Көшеней жыраулықтың жығылған жалауын қайта желбіретіп еді. Бүгінде оның есімі жыр елінің төл өнерін тағы бір биікке көтергендей көрінеді маған. Қорқыт бабамыздан бастау алған жыр бұлағының арнасы кеңіп, жұртымыздың жүрегіндегі күмбіріне күмбір ұласты. Күміс көмейлі өнер иелерінің мақамы Көшеней жыраудың үніне үн қосты.
Сыр бойында жыр тербеліп тұр. Тербелген жырмен бірге менің де қиялым алысқа бой ұрып, Көшеней ініммен тілдескендей болады. «Өзің білесің, мен сені танымайтын едім ғой. Көрген де емеспін. Үнтаспаға түскен даусыңды естіп таңғалатынмын. Шынымен-ақ осындай құдіретті үн бар ма екен?!» деп…
Ғажапсың ғой, інім. Төгілте жырлап, құйындата термелетіп, дүниені даусыңның кеңдігімен, толықтығымен, мақамды нәшіне келтіре жеткізе білуіңмен жанымызды қоса тербеп кететініңді білмей де қалатын едік-ау.
Кейде өзіммен-өзім жабығып отырғанда сені тыңдағанды ұнатам. Иә, баяулатып бастап, тыңдаған сайын даусыңды көтеріп, бүкіл кеңістікті сенің үнің ғана жайлап алған кезде мен өзімді таба алмай қалатынмын. Дүниеде тек сенің даусың, сенің үнің. Қоңыр дауыстың үн тазалығымен, сөз шындығымен, мақамның келісті қайырымымен, шабыт екпінінің дауыс ырғағында толық шығатын әсерлілігімен дүниені жайлап, өзімді бір түйіршік көріп, сені зор санайтын кезім жиі болатын.
Иә, сен ғажапсың ғой… Үнің де, даусың да ғажап. Әлі сол қалпы. Өз биігіңде тұрып қалған қалпың… Әттең өзің ғана жоқсың. Бізбен бірге үнің ғана. Ғажап үнің… Ғажап даусың…
Өзің демекші, өзіңмен қалай танысқанымды айтып берейін бе? Ол да бір ғажап кездесу еді ғой, есіңде ме?
Қыс еді. Сол күні Мәскеу аспаны қою айран түске еніп, жапырақтап жауған қар төмен түскісі келмей, ақырын да наздана қозғалып, асфальт бетін мақта-мамыққа айналдырып жатты. Жаңа ғана В.Маяковский атындағы театрдан шыға бере мынау әсем көріністі тамашалай түсіп, мақта-мамықты нығыздап басқым келмей ақырын ғана қозғалып, сол көшеде жалғыз қазақ келе жаттым. Ешкім мені білмейді, ешкіммен мен де таныс емеспін. Қарсы келген адам жүздері жылт етіп бір көрініп, сол сәтте-ақ ұмытылып, енді қайтып көрінбейтін барсакелмеске қарай жоғалып жатты. Қарды қызықтап келе жатсам, ол да жапалағымен бетіме қонып, аялап еркелеткісі келе ме-ау… Оған жылуымды сыйлағым келіп, жолына алақанымды тоссам, қар боп қонып, тамшы боп мөлдірей қалады.
Көкірегіме ерекше бір үн қонғандай… Не үн екені де белгісіз. Бір қалыпқа түсірейін десем, ұстатпайды. Бірақ оны қыстамадым. Соның баяу ырғағына елітіп, ілгері жүріп келем.
Адамдар. Жүздер. Түсініксіз тілдер. Күлкілер. Міне, тағы біреуі. Ол өтіп кетті. Тоқта!.. Тоқта!
Мен тұрып қалдым. Бұрылмастан «Қазақ емеспісің?» дегенім есімде.
«А?» – деді бір дауыс: – Аға не дедіңіз?
Мен енді ғана бұрылдым.
– Қазақ емеспісің?
– Қазақпын.
Көздерің ерекше еді ғой сенің. Бірден жылыұшырап, ұлпа қардың арасынан ұшқын шашып, маған қарап қалыпсың.
– Қайдансың?
– Қызылордаданмын.
– Қойшы…
– Шын, аға! Өзіңіз?
– Қызылордаданмын.
