«Табиғатқа зияны тиген экономикадан пайда жоқ»

963

0

Бүгінгі таңда адамзатты алаңдатқан ауқымды мәселенің бірі, ол – ғаламдық жылыну. Ғаламдық жылыну – жердің бетіндегі орташа температураның артуы. Соңғы жүз жылда температура шамамен 0,6 ºС-қа артты. Жаһандық жылынудың ең басты себептеріне  адам факторымен  қатар, табиғи фактордың да әсері мол. Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, ормандарды кесу, жанартаулардың атқылауы және Күндегі өзгерістер, адамның әртүрлі әрекеттері ғаламдық жылынудың басты себептері болып тұр.

Оның зардабы ауыр болмақ

Ал бұл процестің зардабы жетерлік. АҚШ ғалымдары дәлелдегендей, Жер шары температурасының көтерілуінен адамдардың көпшілігі ұйқысыздықтан зардап шегетін болады. Температура мен ұйқы сапасын зерттей келе, ғалымдар осындай тұжырым жасаған. Осы орайда ұйқысыздық адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Тек физикалық қана емес, аз ұйқы сонымен бірге адамның психологиясына да әсер етеді.

Егер жаһандық жылыну жылдам жүзеге асатын болса, ғалымдардың болжауынша 50 жылда мұздықтар еріп бітеді. Жағажайдағы елдер суға батып, Жер шарын мұз басады. Ауаның орташа температурасы 10-15 градусқа төмендейді. Ауа температурасының өзгеруінен сезімтал адамдар қатты зардап шегеді. Ағаштар климаттың өзгеруіне өте баяу бейімделетіндіктен, жойылып кетеді. Боран, дауыл, құйын, су тасқыны секілді апаттар жиілей түседі. Ауызсу тапшылығы орын алып, түрлі эпидемиялар мен аурулардың пайда болуына әсер етеді.

Қазір әлемдік экономика алға қарай қарыштап дамып барады. Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Десек те, оның зардабы да адам баласына оңайға тимейді. Негізі өндірістің дамуынан елдің, адам баласының әл-ауқаты артады. Бірақ қоршаған ортада экологиялық тепе-теңдік бұзылады. Оны жоққа шығаруға болмайды.

Ал мұның алдын алуға бола ма? «Жаһандық жылынудың алдын алуға болады» дейді эколог ғалымдар.  Сондықтан да  ғаламдағы басқосулардың басым бөлігі осы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға арналып келеді. Мәселен, дүниежүзі мемлекеттерінің белгілі ғалымдары мен саясаткерлері 1997  жылы Жапонияның Киото қаласында бас қосып, арнайы тұжырымдама   қабылдады. Ол осы қаланың атына сәйкес, «Киото хаттамасы» деп аталды. Аталған халықаралық құжаттамаға сәйкес, барлық мемлекет қоршаған ортаны қорғау үшін күресу керек. Оның аясында талай қадам жатыр. Өндірістік қалдықтарды сыртқа төкпеу, өзен-суды ластамау, парниктік газдарды азайту сынды экологиялық тазалыққа қатысты шаралар жетерлік.  Бірақ  арада жиырма жылдай уақыт өткенде аталған құжатты жаңарту қажеттілігі байқалды. Өндіріс дамыды, экономика өсті. Бірақ қоршаған ортаның ластануы бұрынғыдан да айқындала түсті. Сондықтан да «Киото хаттамасының» орнына жаңартылған құжат қабылдау қажеттілігі туындады.

Жаңа құжат көп міндеттер жүктейді

Соған байланысты 2015 жылы Францияда өткен форумға 195 ел қатысып, арнайы қаулы қабылдады. Бұл, шын мәнінде, жетілдірілген жаңа құжаттама болды.  Қабылданған құжатқа сәйкес, 195 мемлекет Жер бетіндегі температураның 2 градустан артық көтерілуіне жол бермеуі қажет. Келісім 2015 жылы 12 желтоқсанда Парижде климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенцияның (КӨНК) 21-конференциясының қорытындысы бойынша қабылданған болатын. Форумға қатысушы 195 ел өкілдері Жер шарындағы орташа температураны 2100 жылы индустриалдық дәуірден бұрынғы деңгейден асырмау туралы уағдаласты. Ғалымдар ауа температурасы одан артық өсетін болса, ол экология үшін орны толмас салдарға соқтырады деп болжап отыр.  «Париж келісімі» – халықаралық келісім. Климаттың жаһандық өзгеруімен күрес саласындағы негізгі үміттер осы құжатпен байланысты.

Жалпы қазір ауа температурасының жылынуына қосымша ықпал ететін факторлар өте көп. Атап айтар болсақ, ғылыми техниканың барған сайын жылдам қарқынмен өсуі табиғатқа өз әсерін тигізуде. Өндірістің қалдықтар мен зауыт-фабрикалардан түтіннің шығуы, парниктік газдардың көбеюі мұның барлығы да экологияны бұзуда. Бұл адамның денсаулығына қатты әсер етіп жатқан жағдайы бар. Өндірістің басым көпшілігі көмірмен жұмыс істейді. Мұнан құтылудың жолы бар ма? Бар.  Ол – «жасыл экономика» саласын дамыту.

