Сыр елінің тыныштық күзетіне қырық жыл өмірін сарп еткен ер, қара терін үгіп, халық қамын күйттеген азамат, милиция мойоры, «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік шыққаны үшін» медалінің иегері Досмайыл Ысқақов – туған жер тарихында сақталып қалған есімдердің бірі.
Досмайыл Ысқақов 1929 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген.
Осы кезеңде жарық дүниеге келгендердің балалық шағы болған жоқ. Бір дорба алтынға бір үзім нан таба алмаған байларды ажал құштырған ашаршылықты қалай сипаттай аламыз. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сол заманның мақалын мысал етсек те біраз сыр ақтарылады.
Осындай қылауыз жылдардың куәсі болған Досмайыл қазақи тәлім сіңірген кісі болатын. Әкесі тірлік кешкен дәуірдің адамдары өтірік айтудың өзін күнә санады. Олар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен өмір сүрсе де адами қасиеттен аттамаған абзалдар еді. Ысқақ ата соғысқа аттанып, отты жорықтардан аман шыққан адам. Сан қиындықты қайыспай көтерген ол баласы Досмайылға өмірмен күресудің жолы қара күшпен ғана өлшенбейтінін, бұл жолға еңбек пен ақылдың бағдар болатынын ұқтыра білді. Тәрбиенің тұнығынан сусындатты.
Сондықтан Досмайыл милиция қызметінде тек әділдікті көрді, әлсізге сүйеу, қоңсызға қорғаныш болды. Әр күні қауіп-қатерге толы қызметте өз міндетін абыройлы атқарды. Оның қызмет бабынан бір-екі оқиғаны ойға алсақ, соның өзі бұл адамның болмыс тәрбиесін де, антына адал азаматтығын да, тұлғалық биіктігін де танытады.
Досмайыл Ысқақов ішкі істер қызметіндегі еңбек жолын қылмыстық топпен күрес жөніндегі оперативті іздестіру жұмыстарының инспекторы болып бастаған.
Соғыстан кейінгі жылдарда ел тұрмысы тым ауыр, халық жүдеу болатын. «Қазаннан қақпақ кетсе…» дегендей, бұзақылықтар көп еді. Өйткені, тәртіп сақшыларында арнайы құрал-жабдықтар, байланыс құрылғылары жоқ, техника тапшы. Олар қылмыскерлермен бетпе-бет келетін, күн-түні көз шырымын алмай күрес үстінде жүретін.
Бір жылы шолақ мылтықпен қаруланған қылмыскерлер топ құрып, қала тұрғындарының құтын қашырады. Тонайды, ұрлайды, тіпті кісі өлімі де тіркеледі. Егер милиция қызметінде Досмайыл секілді жүректі жігіттер болмаса олар еркінсіп, елдің берекесін кетіре берер еді. Бірақ қылмыстылар артына «айылы мықты, аты тың» күштің түскенін біліп із жасырады. Олардың ісін қылмыстық топпен күрес жөніндегі оперативті іздестіру жұмыстарының инспекторы Досмайыл Ысқақов қолға алған еді.
Жаудың туын жыққан жауынгердің баласы тері тартқан қарсақтай қорқаудан қорқа ма, адастырып кеткісі келгендердің ізіне түсіп, оларды Өзбекстанның Самарқан қаласынан табады. Дым көрмедім, дым білмедім деп ала шапан киіп, құжаттарын қолдан жасатқан олар енді бізге бәле жоқ деп ойлаған шығар, бірақ бұлтартпайтын, жалтартпайтын милицияның әрекетіне олардың амал-айласы да қалмаған еді.
Тергеуші Досмайыл Ысқақовтың қылмыстық іздестіру саласында еңбек еткен жылдары қаншама қылмыстың беті ашылып, жүгенсіздер тиісті жазасын тартты. Егер біз ішкі істер қызметінің мұрағатына кірсек, мұндай мысалдың жүзін жазып берер едік.