Енді сенің көзің жаңағыдан да ашылып, қуанышың жүзіңе қызылшырайлы нұр төгіп, тез-тез басып, маған қарай жүрдің.
– Шын ба, аға?
Мен жауаптың орнына күлімсіреген болуым керек, сен аппақ тісіңді көрсете аузыңды ашып күліп жібердің. Бірін-бірі танымайтын екі қазақ Мәскеу көшесінде ағылып жатқан адам нөпіріне көңіл де бөлмей, іздеу салған туысын жаңа тапқандай бір-бірімізге қарап тұрмыз.
– Ассалаумағалейкүм, аға!
Сен құшағыңды жая ұмтылдың. Мен де екі қолымды айқара ашып сені – осы бір сүйкімді жігітті бауырыма тартқаным есімде.
Біз осылай танысып едік.
Есіңде ме, Көшеней?
***
Сен ойыншыл едің.
Бірнәрселерді ойлап тауып, оны құбылтып іске асыруға құмартынсың. Сцеранийін жазып, режиссурасын жасап, орындаушы да өзің болатынсың. Әлі есімде, сен бір күні мені жатақханаңа шақырдың. Молдован жігіті екеуің тұрады екенсіңдер. Бөлменің екі жағында екі төсек, ортаға стол қойылған, үстінде бойдақтар дайындаған тағам түрлері. Сенің даусыңды естуге құмартып келгем. Мені төрге жайғастырып, өздерің төсекке қонжидыңдар, сосын қолыңды жайып бата сұрадың:
– Аға, әуелі дәмнен ауыз тиейік, сосын әнді де көрерміз, – дедің.
Қасыңдағы досыңды да үйретіп қойғансың ба, ол да қолын көтерді. Ол кезде бата беріп үйренбеген едік, бірнәрсе деп айтқан болдым. Сен жалғастырып:
– Дәм жұғымды болсын, ас сіңімді болсын, дастарқан көлдей болсын, үсті ырзыққа толсын, ниетіміз кең болсын, бүгінгі мынау дастархандағы дәм бізге жем болсын, – деп шұбырта жөнелдің. Сенің тақпағыңа күліп жібере жаздап, дегенмен көзімізді тырнап ашқалы бері бата тыңдап қалған басымыз бар, өзімді әзер тоқтаттым.
– Аға! – дедің сосын сен, – бүгін ешнәрсенің реті болмай тұр, ақтан мынау айран ғана, бұған қалай қарайсыз?
Мен күмілжіңкіреп:
– Оған қалай қарайтыны бар? – деп досыңа қарадым, ол көзін саған қадады, ал сен маған бұрылып:
– Байқаймын, аққа онша зауқыңыз жоқ, онда әңгімені қызылдан бастайық, – дедің де, досыңа бұрылып ең, екеуің де еңкейіп, қос қолдарыңды төсектің астына тығып жіберіп, екі-екіден төрт шиша су жаңа молдован шараптарын суырып алып, үстел үстіне сарт-сарт қоя салдыңдар. Тура спектакльдегі мизансценадай ұтымды әрекет, ойнақы сөз, ойласқандай үйлесімді қимылға бәріміз де мәз болып күліп алдық та, әдемі бір отырысты бастап кеттік. Сөйтсем досыңның ағасы Молдавияда вино заводының басшысының біреуі екен де, сол сендерге Мәскеуге келе жатып екі-үш жәшік базарлық ала келген екен ғой. Сен досыңа айтып, алыстан келген дәмнен ауыз тисін деп мені шақырған екенсің.
Досың да өзің сияқты қолы ашық, кеңпейілдің өзі екен. Ал сен болсаң біреудің қажеттілігіне барыңды беріп, өзің аш жүруге пейіл жансың ғой, айналайын. Білем ғой сені.
***
Сол жолы сені армансыз тыңдаған едім. Есеп беруің бе еді? Жоқ әлде жыл қорытындысы ма? Әйтеуір оқитын жеріңде жыр айтады екенсің. Мені соған шақырдың.
Ұстаздар, ортасында жетекшің – Нелли Викторовна Кидайш-Покровская, өңкей ғұламалар, профессорлар. Бізге жылыұшырағаны Халық Гүсейноғлы Короглы болды. Шақырылған кісілерге жөн сілтеп, орналастырып, «ал, жігіттер, қазір Көшеней жыр айтқанда қолдап отырайық» деп қойды.
