«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге», Абай хакім қалай тауып айтқан. Осы қағиданы жастайынан жаттап өскен менің ағам Жұмаділлаұлы Құдайберген ғылым тауып, онда ойып орын тауып, осы ғылым жолына бар өмірін арнады.
Құдайберген Жұмаділлаұлы 1945 жылы наурыздың 15 жұлдызында тарихы бай Сыр бойындағы Жаңақорған ауданы Политотдел (қазіргі Машбек) ауылында дүниеге келді. Малшының жанұясында өскен жас бала Сырда Политотдел тауда «Қыраш», «Қосүйеңкі» мектептерінде оқып, №55 «Бірлік» орта мектебін «Алтын медальмен» бітіріп шықты.
Мектепте сапалы білім беруде сол кездегі мектеп директоры Маханбетов Мағжан, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Әбсаттаров Жұмаділла, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерназаров Оңалбек, интернат жетекшісі Байдүйсенов Сейітхан сияқты ұстаздардың еңбегі зор болды.
Мектеп бітірген соң, партияның саясатына сәйкес, бірер жыл әкесіне көмекші шопан болып еңбек етті. Содан соң ер-азаматқа сәйкес Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеді.
Жалпы азаматтың қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі, өзі өскен әулеттің ғасырдан-ғасырға жалғасқан атакәсіпке деген сүйіспеншілігі болады. Өйткені болашақ ғалымның өз әкесі Жұмаділла да, аталары да қазақтың негізгі атакәсібі – малмен, оның ішінде қой өсірумен айналысқан. Бала Құдайберген де жастайынан қозы бағып, қой қайыруға көмектесіпті. Осы сүйіспеншілік, мал өсіруге деген құштарлық, Алматыдағы зоовет институтқа әкеліп, оны 1971 жылы «Ғалым зоотехник» мамандығы бойынша үздік бітірді.
Ал мектепте қатар оқыған Тынымбай Нұрмағанбетов, Төлеш Пшанов, Әбдіманап Бакиров, Сексенәлі Раханов сияқты азаматтар да оқып-тоқып дегендей, әр салада абыройлы еңбек жасап, халықтың құрметіне ие болды.
Болашағынан көп үміт күттірер жас маман Қ.Жұмаділлаұлын институт басшылығы алып қалып, 1971-1974 жылдары осы оқу орнындағы аспирантурада оқыды. Сол жылдары қой өсіру және селекциялау мамандығы бойынша сан салалы ғылымның қыр-сырына жете қанықты.
Аспирантураны бітірген соң, 1975 жылдан 50 жыл табан аудармай Қазақстандағы қой шаруашылығы саласы ғылымның ту тігер мекемесі – Қазақ қой шаруашылығы, ғылыми зерттеу институтында еңбек етті. Кіші ғылыми, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Құдайберген Жұмаділлаұлының ғылыми жолы еліміздегі етті майлы және етті майлы-жүнді бағыттағы құйрықты қойларды асылдандыру және олардың жаңа тұқымдарын шығарумен тығыз байланысты болды. Осы бағытта «Әртүрлі бітім-өнімділік типті қарғалы қойы қошқарларының тұқымдық қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Ғалым ұзақ жылдар бойы елімізде аса бағалы кілемдік ақ және ақшыл түсті ұяң жүнмен, жоғары сапалы ет-май өнімдерін беретін қазақтың ұяң жүнді құйрықты қой тұқымын шығару және жетілдіру жолында еңбек етті. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 1994 жылы Қ.Жұмаділлаұлы осы қой тұқымының басты авторларының бірі болып танылды. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы ғылымы саласында үлкен маңызы бар ірі селекциялық жетістік болды.
Ғалымның осы бағыттағы көп жылғы ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Қазақтың ұяң жүнді құйрықты қой тұқымын (Қарғалы сүлесі) шығару және жетілдіру» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Осы қой тұқымының шығарылуы еліміздің тұрғындарының құнарлы қой және қозы етімен, жеңіл өнеркәсіпті жоғары сұранысқа ие ақ және ақшыл түсті ұяң жүнмен қамтамасыз ету жөніндегі сұранысты қанағаттандыруға өз көмегін тигізді. Қой түрінің жаңа түрі еліміздің шөл, шөлейт және құрғақ дала аймақтарының қатал табиғатына өте жақсы бейімделген.