«Париж келісімінің» «жасыл экономикаға» тікелей қатысы бар. Өйткені әлі де болса, әлемнің көптеген елдері көмірмен жұмыс істейтін стансаларды пайдаланып отыр.  Ал жылу электр стансаларының мұржасынан шыққан түтіннің қаншылықты улы және адам денсаулығына, қоршаған ортаға зиян екенін екінің бірі біледі. Сондықтан да өркениетті  елдердің басым көпшілігі көмірді тұтынудан бас тартып, «жасыл экономикаға» көшуді жоспарлап отыр.

Бір ғана мысал, 2030 жылға қарай Голландия елде жұмыс істеп тұрған стансалардың барлығын біржола жабуды көздеп отыр. Сонымен қатар, Қытайдың өзі осыдан екі жылдай бұрын көмірмен жылытылатын сексен бес электр стансасының құрылысын тоқтатты. Мұның барлығы әрине дүниежүзінің зиянсыз «жасыл экономика» бағытына бет бұруы екені сөзсіз. Қазақстан Үкіметі  кезең-кезеңмен жұмыс істеуде. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде міндеттемелерді жүзеге асыруға кірісіп жатыр. Бір ғана мысал, Қазақстан жоғарыда аты аталған «Париж келісіміне» сәйкес, парниктік газдың шығарылымын 2030 жылға қарай 15%-ке азайтуға шешім қабылдап отыр.

Нордхаус деген ғалым бар

Израильдік Уильям Нордхаус деген ғалым бар. Ол – Нобель сыйлығының лауреаты. Оған мұндай мәртебелі сыйлық не үшін берілген? Ол – экономикалық жетістікті экология таразысы арқылы өлшеуді ұсынған ғалым. Мәселен, біздің елімізде әлі күнге экономикадағы өсімді жан басына шаққандағы жалпы өніммен есептеп келеді.  Дәлірек айтқанда, өндірілген тауар және көрсетілген қызмет көлемін Қазақстан тұрғындарының санына бөле салады.  Ал Нордхаус бұлай есептеуге болмайтынын айтады. «Экономикадан экологияға зиян келмеген кезде ғана өсім саналады» дейді ол. Мұндай өлшеммен есептесек, мемлекетімізде экономикалық өсім мүлдем жоқ болып шығуы да әбден мүмкін.

 Мәселен, Екібастұздағы электр жылу  орталықтары мыңдаған тонна көмір жағып, оның түтінін әлемдегі ең биік мұржа арқылы жапан далаға жайып, ақыр аяғында алынған қуатты сатып, содан түскен табысынан мемлекетке беретін салықты өсім деуге келмейді. Нордхаус қағидасы бойынша «Жерге, табиғатқа зияны тиген экономикадан еш пайда жоқ». Ол тек айтып қана қоймай, әрбір өндірістен шыққан түтінге салық салуды ұсынып отыр. Жұмысшыларының айлығын көтеруге қиналатын инвесторлар мұндай салық төлеу керек десе, не айтар екен? 

Ал  Нордхаусты  тыңдаған  Батыс Еуропадағы көмірді пайдаланып келген соңғы ел Германия көмір өндіруден бас тартпақ. Жабылған шахталарынан мұз айдынын жасап, ел тұрғындары қыс бойы қызығын көріп келеді. Нордхаусты тыңдаған Батыс Еуропа ауаға тараған көмірқышқыл газының әр тоннасына 20 евродан салық төлеуге көшті. Ол болса бұған қанағаттанбай, салық тоннасына 40 евро болуы керек және зиянды қалдықтарды ұстап қалатын технологияға жұмсалуы керек дейді.  «Экологияның бүлінгені – мемлекеттік шенеуніктердің шешімдерінің нәтижесі». Бұл да – израилдік ғалымның айтқаны.

Нордхаус әлем көмір және жанармай жағып, бу машиналары арқылы қуат өндіре бастағаннан бері Жер беті қалай жылынып келе жатқанын көрсеткен. Нобель сыйлығын алған еңбегінде ғалым ХХ ғасырдағы әлемдік орташа температура +14 градусқа жетсе, ХVІІІ ғасырдағы орташа температура +12,5 градус деңгейде тұрғанын анықтады. Қатерлі деңгейге небәрі +0,5 градус қалып тұр. ХІХ ғасырдың басынан бері бұған жыл сайын +0,025 градустан қосылып келеді. Содан кейін екі ғасырда Жер бетінің орташа температурасы +2 градусқа жылынса, ол тіршілікке қатерлі шек екенін анықтады.

Қазақстан қандай міндеттер алды?