Бәрі жиналып болды-ау деген кезде шықтың. Ешкімге көз салмай ортаға қойған орындыққа жайғастың. Профессордың ассистенті болар, сен туралы түсініктеме беріп, орындайтын шығармаларыңды атап өтті. Оның қысқа кіріспесінен соң бәріміз де үнсіз қалдық. Жиналған жеріміз үлкендеу аудитория екен, бірақ тыныштық тез орнады. Бір уақ сен де ойға кеткендей қимылсыз қалдың.
Сосын барып саусақтарың ауыр көтеріліп домбыраның ішегіне тиісімен-ақ таныс та бейтаныс үн тыныштықты бұзып, бос кеңістікке еркін тарап, бәрімізді өзгеше бір күйге бөлеп, көңілімізді елітіп, көкірегімізге нұр құйғандай болды. Сен термелеткен де жоқсың, жырды да бастамадың, домбыраңды жаңа ғана көргендей, пернелерді мығымдап басқан сол қолыңның саусақтарының қимылынан көз алмай күйбастар ма, домбырамен табысу әуені ме, бөлек бір қайырымды тартып кеттің. Домбыра әсіресе, Мәскеуде ерекше естіледі екен. Ауылда күнделікті тыңдап жүргендей емес, мына жерде мүлде бөлек. Өзгеше.
Көптен көрмеген жақыныңа сағынысып жолыққандай, ұмыт болған бауырыңмен қайта табысып, құшағыңа алғандай әсерде қалады екенсің. Иә, сен осылайша аудиторияны домбыра үніне елітіп, отырған кісілердің көпшілігіне бейтаныс әуенмен сусындатып, бір серпілтіп алдың. Қоңыр күй жұртты баяу тербете түсіп, ақырын ғана тоқтады.
Сен сонда ғана басыңды көтеріп, жан-жағыңа қарап, күлімсіреген болдың. Дегенмен байқаймын, есеп беру деген бәленің салмағы ауыр ма, ақжарқын ашық көңіліңнің ізі де байқалмайды, қиналыңқырап отырсың. Көп үзіліс жасауға уақыт тар, термені бастап кетіп ең, әй бірақ көсіле алмай, қысқа қайырып, қысқа қайырып, соңғы қайырымға келгенде де даусыңды еркін босата алмай, иірімдерін де толық жеткізбей, жылдам тоқтадың.
Халық Гүсейноғлы бізге бұрылып:
– Ау, жігіттер-ау, неғып үнсіз қалдыңдар! Кеу-кеулеп жыршыны көтермейсіңдер ме? Дәстүр қайда, дәстүр? – деп кейіп алды да, өзі:
– Көшеней шырқа! Қысылма! Ауылыңда қалай шырқасаң, бұл жерде де солай шырқа! Қайта мықтап айт! – деді-ау.
Әзербайжанша айтқан сөзден түсінгенім осы болды.
Отырған жеріміз ресми ғимарат болғасын қысылған отырған жайымыз бар еді, Халық ағамыздың сөзі қамшы болды ма, сен домбыраны қағысымен біз де әлімізше:
– Қысылма, Көшеней! Кәнекей! Ата-баба аруағы қолдасын! Беу, деген-ай! Ой, пәлі-ай! – деп дауыс көтеріп қалдық. Халық аға мен біздің қиқуымыз саған дем берді ме, үнің енді басқаша шықты. Даусыңда еркіндік сезіле бастады. Бойыңды құрыстырған қорқыныш та сейіліп, саусақтарың, қолдарың еркін қимылдап, көздеріңді пернеден көтеріп, терменің мақамына, мәтініне бұрып сөйлей бастадың. Тыңдап отырған қауыммен тілдесе бастадың. Маңдайыңнан шып-шып шыққан моншақтарды көріп, біз де қысқан тақымды босатып, соңғы қайырымға келгенде даусымызды жарқын-жарқын шығарып, киіз үйдің түндігін желпілдеткендей үніңді көтеріп алып кеттік. Тағы екі-үш термені орындадың.
