Өзі жанып, өмірге жарық шашқан

4

0

Сыр өңірінің өрлеуі, өркендеуі жолында өшпес қолтаңбасын қалдырған, ғұмырының ұзақ жылдарын ел басқару ісіне арнап, аймағымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткер тұлға Алмагүл Божанова туралы сөз айтардан бұрын туған жер дейтін киелі мекеннің келбетіне көз салуымыз керек.

Ертеде Тереңөзектің орнында үл­кен терең көл болыпты, сол көлде ылғи алтын балықтар жүзіп жүреді екен деген бір аңыз естіген едік.

Менімше, бұл өлке – алтын адамдар галереясы.

Әулие-әмбиелерді, ахундарды, сү­лейлерді айтпағанда Кеңес Одағының Батыры атағын алған Нағи Илиясов пен Жаппасбай Нұрсейітов есімдерінің өзі абат өлкеге айбат беріп тұр.

Кейінгі ұрпақ жете біле бермейтін батырлар қанша. Бұл аудан тарихында өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары Қарақұмда қарақшылар қолынан қаза тапқан Серікбай Жакеев пен Жыл­қыбай Құттыбаевтың шынайы ерлігі жазылған. Тереңөзек кенті орта­лығындағы «Тағзым» алаңында осы боздақтарға арналған ескерткіш бар.

Ұлы Отан соғысынан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жыл­дарында бидайдан мол өнім алған Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әб­діраманова ауданнан еңбек батыры атанған бірінші әйел болса, Ибадулла Ақниязов пен Дүйсенбай Керейтбаев облыста бидайдан рекордтық өнім алғандары үшін Социалистік Еңбек Ерлері атанды. Күріш өсіруден Қасым Бөдеев, Цой Ги Хва, Балдырған Мұс­тапаева да Социалистік Еңбек Ерлері атағын алды.

Шопан, Социалистік Еңбек Ері Ахмет Халықов, «Қазақ КСР-нің ең­бек сіңірген ауыл шаруашылығы қыз­меткері», сауыншы Сәуле Өмірзақова, «Ленин» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған шопан Рабиға Іздіқұлова, «Ленин» орденінің иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, аты аңызға айналған сауыншы Күлжан Әуезова, тәуелсіз еліміздің ең жоғарғы атағы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Абзал Ерәлиев бар.

Сонымен бірге Мемлекеттік сый­лықтың иегері, министрдің орын­басары, Республика Жоғарғы сотының төрағасы лауазымындағы кісілер де Тереңөзек топырағынан түледі.

Осы галереяда тәуелсіздік жылда­ры аудан басқарған алғашқы әйел әкім Алмагүл Божанованың есімі де ал­тын­дай жарқырап тұр.

Алмагүл Божанова 1946 жылы қа­зіргі Сырдария ауданының Қызыл­өзек аталатын ауылында өмірге кел­ген. Қызылордадағы М.Мәметова атын­­­дағы педучилищені, мұнан соң пе­­да­­гогикалық институтты бітір­ген. Оның туған жерінің, халқының ал­­­­дын­дағы абыройға кенелуі бас­шы­лық қызметтерімен тікелей бай­ланысты. Әсіресе, 1983-1999 жылдар аралы­ғындағы аудан басшылығында атқарған қызметтері Алмагүл Божан­ованың азаматтық тұлғасын, адами бейнесін паш етті.

Бұған дейін жас Алмагүл аудандық комсомол комитетінің бірінші хат­шысы, мектеп директоры болып еңбек етіп, басшылыққа ысылған, тәжірибелі маман болып қосылды.

1983-1992 жылдары аудандық пар­тия комитетінің хатшысы, халық де­путаттары аудандық Кеңесі атқару ко­ми­тетінің орынбасары, төрағасы қыз­мет­терін атқарған.

1992-1999 жылдары Сырдария ау­данының әкімі болды.

Қоғам өзгеріп, жоспарлы экономи­кадан нарықтық экономикаға ауысып, шаруашылықтар шатқаяқтап жатқан кезеңде аудан басқару өте ауыр іс еді.

Бұрынғы совхоздар тарап, маман­дар мен шаруалардың абдырап жат­қан кезінде аудан басшысы Алма­гүл Божанова аудандағы ірі шаруашы­лық­тарды іргесін сөкпей бұрынғыша қалуына бар күш-жігерін жұмсады. Соның бір мысалы қазіргі кезде өн­дірісі өркендеген Нағи Ілиясов, Ша­ған ауылдарын ұстағанның қолында кетірмей, тұтас қалпында сақтап қал­ды.

