттелуі олардың Орта Азия тарихындағы орнын айқындай түседі.

– Жиыннан қандай әсер алдыңыз, ой түйдіңіз, яғни ұлт тарихындағы айтулы тұлғаларымыздың есімін әйгілеп, еңбектерін танытуда әлі де қандай жұмыстарды қолға алуымыз қажет?

– Жиыннан алған әсерім ерекше. Шындығында, түбі бір туыс өзбек ағайындардың Қ.Қожықов, С.Лапин сынды тарихи тұлғаларымызды зерттеп жатқаны бізді ерекше қуантты, өз тарапымыздан ризашылығымызды білдірдік. Қандай ой түйгенімізге келсек, халықаралық конференцияға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы, Сырдария ауданы әкімінің орынбасары бастап барған делегация өздеріне қажетті мәліметтерді алмасып, өңірде насихаттауға байланысты алдағы жоспарларына енгізіп жатқан шығар. Мысалы, «Болашақ» университеті наурыз айында республикалық ғылими-танымдық конференция өткізу жөнінде жоспары барын айтты. Меніңше, осы ретте С.Лапин атындағы орта мектепте танымдық іс-шаралар өткізуге басымдық беру керек. Өйткені бір барғанымызда мектеп оқушыларын айтпағанда, басшылықтың өзі С.Лапиннің кім екенін біле бермейтінін байқаған едік. Бірінші кезекте осы мектептің оқушылары ағартушы, шығыстанушы ғалым, рухани биік тұлға С.Лапин туралы жан-жақты білуі тиіс. Одан әрі қарай Сырдария ауданы жастарына, облыс халқына жан-жақты насихаттау мәселесі қолға алынса құба-құп болар еді. Осыдан бес жылдай бұрын Қ.Қожықовтың есімін Сырдария ауданындағы бір мектепке беру жөнінде мәселе көтеріп, аудандық газетке мақала жазған едім. Кейбір себептерге байланысты бұл мәселе кідіріп тұр. Сондай-ақ Қоңырқожа Қожықовтың тарихи тұлғалар тізіміне енбей қалуы сияқты мәселелер де бар.

Жақында ғана «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты ауданның ежелгі тарихы жөнінде үлкен кітап жаздық. Сол кітапта  Қоңырқожа Қожықовқа, Мұңайтпас Лапиннің ұрпақтарына кеңінен тоқталдық. Сонымен қатар, осы тақырыпта кітап жазып жатқан азаматтар да бар. Одан бөлек, облыстық тарихи-өлкетану музейінде атаулы күндерде жақсы іс-шаралар өтіп тұрады. Дегенмен облыстық деңгейде насихат жұмыстарының ауқымын әлі кеңейту қажет дер едім. Мұның барлығы зерттеу, насихаттау, ақпараттандыру арқылы қалыпқа келеді. Ең бастысы, тарихи тұлғаларымыздың есімін танытып, еңбегін насихаттауға халықаралық деңгейде назар аударылғаны біздің көңілімізді қуантты.

Мәнді, мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<