Сосын сәл үзіліс жасадың. Орамалыңды алып, маңдайыңды сүрттің. Ақырын ғана домбыраңды сипап өттің. Сосын отырған орындығыңның мықтылығын тексергің келгендей қозғалақтап, тіпті қанат бітсе, қазір ұшып кетердей бойыңды тіктеп, ерекше күйге ене бастадың. Жаңа ғана термелеп отырған бәкене Көшеней – сен, бірте-бірте өсіп, жонданып, көз алдымызда тұлғаланып, жай ғана жыршы кейпіңнен көтеріліп, арқалы жырау қалпына биіктедің.
Сол биігіңде сен «Көрұғлы» жырын бастадың. Жаңылмасам, өз атаңның ңұсқасы. Жырдың басын төменгі қоңыр дауыспен асықпай зор екпінмен гөй-гөйлеттің-ау. Мына зор үннен ыққандай біз кеу-кеуімізді де ұмытып, мүлде үнсіз қалдық.
Кеңістікте Көшенейдің даусы ғана. Жыраудың мақсаты жыр мәтінін, мақамын жанымен меңгеріп, сол ой мен сезімнен өрілген жырдың бар қасиетін тыңдаушының жүрегіне жететіндей етіп айта білу ғой. Міне, осы мақсат жетелеген Көшеней жүрекжарды сезімін үніне құйып, жырдың әсерін қоюлата түсті. Аудиторияда отырған әрбір адам сенің жырыңды жеке-дара тыңдап бастағанымен, жырың тыңдаушының көкірек құлағына құйыла түскен сайын, екі ортада ортақ бір сана мен жанның тербелісі пайда болып, бәрі біркісідей даусыңа, мақамыңа, жыр мәтінін таза да төгілте жеткізіп отырған үніңе ұйып, бірте-бірте жырау мен тыңдаушы біркісідей жымдасып, қауымдасып кеткен сияқты боп көрінді маған. Бәрі бір құлаққа айналғандай.
Көшеней, сен де көсіле түстің. Қызылбастың ханы Шағдат болып ашуға бастың, алпамса батыры Маһрамбек болып ақырдың. Түрікпендерге жеткенде зор дыбысың жұмсарып, Ақыл ханды мақтадың, Раушанбекті сипаттағанда үніңмен бірге жүзің де жылып, онымен бізді туыстырдың, ол тұтқынға түскенде біз де сенімен бірге мұңайып, пендешілік күй кешкендей болдық.
Мені тағы бір сүйсіндірген – жыраудың домбырасы. Жыр басталғанда қос ішекті байыппен қағып отырған Көшеней Шағдат ханға көшкенде ішектерді батыра шертіп, домбыраның шанағын сатырлатып ала жөнелгенде, жау әскері бізге қарсы шауып келе жатқандай көрінді. Ал, Раушанбек пен Гәжденбек тұлпарды жаратып, «ел қайдасың?» деп тартып бергенде домбыра тағы да дүбірлеп кете ме дегем, жоқ, бұл жолы Көшенейдің сол қолының саусақтары аттың шабысына ілескендей көз тоқтатып үлгірмейтін жылдамдықпен жүгіріп, пернелерден естілер-естілмес үн шығарып жатса, оң қолы көтеріліп шанақтың үстінде тұрады екен де, жырдың екпіндете төгілген мақамының ұтымды сәтінде ішекті бір қағып жіберіп, орнына қайта келеді екен. Осы қимыл арқылы қашқан екеудің жаны шыға қиналған қорқынышы мен қуғыншылардың атқа қамшы басқан қиқуы бізге дәлме-дәл жетіп жатты. Көрұғлының ең соңғы рет анасының қабіріне енгісі келіп зарланатын жерінде оң қолдың саусақтары домбыраның бір ғана ішегіне жабыса кетіп, ыңырси сызыла қалғанда құдды сәбидің жылаған даусы келді құлағымызға.
Иә, домбырасы мен Көшенейдің тұтастығы сондай, жыраудың жан дүниесіндегі құбылысты, оның дауыс ырғағындағы нәзік өзгерістердің иіріміне дейін Көшенейден де бұрын сезініп, тыңдаушыға жыраудан бұрын жеткізуге ұмтылған домбыра бізге екінші Көшенейдей әсер етті.