Бұл жолда батылдық қана емес, батырлық та керек еді. Сондай ба­тырлық әйел заты болса да басшы Ал­магүлдің бойынан табылды. Төрт-тағандай табандылығы, ерік-жігері, қайсарлығы таразы басына түсіп, нәтижелі істерімен абырой иеленді.

Барлық салаға реформаларды батыл ендіріп, ел басқарған әкім Алмагүл сол кездегі Тереңөзек ауданын облыс кө­лемінде көш бастаушы сапқа шы­ғарып, барлық көрсеткіштерден бір­не­ше жыл бойы алдыңғы қатардан кө­рінді.

«Осындай аумалы-төкпелі шақта әйел адамның қырық мың халқы, іргелі шаруашылықтары бар ауданды басқаруы оңай емес еді. Ал, Алмагүл Божанованың қолынан келді. Келгені сол, ауданды аяғынан тұрғызуға бар күш-білігін салып, өзінің қайтпас қай­сарлығын көрсете білді» деп өт­кен кез­дерді еске алады Жалағаш ауда­ны­ның құрметті азаматы, қоғам қай­раткері Өмірбек Шәменов.

Облыстың құрметті азаматы И.Әби­буллаевтың: «Алмагүл Божанова таби­ғатынан батыл, қайсар тұлға еді. Ол кез келген мәселеде өзіндік ұстанымы бар, әділ әрі шешімді тез қабылдай алатын басшы болды. Оның шешендігі мен ораторлық қабілеті көпшілікке жі­гер беріп, ел игілігі үшін еңбек ету­ге шабыттандыратын» деп пікір біл­діруі де біздің сөзімізді бекіте түседі.

«Қазақта «жақсы туған қыз бала батыр туған ұлмен тең» деген жақсы бір сөз бар. Тереңөзек ауданының әкімі болып тағайындалғанда Сейіл­бек Шаухамановтың: «Бұл тек Алма­гүлге артылып отырған сенім емес, бүкіл қазақ қыздарына артылып отыр­ған сенім» деп айтқан тарихи сөзі жа­дымызда тұр. Сол сенімді Алмагүл Божанова жауапкершілікпен атқарып шықты. Бар білімін, тәжірибесін Те­реңөзек ауданының өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзін еңбекке арнаған жан еді. Жұмыстан басқа алаңы болған жоқ» дейді қоғам және мемлекет қай­раткері, Қызылорда қаласының жә­не бірнеше ауданның құрметті азаматы Н.Мұсабаев.

А.Божанованың аудан басшылы­ғын­дағы біліктілігін өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын біз сияқты сырттан «қызықтап» емес, қайнаған еңбек өтін­де жүріп көрген бұл кісілерден асырып айта алмаймыз.

Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ера­лиев былай дейді:

«…Көтерілген мәселелердің ше­ші­мін таппай тынбайтын. Әсіресе ауыл шаруашылығы өндірісінің кем-кетігін түгендеуге барын салды. Қай жерде де сөзі өтімді еді. Кабинет күшіне емес, ғанибет ісіне сенді. Депутат ретінде сайлаушылармен, жұртшылықпен кез­­­дескенде мәселелердің мән-жайын ашып, мәнісін табудың жолдарын ұсы­­­натын. Шабыттанып сөйлеп, көп­ші­­ліктің намысын оятып, жігерін жа­нитын».

Мұндай адамды нағыз көшбасшы дер. Ел басына күн туғанда осындай қыздардың қолбасшы болғанын бі­леміз.

Сонымен бірге: «Қазақта ағаш бір жерде көктейді деген мәтел бар. Бірақ оның жемісінен барша қауым дәм татады. Жұртына жастық боп жан­та­йып, бастық боп нұсқа көрсеткен Ал­ма­гүл апайдың шапағаты тимеген жер­лестеріміз кемде-кем шығар», – дейді Абзал аға.

Асыл тұлғаның азаматтық бейнесі, адами келбеті дегенде дәл осы сөз дөп келеді.

Қоғам және мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақ­тиярұлы: «Оның сан алуан салаларды, яғни білім, комсомол, партия, әкімият, мәслихат, қоғамдық ұйымдарда қалт­қысыз қызмет атқарып, ел алғысын арқалаумен ғұмыр кешкені екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болар» деп пікір білдіреді.

Шын мәнінде, біздің өлкенің та­рихында Алмагүл Божанованың бағы – оның өзіне ғана тән бақыт!

Алмагүл апайдың басты қасиет­те­рінің бірі өте ыждағатты, ықтиятты адам болатын.

