Табиғат үйлесімді қалайды

703

0

«Тағы бір маңызды мәселе бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр.  2030 жылға қарай  су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін.

Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет.

Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Сыр өңірін зерттеуші, белгілі топырақтанушы ғалым Владимир Боровский 1958-1959 жылдардағы еңбектерінде Сырдарияның мол суы екпінінен тау тастары бұзылып, тілім-тілім жер бедерін тегістегені айтылған. «Бірте-бірте Сырдария атты ойпат шұңқырдың қабат-қабат топырағын құрастырып, одан асып Арал атты терең ойпат шұңқырдың табанын тегістеп, оны суға толтырып, Арал теңізін жасапты» делінген. Бұл – Сырдария өзенінің тарихи тіршілігі. Осындай орасан екпінінің арқасында қазіргі егістік жерлер құралыпты. Арал теңізін жасауда Әмударияның да үлесі мол. Әмудария 1970 жылдары Арал теңізіне суын құюды доғарыпты. Сырдарияның суы 1975 жылы сыр беріп, Арал теңізінің тартылуына себеп болыпты. Сол жылы бірінші рет су тапшылығы хабарланды.

Арал суының тартылуы бірден айтылмады. Бірақ балықшылары «Шардара» су қоймасына кете бастаған еді. Сол жолғы су тапшылығы Аралдың тартылу белгісі еді. Апат 1997 жылдары кемеліне келіп, дүние жүзін дүр сілкіндірді. Бұл бірден болған жоқ, 1970 жылдан басталып 30 жылға созылды. Ол кездері Сырдария суы дәл бүгінгідей тартылған жоқ болатын. Әрине, бүгінгі жағдай Арал қасіретін қозғамай қоймайды. Зардап көретін – тағы Сыр халқы.

Арал теңізінің ғасырлар бойы жиналған құм белестері бар. Оның биіктігі 8-10 метр, ені 40-50 метрден астам, жалдың ұзындығы 200 шақырымнан астам Аралқұм белесі солтүстіктен оңтүстікке қарай созылып жатыр. Құм төбелер көшкіні қаншама? Егер жел бағыты өзгерсе, сол құм көшкіні Қазақстанның, елді жеріне бірте-бірте аууы мүмкін деген болжам бар. Бұл үлкен қауіп туғызады. Сырдарияның суы көп болса, елге, жерге береке әкеледі, аз болса, бүгінгі жағдайындай қуаңшылықты үдетіп, малды жұтатады. Құм басқан Арал ұлтанының 51 жыл болыпты судан арылғанына.

Арал ұлтанына сексеуіл егуді Қазақстан ғалымдары күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бастамасымен 1998 жылы Ғ.Мейірманов, Көкшетаудағы орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан В.Каверин, Алматыдағы ботаника институтынан Л.Димеева, Н.Огарь, география институтынан Н.Будникова экспедиция құрып бастаған болатынбыз. Осы құрылым Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында дүниежүзілік бірінші Арал ұлтанын зерттеуші ғалымдар экспедициясына ұласты. Израиль елінен профессор Арон Айер, Алманиядан профессор Зигмар Брекле, ғалым Вальтер Вухекер қатысты. Он бес жыл жүргізілген зерттеуді қорытып «Особенности формирования растительного покрова на обсохшем дне Аральского моря» деген атпен 117 беттік ғылыми кітап жаздық. Кітапта құрғаған Арал теңізінің ұлтанына өсімдік жамылғысын өсіргендегі ерекшеліктері туралы айтылады. Топырақ тұздылығы жоғары қабатта болғандықтан және оның топырақ кескінінде әртүрлі тереңдікте орналасқандықтан сексеуілдің өскінін сепкіш құралмен еккенде, олардың жерсініп әрі қарай дамуы осы тұзды қабаттың өскін тамырына ерте кездесуіне байланысты екенін анықтадық. Өскіндерді егу әдістерін терең зерттедік. Бірінші экспедиция мүшелері қуаңшылық зардабын төмендетуге күш салды. Егу әдістерін таптық.

Енді Арал өңіріне Кіші Арал теңізіне су керек. Ол – Сырдария суы. Сырдария суы арқылы жаралған теңіз және көлдер әсте құрғамау керек. Құрғаса қазіргі климат қатаң өзгеріске ұшырайды.

Қуаңшылық – жаһандық мәселе, адамзаттың теріс тірлігінің нәтижесі, климат өзгерісінің салдары. Жаһандық климатты тұрақтандыру, қалпына келтіру үшін түтіндемейтін, бірақ қуатты энергия беретін көзге бүкіл дүние жүзі халқы көшу керек. Ол – атом энергиясының қуаты. Бұл жол қиын, дегенмен, басқа амал жоқ. Біздің жерде уран қоры жеткілікті. Тек жаңарған әрі ұтымды, қауіпсіз атом технологиясын тауып, Ресей арқылы, тағы сондай ізденіс пен сақтығы мол әдіспен қамтылған атом стансасын салуымыздың мәні зор. Сонда жаһандық та, жергілікті де қуаңшылық мәселесі ойдағыдай шешіледі. Табиғат жақсылықты сезіп, келеңсіз факторларды өзі реттейді. Ғылымға жүгінген, оны негізге алған Сыр елі, Қазақстан халқы өзгеріске куә болары сөзсіз. Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында бекітілген талаптарды көп болып қолдап орындасақ, Сырдария қар суымен тұрақты көбейіп, тіршілік отын маздататын кез тез келеді. Арал суы деңгейіне жетіп, көлдер толып, берекелі тірлігі молаяды.

Экологиялық сананы қалыптастыруды балабақша, мектеп және жоғары оқу орындарында үзбей жүрігізіп отырғанда ғана жұмыс нәтиже береді. Табиғатты аяласаң, ластамасаң, қиянат жасамасаң, су мезгілсіз тасымайды, орман жаппай өртенбейді, адамдар денсаулығы күшейіп, ауруға қарсы иммунитет тез қалыптасады. Ол үшін тамақтың табиғи болғаны дұрыс.

Сырдария қайда құйып тұрақталса, ол – сол елдің де өзені. Оның суы Қазақстан жерінде де жұмсалу керек. Су саясатын жүргізгенде, осындай негізді концепцияны ұстанымға алған дұрыс. Әлем – тұтас дүние, бір жерге келген апат бәріне ортақ. Оны реттейтін Біріккен Ұлттар Ұйымы. Сырдария суы көбейсе, оны ешкім ауыздықтай алмайды. Екпінді өзеннің «еркелігін» көтеретін  тек Арал акваториясы екенін ұмытпау керек.

Осы айтылған мәселе негізді. Сондықтан, жұртшылыққа көмектесер, ой салар деп, өмірден, ғылыми зерттеулерден алынған жобалардың біразын келтірдім. Табиғатпен санасайық, сонда табиғат жақсылығын адамзатқа аямайды.

Хасый ЖАМАНТІКОВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<