Иә, сен сол күні жыраудың кім екенін бізге жақсы ұқтырдың. Ол жай жыршы емес екен, дала үнін, дала қасиетін өз бойына жинақтаған үлкен ғұлама екен. Ауыр тағдырлы жанның бүкіл қасіретін көтере білетін жанашыр бауыр екен. Және осының бәрін сен салқын санамен, әдемі ғана дауыспен емес, жүрегінді қан жылата отырып, зор сезімге берілген үннің жанкешті тербелісімен жеткізе білдің. Жырды айта отырып, сен орындаушы актер да болдың, жыр мәтінін көз алдымызда қайта тудырып отырған авторы да болдың, жаттанды мақамды қайталаған жоқсың, сол мақамды бүгін, қазір, міне біздің көз алдымызда өзіңнің үнің арқылы тудырып отырған сазгер-композитор да болдың. Әрбір көрініске өзінше үн, ырғақ, ритм қосып, бірде жеделдете, термелете жөнеліп, бірде баяулатып, мәтіннің әрбір сөзін нақтылай айтып, жырды мың құбылта жырлап, сол жолы сен жыраулық қасиеттің бар сиқырын меңгерген өнер иесі екеніңді таныттың.
Әсіресе Күләйім мен Ақанайдың зары маған қатты әсер етті. Күләйімді жырлағанда Көшеней, сен өзіңді зорға ұстап, көзіңе жас төгілейін, төгілейін деп тұрды да, Ақанайдың зарына келгенде көз жасыңды тыя алмай қалдың, тіпті тыйғың келмеді де, өмірмен қоштасып, өлім алдындағы аласұрған жанның бар қайғысын түгел көз алдымызға жанды суреттей алып келдің емес пе? Біз сенімен бірге көз жасымызды төгіп, сенімен бірге Ақанайдың зарын зарлап кеттік емес пе?
Күміс көмей десе, шын күміс көмей едің ғой, інім…
Жиын аяқталысымен мен кетіп қалдым. Үнің көкірегімде сайрап, дауысың құлағымда тұрып қалды. Көрұғлының тарихы көз алдымда жанды суреттей елес беріп, көпке дейін кетпей қойды.
Сол күні мен сенімен қоштаспадым.
Айырылып қалатынымды қайдан білейін?!
***
Маған сен туралы спектакль қой деседі.
Қиын нәрсе.
Пьеса жазылар. Декорация жасалар. Спектакльді сахнаға шығару мәселесін де бірнәрсе қылармыз.
Ал сен ше?
Сені қалай шығарам?
Сен болып жырлап, сен болып күйіп-жанып, сен болып өмір сүре алатын жанды қайдан табам?
Мен Нартай туралы екі спектакль сахналадым. Алғашқысын «Нартай» деген атпен Оразбек Бодықов ағамыз жазды. Тәп-тәуір музыкалық драма болды. Нартай бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Тұрысжан Айнақұлов сомдады. Екінші шығарма – Әбділда Тәжібаев көкеміздің қолынан шыққан «Батыр мен ақын» атты туынды. Ыбырай Жақаев пен Нартай ақын жайлы. Бұл жолы ақынды Нұрдәулет Тойбаев деген жас актер бейнеледі. Бәрі дұрыс, бәрі орнында. Драмалық ситуацияға, оқиғаға байланысты артистер бар жанын салып ойнап жүр, бірақ Нартай жоқ. Болмады. Өйткені тым болмаса Нартайға ұқсап бағарлықтай жыр болған жоқ. Нартайдың әуені шықпады, оның мақамдары, дауыс иірімдері біздің сахнада еркін қалықтай алмады. Ал Нартайдың жаны, жүрегі, болмысы, табиғаты сол даусында, үнінде, ырғағында жатқан жоқ па?!
Сенің ше?
Сосын да халықтың алдында уәде беруін бергенмен, мен қорқа берем. Сахнадан бар сәніңмен өзің көрінбегесін ол қойылымның не қызығы бар? Солай емес пе?
***
Сенің ғұмырыңдай мен де әңгімемді қысқа қайырдым-ау…
Бірақ мен үшін сен тірісің, інім…
Елің үшін де Сен тірілердің қатарындасың.
Иә, Көшенейдің үні қазағымның көгінде тербеліп тұр.
Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<