Сыр елінің белгілі тұлғалары, қо­ғамдық-саяси ахуал, жалпы өмір ту­ралы толғаныстарын қағаз беті­не тү­сіріп, бірнеше кітап жазып шы­ғар­ды. «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған», «Сыр елім – Жерұйығым», «Сенім жүгі», «Аңыз, абыз адам», «Құдірет пен қасиет», «Көпір», «Сы­рым мен шыным», «Ғасыр үні» ата­латын кітаптары жарық көрді.

Осы еңбектердің бағасын біз қо­ғам және мемлекет қайраткері, облыс­тың құрметті азаматы Бекмырза Ела­мановтың сөзімен келтірейік: «Бұл кітаптар Тереңөзектің, жалпы Сыр өңі­рінің тарихы, энциклопедиясы се­кілді, зер салып қарасаңыз, сонау ке­ңестік дәуірде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы бол­ған­нан бастап жарты ғасыр бойғы ма­те­риалдарды, құнды деректерді жи­­­­наған­дығы аңғарылады. Мұндай мә­­­­лі­меттердің кейбірін қырағаттап оты­­­рып мұрағаттардан іздеуге тура ке­леді. Ал, оны Алмагүл қолға ұстатып тұр».

Нақты, ғылыми бағасы – осы.

Мұның бәріне үлгеру өз алдына, оларға ізденіс, ыждағаттылық, туған жер тарихына деген аса үлкен жауап­тылық қажет.

Өткен күннің дерегін шашау шы­ғармай жинап, қаттау бір жұмыс, оны көз майын тауысып қағазға түсірудің өз азабы тағы бар. Алмагүл апайдың осының бәрін игеруі – үлкен іс, үлгілі іс.

Осындай көз майын тауысқан жа­зу ісіндегі еңбеккештігі арқылы ол кісі Қазақстан Журналистер одағы мү­шелігіне қабылданды. Білмеген адам­дар бұрынғы партия қызмет­кер­лері де одақ мүшелігіне өтіп алып­ты деп жүрді. Ал, Алмагүл апай­дың осы одаққа нағыз лайық жан екенін біз жақсы білеміз. Ол кісі газетке берген көптеген мақалалары өз қолы­мыздан өтті, мен мынаны істедім, ана­ны жасадым деген әңгіме емес, тақы­рыптары ұрпақ тәрбиесінің қамын күйттейтін.

Мұның өз сыры бар. Алмагүл апай­дың жас кезінде комсомол ұйы­мын басқарғанын айттық. Жетпіс жыл­дан аса өмір сүрген комсомол ұйы­мы ел тарихында небір ерлік істер­дің, ел қорғаудағы батырлықтың, «ауыз­дық­пен су ішіп, етігімен су кешкен», «тар жол, тайғақ кешулерден» өткен елі, жері үшін жанын пида еткен жан­кештілердің ұйымы еді.

Отбасынан, онан беріде осы жалын­ды ұйымнан алған тәлімін Алмагүл апай кейінгі ұрпақ тәрбиесімен сабақ­тастыра білді.

Кешегі өтпелі кезеңнің күрделі жағдайын еңсеру кезінде көптеген қиын­­шылық кезікті. Осы тұста идеоло­гиялық жұмыстың осалдығы жастар арасындағы тәрбие тінін босаңсытып кетті. Батыстық ағымдарға, бейсаналы дін насихатына еліктеген жастар ұлт­тық құндылықтардан қағажу қалды, мейірімсіздік белең ала бастады. Осы кезде Алмагүл Божанқызы жас­тар тәрбиесіне араласудың қажет­тігін сезінді. Сондықтан 2011 жылы облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғам­дық бірлестігін құруға бастамашы бол­ды.

Қоғамдық бірлестік облысымыз­дың тұрғындары мен жастарын жоғар­ғы азаматтық позицияларға, қоғам­­дық белсенділікке, шынайы отансүйгіш­тікке және ұрпақтар сабақтастығын жандандыруға ықпал етті. Облыс ай­мағында көптеген оқу орындарымен, үкіметтік және үкіметтік емес ұйым­дармен, басқа да бірлестіктің жұмыс барысы мен мазмұнына сәйкес келе­тін мекемелермен қарым-қатынас ор­натып, әлеуметтік-экономикалық ре­формалар мен жастар саясатының іске асырылуы тұрғысында, өлкенің тарихи мұрасын зерттеу ісіне көп пайдалы жұмыстар атқарды.