Ғалымның тікелей басшылығымен Батыс Қазақстан облысының «Бірлік», Атырау облысының «Сүйіндік», «Мақаш» тұқыммал зауыттарында Еділбай қойларының өнімділік және тұқымдық қасиеттерін жетілдіру жөніндегі асылдандыру жұмыстары жүргізілді. Алматы облысының шаруа қожалықтарында қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларының өнімділігі жоғары топтары шығарылды.
Атырау облысындағы «Мақаш» тұқыммал зауытында Қ.Жұмаділлаұлының тікелей басшылығымен және белсене араласуымен Еділбай қойының жоғары ет-май өнімділігімен, жетілгіштігімен, қатаң табиғатқа жақсы бейімделген малдың екі желісі шығарылып, оларға патент алынды. Ғалым осы зауыттық желілердің басты авторларының бірі болып танылды.
Құдайберген Жұмаділлаұлының зерттеу нәтижелері бойынша 100-ден астам ғылыми еңбектері, оның ішінде монография, етті-майлы құйрықты қой тұқымын бонитировкалау жөніндегі үш нұсқау мен ұсыныстары жарық көрді.
Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми саласындағы елеулі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен және Мемлекеттік деңгейдегі бірнеше мерекелік медальмен марапатталды.
Ықылым заманнан белгілі, ер-азаматтың өмір және еңбек жолында қандай да бір биіктерді бағындырып, жетістіктерге жету үшін оның жанында жанын түсінетін бапкері, жақсы жары болады. Ғалымның жан жары Анар Сақбайқызы Қазақтың қыздар педагогикалық институтының библиография факультетін бітірген. Мәуелі ағаш бір жерде көктеп, жеміс береді дегендей, ағамыз жұмыс жасаған институт жанындағы үлкен кітапханада кітапханашы-библиограф лауазымында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
Жанұяда Нұрлан, Нұржан, Наржан атты үш ұлды өсіріп, білімді етіп тәрбиеледі. Үлкен ұлы жоғары білімді зоотехник, институтта жұмыс жасайды. Ортаншы ұлы Нұржан – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, биязы жүнді қой шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, «Етті миронос» қой тұқымының авторы. Ал кіші ұлы Наржан да – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, етті-майлы қой шаруашылығы бөлімін басқарады, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойының «аққарабас» тұқымдық сүмсінің авторы.
Көріп отырғанымыздай, ғалым ағамыз ғылым жолына ұрпақтарын да ұйыта білді. Сөйтіп, осы ұлдарынан тәтті немерелер мен бал татыған шөберелер сүйді. Жан жарымен бақытты да баянды өмір сүрді.
Жалпы ғылым жолына берілген адамдардың әлемі өзінше бөлек, мінездері ерекше болады. Ағаның өмірдегі басты ұстанымы – кісі бетіне тура қарау, жалған сөйлемеу, дұшпаның болса да адалдық жасау, әдемілікті тани білу және соған ұмтылу.
Өзі де өнерпаз, сегіз қырлы бір сырлы, домбыра шертіп әуелете ән салатын, ал еңбектегі басты ұстанымы – бастаған істі аяқтау, асықпау, шала тірлікке жол бермеу, ұнатпаған жұмыспен айналыспау. Абайша айтқанда, «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» қағидасын берік ұстанған.
Адамның өмір жолында белгілі бір белес болады. Онда алды-артыңа қарап, өзіңе есеп беріп, барға қанағат, жоққа салауат айтасың. Ағамыз өзінің жетінші ондығын, жетпіс жасын атап өтті. Онда еліміздің барлық өңірінен дос-жаран, әріптестері, ағайындар жиналды. Осы мерейтойда ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бестай Сейдалиев ғалымның еңбегін саралап, жүрекжарды тілегін арнады.
Қаратаудың баурайында өмірге келіп, сұлу Сырға шомылып өскен бала қыран Алатаудың баурайында қанаты қатайып, елге белгілі азамат, атақты ғалым болды.
Сыр перзенті сексеннің сеңгіріне аяқ басқанда атакәсібін ардақтаған атақты ғалымды, өзі әнге қосқан қарлы Алатау өз бауырына басып, құшағына алды…
Ерғали ОРАЗБЕКОВ,
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Жаңақорған ауданының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<