Қызылордада ол кезде ішкі істер органдарының тәжірибелі мамандары аз болатын. Бұл қызметтегі кісіге ең бірінші – батылдық, табандылық, турашылдық, адалдық сияқты асыл мінездер қажет-ақ. Мұндай адами құндылықтар Досмайылдың бойына бала кезден, әке қасиеті, ана өсиетімен берілген. Осыған сай ол қылмыстық топпен күресу тәсілін өмірдің өзінен үйренді, осылайша тәжірибе қалыптасты. Сондықтан да соңына шәкірт ертті, қылмысты іздестіру саласында жаңа толқынның пайда болуына өз ықпалын тигізді.
Ішкі істер саласында ауыс-түйістің жиі болатыны заңды. Себебі, білікті қызметкердің тәжірибесі қай жерге де керек. Осыған орай бұл кісі өзін прокуратурада, заңдылықты қадағалау жүйесінде де жақсы қырынан көрсетті.
Әділетсіздікке, нақақ қиянатқа төзбейтін Досмайылдың табиғатына тән кәсібі оның шын мәніндегі азаматтық тұлғасын айқындады.
Паспорттық жүйенің кеңестік кезеңде қатаң бақылау құралына айналғаны белгілі. Сондықтан басшылар Ысқақовты сонау жетпісінші жылдары паспорт столы аталатын құрылым жұмысына жайдан-жай қойған жоқ. Бұл жүйеде қылмыс та, шытырман оқиғалар да орын алатын. Сондықтан бұл жерге тәртіп пен заңның үстемдігі ғана емес, үгіт пен насихаттың да ролі керек.
Жалпы, білікті маман Досмайыл Ысқақов «адам заң үшін тумайды, заң адам үшін жазылады» деген қағиданы да сезіне білетін сергек ойлы жан еді.
Мына бір оқиға осы сөзімізге дәлел.
Соғыстың аласапыран жылдарында көптеген отбасылар, бауырлар бір-бірінен қол үзіп, тағдыр теперішіне түсті. Сарсаң сағыныш қуанышқа ұласып, анасы баласымен, жұбайы жарымен қауышқан оқиғалар да болды. Мұндай жайт паспорт столына белгілі болса да, оларды табыстыру міндетін алмайды. Бірақ, туабітті қамқор, кеңпейіл, жанашырлық сезіміне серт сияқты қарайтын Досмайыл бұл істе де ізеттілігінен жазбады.
Анасынан қол үзіп қалған бір әйел Досмайыл Ысқақовқа Ресейдің сол кездегі Горький қаласынан мынадай хат жолдапты: «Сіз сияқты азаматтың болғаны қандай керемет! Біздің өмірге деген құштарлығымыз арта түсті. Аса ризашылығымызды білдіреміз. Тікелей міндетіңіз болмаса да, соншалықты азаматтық танытып, біздің отбасы мүшелерінің табысуына қолғабыс тигізгеніңіз үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз».
Бұл – түу, Ресейдегі бейтаныс адамның сөзі, атын айтқанмен қайсымыз танимыз. Бүгінде Досмайыл әкенің баласы Бақытбектің жеке мұрағатында мұндай алғыс хаттың бірнешеуі бар екен.
Ескі газет беттерінде Досмайыл Ысқақов жайында ішкі істер саласының ардагері, марқұм Мылтықбай Пейісов: «Кіршіксіз адал азамат еді, жарықтық. Қиын, күрмеуі күрделі қылмыстарды зерделеуге келгенде нағыз маман, оның іздерін суытпай ашатын. Барлығынан да адалдығын, өзгелерге үлгі тұтуға лайық отбасындағы тағылымды, ізгілікті істерін айтсаңшы» деп пікір қалдырыпты.
Сондай-ақ кезінде қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы болып қызмет еткен полковник Айтбай Қазыбековтің: «Облыстағы милиция қызметінде өз ісіне берілген ары таза екі адам болса, соның біреуі – Досмайыл Ысқақов», – деген сөзі ол кісінің ел алдындағы абыройы мен адалдығына берілген үлкен баға.
