Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді

1531

0

VІІІ шақырылған Қызылорда облыстық мәслихаттың «Ақжол» партиясы атынан сайланған депутаты Қайрат Жомартұлы Боранбаевпен сыр-сұхбат

– Қайрат, мәслихат депутаты ретінде, көпке танымал кәсіпкер есебінде, жалпы қазақ азаматы санатында сені ел мәселесі қалай толғандырады? Біз жаңардық па?

– Бұл сұрақты «Жаңа Қазақстан» деген атауға саймыз ба деп қойсаң да болады. Осы сөзді тосыннан біреу келіп жаңартады деп түсінетіндер де бар. Расында, санамызға сілкініс енбей, өмірімізде өзгеріс болмайды.

Халық шенеуініктің атқарған ісіне мақтау айтып, қолпаштау көрсетіп жатады. Ол гүл беріп, қол ұратын әртіс емес, өнер туындысын жасап жатқан жоқ. Ол өзіне тиісті қызметін атқарып отыр. Әркім өзінің міндетіне, парызына адал болуы тиіс. Кейде басшы болсын, маман болсын біреу үшін жұмыс істеп жатқандай сыңай танытады. Әр адам өзі үшін еңбектенсін.

Жұмыс беруші сенің еңбегіңе мұқтаж, сен өзің үшін жұмыс істеумен бірге оның мүддесін атқарысып отырсың. Сондықтан, оған орынды талабыңды еркін айтуың керек. Ал біз талап қоя білмейміз. Әкімдікке жүгіреміз не депутатқа жүгінеміз.

«Санаға сілкініс енбей» деген сөзімізге оралайық. Осы күні жұрт сайлауға барғысы келмейді. «Неге?» деп сұрайсың. «Билік бәрібір өз адамын өткізеді»  дейді. Мұндай ойды санадан сырып тастау керек. Сайлауға бармасаңыз, кімнің сайланатынын қайдан білесіз? Егер халық сайлауға жаппай қатысса, онда көпжақты қоғамда бәсекелестік туады, нағыз шындық көрінеді.

Баяғыда кеңес үкіметі жұмысшылар мен солдаттарды депутаттыққа тартқан. Ол – біз халық жағындамыз дегені. Алайда, жұмысшылар мен солдаттар заңды да, экономиканы да түсінбейтін. Сондықтан барлық шешімді жоғары биліктің өзі қабылдап отырды. Бұл саяси дәстүр сүйретіліп кешеге дейін келді.

Қазір жаңа форматтағы депутаттар көп, өз пікірін қорғауға келгенде белсенді. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді дейтін еді ғой, олардың шын жанашырлығы халыққа қажетті көптеген мәселенің шешілуіне себеп болады.

– Жұртшылықтың депутатқа сенім артатыны рас. Деутаттың қолында қандай билік бар?

– Депутаттық билік емес, ол – билік пен халық арасындағы «елші». Әр депутат өзінің не үшін сайланғанын жақсы түсінгені абзал. Ол қашан маған мұқтаж адам келеді деп күтіп отырмасын. «Мына күні, мына сағатта қабылдау жүргізіледі» деп есігіне жазып қоюдың қажеті қанша? Ол халықтың мұқтаждығын әрқашан көруі керек, адамдарды кез келген жерде – іс үстінде, көшеде, тойда тыңдай білуі тиіс.

Халық депутатқа маған мынаны істеп бер дейді. Депутат уәде береді. Бірақ, ол оны қалай орындайды? Қазынаның әр тиыны есепке құрылған, әр мақсатқа бөлінген ақша бар, сайлаушының талабы осы мақсатқа сай ма?

Қазір депутаттық корпус жылдан жылға жаңарып келе жатыр. Олар бюджет саясатын да, халық мұқтаждығын да жақсы түсінеді. Сондықтан депутат халықпен тығыз байланыста болып, бұқараның белсенділігін көтеруге атсалысуы қажет. Жаңа айтқанымыздай, оның «елшілік» қызметі осында.

Соңғы сайлауда аудан мен қала депуттарының партиялық тізімі болған жоқ. Бұл – мемлекетіміздің «халық үніне құлақ асатын» саясатының бірден-бір көрінісі. Болашақта барлық деңгейдегі сайлау осы тәсілге, яғни, бірмандатты депутат сайлауына көшеді деп ойлаймын.

– Қайрат, жұртшылық сені тәжірибелі кәсіпкер есебінде жақсы таниды. Өзің басшылық жасайтын «Нұрлен» серіктестігі, оған қарайтын «Аруана-Агролидер», басқа да шаруа қожалықтары жақсы жұмыс жүргізіп келеді. Қызылордалықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу арқылы жасалған – асқабақ, сәбіз шырыны, бұқтырылған сиыр, жылқы, қой еті консервілері секілді жиырмаға жуық өнім түрлерін тұтынып отыр.