Қазақстан «Париж келісіміне» 2016 жылы қол қойды. Сол жылы  Қазақстан Парламенті «Париж келісімін ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Осы арқылы 2030 жылға дейін парниктік газдардың шығарындыларын  330 млн тоннадан асырмау міндеттемесін алды. Кейін бұл бастама 2050 жылға дейін жалғасатын болды. Баламалы қуат көздерін жаңарту тұрғысында  Қазақстан «жасыл экономиканы» дамыту бағытында жоспарлы іске көшіп жатқаны байқалады. Баламалы қуат көздерін  2030 жылға дейін 30%-ке жеткізуді көздеп отыр.  Біріншіден, көмір өндіру үлесі 70%-тен 40,3%-ке дейін төмендейді. Екіншіден, газ генерациясы 20%-тен 38%-ке дейін ұлғаяды. Үшіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады.

Ал 2060 жылға қарай көміртегіден арылуды көздеп отыр. Мұндай мақсатты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр. Мемлекет басшысы  бұл бағытта байыппен жұмыс істеу қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет.

Әлемдік сарапшылардың пікірінше, көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу көмір энергетикасынан түпкілікті бас тарту дегенді білдірмейді. Сөзсіз, көмір генерациясының үлесі сақталады. Бұл ретте, қоршаған ортаға, атмосфераға түсетін шығарындылар көміртекті ұстау технологияларын (CCUS) енгізу есебінен азайтылатын болады. Көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін Президент еліміздегі «жасыл технологиялардың» қолданыс аясын кеңейтумен айналысатын Халықаралық жасыл технологиялар орталығын құрды.

Алғашқы қадам жасалды

Әлемдік  климаттық күн тәртібіне сүйене отырып, Халықаралық «жасыл технологиялар» орталығы 2022 жылғы 10 наурызда алғаш рет CCUS технологияларын ілгерілету бойынша ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Бұл – Орта Азия мемлекеттері арасында аталған тақырыпқа байланысты ұйымдастырылып отырған алғашқы шара. Оған еліміздегі металлургия, тау-кен, мұнай-газ, электр энергетикасы салаларындағы қазақстандық ірі кәсіпорындардың 200-ден астам өкілі қатысты, олардың ішінде «Арселор Миттал», «Қазақмыс», «Самұрық Қазына» компаниялар тобы, «Теңізшевройл» және тағы басқалары бар.

Басқосуға қатысқан  ICAP, ЭЫДҰ, «Халықаралық энергетикалық агенттік», JCCS, CNPC, Азия даму банкі, Еуропалық Қайта құру және даму банкі секілді халықаралық ұйымдардың сарапшылары CCUS технологияларын енгізу мүмкіндіктері, сондай-ақ оның артықшылықтары туралы айтып берді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Климаттық саясат және «жасыл технологиялар» департаментінің директоры Олжас Ағабековтің айтуынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және CO2 (көміртек) шығарындыларын азайтуға бағытталған технологияларды енгізуде ел өнеркәсібінің белсенді болуы маңызды. Зерттеулер көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін CCUS технологияларын қолдану қажет екенін көрсетті. Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына сәйкес, CCUS технологиясын қолдану жылу энергетикасындағы CO2 шығарындыларын 107,6 Мт, өнеркәсіпте 13,07 Мт қысқартуға, сондай-ақ болат өндірісіндегі шығарындыларды 60%-ке, алюминий өндірісіндегі шығарындыларды 35%-ке, цемент өндірісіндегі шығарындыларды 48%-ке қысқартуға мүмкіндік береді.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің өкілі Саманта Мак Каллох CCUS технологиясын ілгерілету мен енгізудегі ұстаным туралы төмендегі пікірін жеткізді.

«Көміртегіні ұстау, кәдеге жарату және сақтау, бұл – экономиканың маңызды секторларындағы шығарындыларды тікелей азайтуға және СО2 жоюға мүмкіндік беретін жалғыз технология. Көміртектік бейтараптылыққа қол жеткізу жөніндегі мақсаттар бұл технологиялардың бізге аса қажет екенін көрсетеді», – деді ол.

Экономикалық ынтымақтастық және даму орталығының Орталық Азия бойынша SIPA өңірлік платформасының басшысы Жан Франсуа Ленжелле Қазақстанның Орталық Азиядағы көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу стратегиясын әзірлеумен айналысатын алғашқы мемлекет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол ЭЫДҰ Қазақстанға, әсіресе CCUS жобалары үшін тұрақты инфрақұрылымға инвестиция салуға және оларды жүзеге асыруда жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Бұл бастаманы Азия даму банкінің, сондай-ақ Еуропалық Қайта құру және даму банкінің өкілдері де қолдады.

Өз кезегінде «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Тасбаев мұндай технологиялар экономиканың түрлі секторларында бәсекеге қабілетті болатынын және жаһандық жасыл транзит жағдайында Қазақстан үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын айтты.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар Халықаралық «жасыл технологиялар» орталығының базасында көміртекті ұстау, сақтау және пайдалану технологияларын (CCUS) әзірлеу және енгізу мәселелерін талқылау үшін тиімді коммуникативтік алаңға айналатын жобалық кеңсе құруды ұсынды.

Сонымен Қазақстан «Париж келісімі» шарттарын орындауға бет бұра бастады. Ол Қазақстан басшылығының Жер шарының болашағына, ұрпағымыздың болашағына немқұрайлылық танытпайтынын білдіреді. Бұл бағытта істейтін жұмыс өте көп.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<