«Зейнеткерлікке шыққан соң «Ұр­пақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігін құрып, осы істердің басы-қасында бол­ған Алмагүлдің еңбегі ұшан-теңіз. Елге, қоғамға қызмет жасаудың үлгісін көрсетті. Өзі туралы, өзгелер туралы көзбен көргендерімен қатар естіген әңгімелерін ұрпақ санасына сіңіруге барынша күш-қайратын аяған жоқ», – дейді осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы болған ардагер ағамыз Сай­лаубай Әбішұлы.

Алмагүл апай өзінің бір сұхбатында былай депті:

«Алғашқы ұйымдасқан кезде қо­ғамдық бірлестікке қатысушыларды тарту жөнінде хабарландырып, бас­ты мақсатымыз жастарды қазақ­стан­­дық патриотизм рухында ұлт­жан­­ды етіп тәрбиелеу, ұлттық құн­­ды­­­лық­тарды насихаттау екенін жа­рия­­ла­­ған­да бізге бірінші кезекте бұ­рын­ғы комсомол ардагерлері келіп жа­зылды. Біз мін­детті түрде бұрынғы ком­­сомол қыз­меткерлері болсын деп талап қоймасақ та өзінен-өзі солай қалыптасты. Менің ойымша, бұның басты себебі жастар тәрбиесі және оларды белсенді, ең­бек­кеш, рухты, қайратты, жігерлі, отан­сүйгіш етіп тәр­биелеуде өткен қо­ғамдағы комсо­мол ұйымынан асқан жауынгер ұйымның жоқ егендігінен де болар».

Міне, ол кісінің көрегендігі, өткен мен бүгіннің арасындағы алтын көпір қызметі ел болашағына осылай олжа алып келді.

Алмагүл апай өте сыйлы болды. Ол кісі сөйлей бастағанда ескертусіз тыныштық орнайтын. Біз мұны көп жерде байқағанбыз. Қазақта мы­сы ба­сым деген бір сөз бар-ды. Бәл­кім, мысы басым ба, апаймен жолық­қанда жолымыздан ысырылып тұратын­дар­дың бірі өзіміз едік.

Апайды әсіресе Тереңөзек халқы қатты жақсы көреді. Ал, ол кісінің өзі туған жерін өмір бойы кеудесінің алтын сандығында аялады.

«Мен осы ауданның тумасымын, мен үшін бұл аудан – ең қымбат жер­ұйығым. Осы жерде туып-өсіп, мек­тептен білім алып, жоғары оқу орнын бітірген соң қайтып келіп, қырық жылға жуық еңбек еттім. Ауданның өсіп-өркендеуіне азды-көпті үлес қос­­тым. Қызметке ерте араластым, ау­дан халқы мені сыйлады, төрге шы­ғарды, алақандарына салып ая­лады, жас шағымда қызымыз деп ерке­­лет­ті, абырой-бедел алып берді. Сыр бо­йының, оның ішінде бұрынғы Те­рең­өзек, қазіргі Сырдария аудaны­ның ту­масы болғанымды мақтан етемін», – депті Алмагүл апай бір жазбасында.

Алмагүл апайдың ел ішіндегі сый-құрметі жөнінде 2000-шы жылдары Сырдария ауданын басқарған Әріп Қожбанов былай деп жазады:

«Мен осы ауданның басшылығына апайдан кейін бардым. Шын мәнінде ол кісінің бастап кеткен игі істерін жалғастырдым. Тіпті, өзімнің баста­мам болса да апайдың ісі еді деп ай­тудан жаңылғаным жоқ. Бұл менің ол кісіге деген ерекше сыйластығым болатын, менің солай деп айтуым, Алекеңді құрмет тұтқан халықтың да ықыласын аударды.

Аудан жұртшылығы арасынан, қыз­меткерлер ішінен маған ол кісі туралы тек жақсы сөздер жетті. Сондықтан басшылық жасаудағы көптеген ісі үлгі алуға тұрарлық екенін түсіндім.

Алмагүл апайдың жан дүниесін өзі жанып, айналасына жарық шашқан пілтешамға теңесе болады. Ол кісі әр­қашан халық қамын ойлайтын, жеке басына келгенде айналып өтіп, сөз парасын тағы да көпшілікке апарып тірейтін».

Иә, «өзі жанып, айналасына жарық шашқан…». Бұл кісінің өмірінің баяны осы теңеудің тура мағынасынан табы­лады.

Саналы ғұмырын туған еліне адал қызмет жасауға арнаған, елі ар­дақ­таған Алмагүл Божанованың еңбегі де лайықты бағаланды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының құрметті азама­ты атақтарына лайық болды.

Ал, оның ең басты марапаты – ха­лық ықыласы, елдің сағына іздеп жат­қан ерекше пейілі.

 Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»