Ғалымдардың пластикалық заттардың табиғи жолмен ыдырауы өте баяу жүретінін айтып дабыл қағып жүргеніне біраз уақыт өтті. Әсіресе мұндай өнімдер әлемдік мұхитқа ағызылып, соның салдарынан пластик қоқыс аралдары пайда болғанын National Geographic секілді журналдар талай мәрте жазды.
Осыған байланысты көптеген алпауыт компания экологияға зиян келтірмейтін, ыдырауы жеңіл құтылар мен қалбырлар шығаруға ден қоя бастады. Өнертапқыштар да бұл мәселеге ыстық ықыласпен көңіл бөліп жүр. Бұл ізденіс қаншалықты сәтті жүзеге асқаны белгісіз, дегенмен кейінгі уақытта «эко өнімдер» жиі шығарылып, жарнамаланады.
Мәселен, Coca-Cola компаниясы өзі қолданатын пластикалық құтылар мен өнімдер экологияға зардап әкелмейтінін алға тартады. Мұндай жарнамалық әдісті басқа да үлкен корпорациялар жиі пайдаланады. Бірақ шын мәнінде мәселенің мәнісі мүлдем басқа екені анықталды.
The Changing Markets қоры таяуда зерттеу жүргізіп, Coca-Cola және Unilever секілді ірі брендтердің пластикалық қаптамасы экологиялық таза екені туралы мәлімдемелері жалған екенін анықтады. Әсіресе мұхитқа ағызылатын және қайта қолданылатын пластикалық өнімдерді өңдеуден өткіземіз деген секілді жарнамалар да шындыққа жанаспайтын көрінеді.
Баяндамаға сүйенсек, өнімдердің жер-жаһандағы пластикалық ластану дағдарысын қалай шешетіні мүлдем түсініксіз және дәлелі жетіспейді. Мұндай қадам тұтынушыларға пластиктің шынайы әсерін жасыру үшін жасалғанын алға тартады.
«Соңғы зерттеуіміз тұтынушылар сенетін компаниялардың жалған мәлімдемелерін әшкереледі. Бұл айсбергтің жоғары бөлігі ғана. Заң шығарушылар бұл мәселеге байыпты қарауы өте маңызды. Өнеркәсіп пластикалық дағдарысты одан әрі жалғастыра отырып, «жасыл өнім» сертификатын иеленеді. Біз әлемді ерікті әрекет етіп жалған нарықтан құтылуға шақырамыз», дейді The Changing Markets Foundations компаниясының менеджері Джордж Хардинг-Роллс.
Баяндама келтірген мәліметтерге сай, Ким Кардашьянның киім тігетін Skims компаниясының шығаратын іш киім өнімдері де тұтынушыны жаңылыстыратынын алға тартады. Мәселен, оның қаптамасында «Мен пластик емеспін» деп жазылған. Бірақ шағын әріппен тауар 4 типті пластик немесе LDPE-ден (төмен тығыздықтағы полиэтилен) әзірленгені көрсетілген.
Сондай-ақ Coca-Cola бөтелкелерінің 25 пайызы мұхиттан жиналған пластиктен жасалған деген науқанды жарнамалау үшін миллиондаған қаржы жұмсаған. The Changing Markets қоры өз есебінде аталған компанияның шартарапты пластик заттармен ең көп ластайтынын мүлдем тілге тиек етпейтінін алға тартады.
Экологиялық өнім шығарып жүрміз деп халықты алдап жүргендер саны мұнымен бітпейді. Мысалы, ментос жасайтын Perfetti Van Melle компаниясы табиғатқа зиянсыз қаптама пайдаланатынын айтып жарияға жар салған болатын. Бірақ қорапшаның алюминий, пластик қосылған қайта қолдануға жарамайтын құрама материалдан жасалғанын мүлдем ескермейді.
Еуропалық одақ пластикалық ас құралдарына тыйым салғаннан кейін Испаниядағы Mercadona супермаркеттер желісі оған балама ұсынудың орнына ас құралдарын «қайта пайдалануға болады» деп өзгерткен.
Ұлыбританияда Tesco компаниясы икемді пластик қаптамасының жаңа, жетілдірілген және «қайта өңдеуге жарамды» екенін мәлімдеді. Бірақ қайта өңдеу үшін тұтынушылар қаптаманы үлкен дүкендерге апаруы керек. Тіпті оның өзінде қайта өңделуі екіталай.
Procter & Gamble компаниясы Head and Shoulders сусабыны бөтелкелері жағажайдан жиналған пластиктерден жасалған деп насихаттайды. Бірақ іс жүзінде бөтелке көк түске боялғандықтан, одан әрі қайта өңдеуге болмайды.
Сондай-ақ көптеген басқа да компания экологиялық таза материалдар қолданатынын алға тартқанымен, олар қолданған пластика қаптамаларды қайта өңдеу қиын немесе мүлдем қайта өңдеуге болмайды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<