Абыройлы есімі ел жадында

636

0

Өткенге зер салсақ, жылжып өте шыққан жылдардың өзіндік өрнегі бар. Ол өрнек –  сол кезеңдерде туған жерінің өсіп-өркендеуіне тер төгіп, Отан қорғауда ерліктің үлгісін танытып, ел-жұрттың ертеңі, ұрпақтың болашағы үшін саналы ғұмырын сарп еткен саңлақ тұлғалардың қалдырған қолтаңбасы. Кешегі сүлейлердің көзін көріп, шұрайлы сөзін жадына түйіп өскен, көңілі зерек, бітімі бөлек жанның бірі Қасым Жүсіпұлы еді. Ол кісінің туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Ол – Сырдың бойы, Қармақшы жері, Тұрмағамбет ауылының тумасы.  Сол 1924 жылы дүниеге келген бала бұғанасы қатпаған шағында ел ішін жайлаған аштық дейтін алапатты көзімен көріп, басынан өткерді. Әкесі дүние салып, шеше тәрбиесімен өсіп, ержетті. Ауылдағы орталау мектепте оқып, жетіжылдықты бітірді. Ойы озық, мақсаты айқын ауыл баласы одан соң облыс орталығындағы педучилищеде білім алды. Кейінірек Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды.

1942 жылы Қармақшы ауданына қарасты Ленин ауылдық советі атқару комитетінің хатшысы болып, еңбек жолын бастайды. Алайда екінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанған сол бір ауыр жылдарда  ел ішінің де тыныштығы шайқала бастаған еді. Бір үйдің қорғаны – әкесі, бір үйдің ағайынды ер азаматы, енді бір үйдің жалғыз ұлы майданға аттанып жатты. Сол жылы күзде Қасым Жүсіпұлы да қатарластарымен бірге кеңес әскері қатарына алынды. Алдымен Ашхабад қаласындағы ерекше оқу полкінде 6 айлық курста оқып, кіші командир атағын алып, майдан шебіне аттанды. Ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сұрапыл күндерді басынан өткерді. Сондай күндердің бірінде, 1944 жылдың басында 4-Украина майданының атқыштар полкінің құрамында Севастополь,  Симферополь қалаларын азат ету үшін болған шайқасқа қатысты. Осы майданда ауыр жарақат алып, екінші топтағы мүгедек болып елге оралды.

Арада бір жыл өткенде соғыс бітті. Елге тыныштық орнады. Алайда соғыстан кейін тұнжыр тартқан елдің еңсесін көтеріп, құлдырап кеткен тұрмыс-тіршілікті қайта қалпына келтіру де оңай болған жоқ.

Қара танитын сауаты бар азаматтар жұртты шаруашылықтың айналасына жинап, уақытпен санаспай еңбек етіп, елдің тұрмыстық әлеуетін көтеруге жұмылды. Соның айғағы, бірте-бірте ауыл шаруашылығы байырғы арнасына түсті. Ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың арқасында  қиындық еңсеріліп, тұрмыс жайы да оңала бастады.

Майдангер жігіт денсаулығы оңалған соң колхоз жұмысына шығады. Еңбек жолына зер салсақ, 1945-1955 жылдары «Өндіріс», «Комсомол», «Ленин» атындағы колхоздарда есепші, Ақжар МТС-інде, Қармақшы аудандық тұтынушылар одағында нұсқаушы-ревизор, «Ленин» селолық тұтынушылар одағының басшысы қызметтерін атқарған. Ал 1955-1960 жылдар аралығында Ленин колхозында ферма меңгерушісі, 1960-1965 жылдар кезеңінде партия комитетінің хатшысы, бас зоотехник, «1 Май» селолық тұтынушылар одағының басшысы болып, өндірістің, шаруашылық жұмыстардың ілгерілеуіне өз үлесін қосқан. 1970 жылы құрметті еңбек  демалысына шыққанға дейін жаңадан құрылған «Жаңақала» қой совхозында бас зоотехник, бас экономист, кадр бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.

Ауыл шаруашылығы саласын терең меңгерген білікті маман, майдангер Қасым Жүсіпұлының еткен қызметі әлі күнге елдің есінде. Айталық, ол өзі басқарған шаруашылықтың жұмысын жоғары деңгейге жеткізгені үшін 1959 жылы  «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалін кеудесіне тақты.