Қатар жүріп, қызметтес болғандардан артық білмейміз, әрине. Алайда, Досмайыл әкенің Мылтықбай аға айтқандай, отбасындағы тағылымы бізге де таныс. Мұның мысалын отбасының кенже ұлы Қуанышбектің болмысынан да таба аламыз.
Қуанышбек 1985 жылы мектеп бітіріп, жоғары оқуға түскісі келеді. Әкесі сонда: «Балам, алдымен қара жұмыс істеп, нанның еңбекпен келетінін білгенің абзал» депті. Содан, баласы жиһаз фабрикасында жұмыс істейді. Сосын әскерге шақырылады. Әскери борышын өтеп жүргенде Ауған соғысына аттанатын болады.
1979 жылы КСРО-ның Ауғанстандағы ішкі саяси текетірестеріне араласуынан туған қанды қақтығыстарда қаншама боздақтар опат болды. Он жылға созылған бұл соғыстың біздің елімізге де өте ауыр шығын алып келгенін білеміз. Сонда Грозный қаласында оқу-жаттығуда жүрген Қуанышбектің артынан әкесі барады. Өзі ішкі істер органдарында қызмет еткен, әскерилерге де бір ауыз сөзі өтетін адам. Баламды соғыстан қалдыр десе де болар еді. Бірақ Досмайыл әке олай демеді. «Балам, атаң да соғысқа барып аман қайтқан. Соғысқа барғанның біріншісі және соңы сен емессің», – деп батасын берген.
Сымдай тартылған солдаттың кеудесіне бұл сөз қуат болып құйылды, ақ батасы қорған болды. Сөйтіп, Ауғандағы сұрапыл соғыстан аман қайтқан Қуанышбек жоғары оқу бітіріп, мемлекеттік қызметте сатылап өсті. Облыс басшылығының орынтағында да отырды. Бұл аралықтағы оқиғалар – басқа әңгіменің сарыны.
Бүгінде ортамызда жүрген бейбіт күннің батыры маған Досмайыл әке осындай болған шығар деген ой салады. Жүзі жылы, жанары өткір Қуанышбектің өн-бойынан өрілген өнеге, әмісе әдеп байқалып тұрады.
Бұл шаңырақтың үлкені бүгінде Қызылорда медициналық колледжінде ағылшын тілі пәнінің оқытушысы болып еңбек етеді. Білім саласында шәкірт тәрбиелеп, сапалы білім беруге үлес қосып жүрген білікті ұстаз. Оның жолдасы Салхадин Мырзабеков көп жыл аудандық, қалалық және облыстық деңгейде мемлекеттік қызметтер атқарған азамат.
Үйдің екінші қызы Ұрқия Астана қаласындағы ҚазГЗУ-де шет тілі оқытушысы болып еңбек етті. Жұбайы Алмат Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, «Бойнг» ұшағының командирі қызметтерін атқарды. Бүгінде екеуі де зейнетте.
Одан кейінгі ұл Бақытбек ұзақ жыл бойы өрттен қорғау және азаматтық қорғаныс саласында қызмет етіп, кейін облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары болып, зейнетке шықты. Зайыбы Гүлмира тәжірибелі заңгер, сот жүйесінде судья болып қызмет атқарған білікті маман.
Үшінші қыз Ғалия облыстық денсаулық сақтау саласында тәжірибелі маман болып, көп жыл халық саулығы жолында абыроймен еңбек етіп келеді.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген, жасы тоқсанға таянған Ортай апамыз қарашаңырақтың киесі болып, бау-шарбағының ортасында отыр. Келіні, «Батыр ана» Әлияның қолынан быламық жеп, шөберелерінің алақанынан май жалаған әзиз әже аяулы азаматы Досмайыл әкенің жәдігерлерін жарқыратып, ғұмыр қазынасына қосты.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