Табысты кәсіпкер есебінде аймағымызға қажетті үлкен зауыт-фабрика салатын жоспар жоқ па?

– Кәсіпкерлік – қоғамның қан тамыры. Егер адам ағзасындағы тамырда тромб болса, адам инсульт алады, тіпті аман қалса, игі. Кәсіпкерлікті дамытпаса, оған кең қолдау көрсетілмесе қоғам да ауырады, халық тұрмысы да түзелмейді.

Тағы бір мысал айтайын. Кәсіпкерлер – экономиканың солдаттары, генералдар солдатты жігерлендіріп, оларға рух бере алмаса, соғыста жеңіске жетпейді.

Біздің күшіміз бен ниетіміз банкке байланған. Оның пайызы жоғары, сұрайтын кепілдігі қымбат. Бұл виртуозға бір саусақпен күй тарт деп талап қойғандай қиянат. Жүз бағдарлама жасап қажеті не, бір банк жұмысын жүйелендірсе жетпей ме? Біздің өңірде туған жерін көркейтуге тер төгіп жатқан кәсіпкерлер көп, бірақ қаржы байлауынан бұлқынып қалады.

Зауыт, фабрика дегеніңе жауап – осы.

– Күндіз-түні тыншымайтын, ыстық-суыққа түсіп жүретін, миллиондаған несие алып, жүздеген адамға нәпақа тауып беретін кәсіпкерлерді бүгінгі заманның батырлары деп білемін. Осы дәріптеумен келісесің бе?

– Батыр болмаса да, кәсіпкерге батылдық керек. Мен өз кәсібімді жолға қою үшін 5 рет банкрот болдым. Банкрот болу теңіздегі балықты тақыр жерге әкеп тастағанмен бірдей. Ал енді аяғы жоқ, қолы жоқ сол балық қайтадан теңізге барар жол табуы керек. Мұндай жағдай менің әріптестерімнің көбінің басынан өткен. Қайтып теңізге түсе алмағандар да бар. Мүмкін кәсіпкер болу батырлық та шығар. 

Біз бұрынғы өткен батырларды айтудан аспаймыз, бүгінгі күннің батырлары да көп. Соларды үлгі қылу керек, санасы жаңғырған жастардың өсіп шығуы маңызды.

Есіңде ме, өткен жылы екі жасар баланы кәріз құдығынан алып шыққан он бес жастағы Арман деген балаң жігітке облыс әкімі пәтер кілтін сыйлады. Бұл бейбіт күнгі ерлік, сол ерлікті бағалау талай жеткіншектің жүрегіне сәуле құйды.

Жалпы, ерлікті, еңбекті бағалау – адами құндылықтың биік сатысы деп есептеймін.

Мұғалім он жыл бір сыныпты алып тәрбиелейді. Әр отбасында өскен баланың жанын түсініп, соларды бір үйдің баласындай қылып шығаратын ұстаздар бар. Оған зейнетке шығарында «Білім саласының үздігі» деген төсбелгі тағады. Бағалаудың түрі сол, бұл – арқадан қағу ғана. Мұндай кісілерге материалдық көмек көрсетілуі тиіс. Бұған әрине, Үкімет ықпалы керек, сонда әділетті боламыз.    

– Қайрат, жеткіншектер дегеннен шығады, депутаттық, кәсіпкерліктен басқа, облыстық каратэ-до федерациясының президентісің. Спорт арқылы жастарды тәрбиелеуге қосқан қомақты үлесің бар екенін де білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Жасалып жатқан жұмыс көп. Соңғы жылдары облыстың спорт мектептерінде 11 мамандыққа орын ашуға септігім тиді, яғни, осынша маман жалақы алып жұмыс істеп, жүздеген баланы салауатты өмірге тәрбиелейтін болады.

Негізі елдің атын шығарып, беделін көтеруге шенеуніктер емес, спортшылар көп еңбек сіңіреді. Токио олимпиадасына жерлестеріміз – боксшы Қамшыбек Қоңқабаев, каратэ шебері Мөлдір Жаңбырбай, күрестен Дәулет Ниязбековтің қатысып қайтқанын білесің. Қамшыбек қола медальмен оралды.

Мөлдірдің әр спортшы үшін шың саналатын олимпиадаға баруына каратэ федерациясының еңбегі зор.

Жылына жүз жарыс болады, соның бәрі салалық басқарма тарапынан қаржыландырыла бермейді. Оның түрлі себептері бар, мен сондайда жеке қаражатымнан көмектесемін. Өнер мен спортқа жанашырлығым мені бұл саламен үнемі тығыз байланыстырады.

– Жастарымыздың болашағы үшін жасап жатқан жұмыстарыңа ел разы. Ашық әңгімең үшін біз де алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<