Қоғамдық қызметтің де түрлі сатысынан өтті. 1956 жылдан партия мүшесі, жеті мәрте Еңбекшілер депутаттарының Қармақшы аудандық советінің, ауылдық советінің депутаты болып сайланған. Осы кезеңдерде елдегі, шаруашылықтағы түйткілдердің шешілуіне, оның ішінде кадр мәселесінің дұрыс қалыптасуына атсалысты. Халық шаруашылығын көтерудегі еткен қызметі жоғары бағасын алып, «Құрмет белгісі», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, түрлі дәрежедегі мемлекеттік медальдармен, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы советінің грамотасымен марапатталған. Ол кісінің адами болмысы туралы кезінде ақыл-кеңесін алып, аға тұтқан інілерінің айтар естелігі аз емес.

«Шынында да өткеніміз бен бүгінгі өмірімізге ой жіберіп, оны көкірек көзінен сүзгілер болсақ, бүгінгі кейіпкер ретінде дидарласқалы отырған Жүсіпов Қасым ағаның жаратылысына, бітім-болмысына, білімі мен білігіне, биік адамгершілік, адалдық, азаматтық парасатына, тұтастай өмір мұраттарына көз сала отырып, асыл жанның бірі деп айту менің інілік борышым деп санаймын» деп жазады дербес зейнеткер Нұртілеу Салықов Қасым Жүсіпұлы туралы кітапта.

Өмірлік тәжірибесі, ескіден қалған есті сөзден көкірегіне жиған-түйгені мол абыз ақсақал қолына қалам алып, ой маржанын тізіп, қағаз бетіне түсіретін. Сондай еңбегінің бірі – ақын Ә.Жұматаевтың жазбалары бойынша арабшадан аударып, өлеңмен өрген «Қазақ шежіресі туралы» дастаны. Құлыс аталығының шежіресі баяндалған осы дастанда ол өз атын да шумақтап қалдырған.

– Баласы Құлдыбайдың аты Жүсіп,

Ешкімге тұрған емес күні түсіп.

Білерлік бас пайдасын шаруа кісі,

Қатардан болмағанмен өте пысық.

Жүсіптен Тәжімбет пен Қасым еді,

Атадан екі бала нәсіл еді.

Тәжімбет алған ілім тақуа еді,

Қасым да қатарынан басым болды.

Жатпайтын қап түбінде қара кездік,

Сүйегі сұңқардайын асыл болды, – деп төкпелеп келетін жыр жолдарымен жазылған шежіре-дастан кейінгі буын ұрпаққа құны бөлек қазына десек болады. Шежіре-дастан авторы Қасым Жүсіпұлы сол 1987 жылдары ақын Ә.Жұматайұлының әдеби қорындағы 42700 жол өлеңді араб алфавитінен қазақшаға аударып, ҚР Ғылым Академиясының архивіне өз қолымен тапсырғанын айтады. Сонымен қатар, ол оқыған әдеби көркем шығармалардан, күнделікті басылым беттерінен өзіне ұнаған ой-тұжырымдарды қағазға түсіріп, тарқатып, талдап отыратын болған. Оның ішінде тек қазақ емес, орыс жазушыларының да ойлы жазбалары бар.

Қасым Жүсіпұлының зайыбы Бибісара Разаққызы өз естелігінде: «Біз, сол Көмекбаев ауылында, Қасекеңнің кезінде өз қолымен тұрғызған атақоныста жүріп жатырмыз. Қызылдың қиясынан сол кездегі «Жаңақала» қой совхозын ашып, қазіргі Көмекбаев атындағы ауылдың іргетасын қалаған алғашқылардың бірі осы Қасекең еді.

Ол кісі өз ғұмырында туған жерінің парасатты қарты бола білді. Халқына ағалық жасап, қоғам жұмысына белсене араласып, совхоздың, яғни, тұрғылықты елді мекеннің жұмысын жүйелі жолға қойып, шаруашылығын жоғары деңгейге көтеруге аянбай қызмет етті. Кейін зейнетке шыққан соң ауылдық ардагерлер кеңесін басқарып, жас мамандарға тәжірибесін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Сонымен бірге, ауыл-аймақ, ағайын-туыстың ынтымағы мен бірлігін сақтауда ол кісінің орны бөлек еді. Оның осы қасиеті туралы көзкөрген ағайын әлі күнге айтып отырады» деп жазған екен. 

Иә, «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген даналық сөз осындай кісілерге арналып айтылса керек.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<