Биылғы болжам немесе шай ішудің пайдасы

158

0

 «Синоптиктердің айтуынша, биылғы жазда еліміздің көп бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық норма шамасында сақталады. Алайда, жекелеген күндері аптап ыстық түседі.

Ауа температурасы +28…+35°C ара­лы­ғында болса, оңтүстік пен оңтүстік-ба­тыста +37…+42°C-қа дейін көтеріледі деп күтілуде.

Маусым-тамыз аралығы кезеңдерінде ауа температурасы климаттық нормадан асып кетуі ғажап емес. Күн бұрынғы жылдардағыдан да ыстық болуы ықти­мал. Еліміздің кейбір өңірлерінде нөсер жаңбыр жауса, оңтүстік-батысында жа­уын-шашынсыз ұзақ кезеңдер болуы бек мүмкін.

Бұл әсіресе Маңғыстау, Атырау жә­не Қызылорда облыстары үшін өзекті. Мұн­да жаңбыр аз жауады, сондықтан ыстық ұзаққа созылады».

Біз бұл болжамды интернет хабарла­рынан алдық. Бірақ… дәл емес, мүмкін елдің есін шығармай азайтып көрсетуі де керек шығар. Неге дәл емес деп отырмын, осы кешегі 13-15 мамыр аралығындағы ыстық ауа райының гидромед айтқандай 42 емес, 45-тен көтеріліп бара жатқанын байқатты.

Осы ыстықта балалар жалаңаштанып су жағасында жүр, ал, отағалары бақша­дағы басы қылтиған қауын-қарбыз, қы­за­нақтарын жүйектеп жатыр. Мұндай ыс­тықты елей қоятын ешкім жоқ. Біз ыстық отыздан көтерілсе, көлеңкеге басын ты­ғып, жұмысты тоқтататын Еуропа емес­піз.

Әрі-беріден соң ыстық дегенің адам ағзасына қаншама пайда әкелетінін бі­леміз ғой. Күн сәулесі бактерияларды өл­тіреді. Тері күнге неғұрлым күйген сайын, бактерияларды жоятын қуат соғұрлым көбейе түседі. Ультракүлгін сәуленің әсе­рінен тері тез қызарып, ағзаның зат ал­масуы, қан айналысы жақсарады.

Осы ыстықта қазақ ыстық шай ішіп отырады. Әлгі айтқан еуропалықтар бұ­ған күледі екен. Біз білім іздеп жүрген Еу­ропаның күлгені несі. Ыстық күні шай ішудің ғалымдар түзіп берген бір­неше әсерін мысал етіп өтейін, енді. Ме­таболизмнің жақсаруына ықпал етеді. Тамақ ішу кезінде ыстық шай ішу дәру­мендердің сіңуіне көмектеседі және ағзаға артық судың жиналуын болдырмайды. Жұқпалармен күреседі. Ыстық шай біз­дің иммунды жүйені жақсарта алады. Коронавирус кезінде бізге күшті иммун көмектесті. Арықтауға септеседі.

Шайда флавоноидтар бар. Бұлар – ағзаға майды жылдам және жақсы ыдыратуға әсер ететін өсімдік пигмент­тері. Шайға қасықтап қант салып ішу әдетінен арылу керек, оның орнына же­міс-жидектер, ли­мон, жалбыз, зімбір қо­сып ішкенің дұрыс. Шіркін, қойдың қою сүтімен ішкен шай қандай!

Сүтте адам ағзасына қажетті ондаған пайдалы зат бар. Бірақ сүтті кеселеп іше алмайтынымыз белгілі. Бұл асқазанға ауыр. Ал шайға қосылған сүт жеңіл қа­был­данып, пайдалы қасиеттерін толықтай бере алады.

Сүт қатқан қара шай жүрек-тамыр ау­руларының алдын алады. Сүттің ең маңызды құрамдас бөлігі кальций сүйек, шаш пен тырнақты берік қылады. Сер­гітетін бұл сусынның жалпы пайдалы екені сөзсіз.

Қазір интернетте сүтпен шай ішу зиян деген ақпараттар көп. Бола берсін, олар менің ата-бабамнан ақылды емес.

Зерттеулер көрсеткендей, сүт шайдың тек бірнеше қасиетін бәсеңдетеді. Ал оның қосып беретін пайдасы одан бір­неше есе көп. Біздің бір самаурынды бір өзі тауысатын әжелеріміз мұны оқымай-ақ білген.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»