Ортағасырлық Шығыс өркениеті адамзат тарихында сәулет, ғылым және қолөнер салаларының ерекше дамыған кезеңі ретінде белгілі. Сол дәуірден жеткен жәдігердің бірі – тостаған тәрізді сегіз бұрышты шырағдан (мангал үлгісіндегі жарық құралы). Бұл тұрмыстық қажеттілікті өтеп қана қоймаған, өз заманындағы эстетикалық талғам мен технологиялық жетістіктердің айқын көрінісі.
Ежелгі шығыс стиліндегі сегіз бұрышты тостаған тәрізді жәдігер қабырғалары тақташалы жез металдан жасалған. Табаны мыстан, әр қабырғаның ішкі жақ тұсынан табанын қайыра отырып түйінделе бекітілген, бұл оның беріктігін қамтамасыз еткен. Мұндай тәсіл ортағасырлық металл өңдеу шеберлерінің тәжірибесі мен шеберлігінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
Бұйымның сыртқы келбеті ерекше көркемделген. Ортағасырлық қала, қамал бекіністеріне ұқсас жез тақтайшалардың жоғары және төменгі бөлігінде қошқармүйіз оюы тізбектеле орналасқан. Шырағдан сегіз тақтайшадан құралған. Әр тақтайшаның қосылған тұсында мұнара тәрізді бағаналы бөлігі орналасқан. Бұл элементтердің болуы шырағданның композициялық құрылымын күрделендіріп, оған сәулеттік сипат береді.
Шырағдан табанының ортаңғы бөлігіндегі қазанша тәрізді ойық оның функционалдық қызметін айқындай түскендей. Бұл ойыққа май жиналып, яғни оттың ұзақ жануын қамтамасыз етсе керек. Осы майдың үстіне арнайы пілте (мақта немесе кендір жіп) бір ұшы қосылады да, екінші ұшы қабырға тақташасының жоғарғы бөлігіндегі қошқармүйіз оюы тәрізді кетікше арасына қойылады. Егер аз ғана жарық керек болса, тек 1-2 пілте жағылған. Ал салтанатты іс-шаралар кезінде бір уақытта 8-ден 20-ға дейін пілте тұтандырылып, үлкен залды толық жарықтандырған. Пілтелер жанып таусылған сайын оларды сәл алға жылжытып отыратын арнайы қысқыштар (біз секілді құралдар) қолданылған. Ішіндегі май лаулап жанбайды, тек пілте ұшы ғана кішкентай жұлдызшалар секілді жылы сарғыш түспен жанады. Металл бетіндегі оюлар мен нақыштар оттың сәулесімен шағылысып, қабырғаларға әдемі көлеңке түсіріп, бөлмеде ерекше атмосфера орнатады. Бұл өз заманының нағыз «ақылды» жарықтандыру жүйесі болған десек қателеспейміз. Пілте майды өзіне тартып, жоғары көтереді, осылайша жанады. Оған малдың, өсімдік майы пайдаланылған.
Төртінші және сегізінші қабырға тақташасында тұтқа орны бар, алайда қос тұтқа сақталмаған. Бұл тұтқалар арқылы шырағданды тасымалдаған не аспалы шырағдан ретінде жоғарыдан салбырата ілген деген болжамымыз бар. Төбеде ілулі тұрған шамның жарығы бөлмеге біркелкі тарайды және астындағы адамдарға кедергі жасамайды.
Қабырға тақташасының беттерінде шығыс стиліндегі ою ойылып бастырылған. Бұл өрнектер көбіне өсімдік тектес және геометриялық сипатта болып келеді. Мұндай нақыштар ислам өнеріне тән ерекшелік ретінде мешіттерде, медреселерде және басқа да сәулет ескерткіштерінде кеңінен қолданылған.
Өздеріңізге белгілі, орта ғасырда қала орталықтарында сәулет өнері дамып, архитектуралық ескерткіштер, мешіттер, медреселер, кітапханалар салынып, шығыс ойшылдары өз еңбектерін жазу барысында шырағдан пайдаланған. Бұл шырағданның жасалу ерекшелігіне қарап отырып, кейбір деректерде сегіз бұрышты жез, қола шырағдандар базар орындарынан табылған делінген.
Жасалуына, материалына, орналасу ерекшеліктеріне қарай қыштан, түрлі металдардан, тұғырлы, аспалы түрлері болған. Археологиялық қазба барысында табылған, музей қоры мен экспозициясында тұрған шырағдан түрлері дәлел бола аларлық. Тарихы ерте дәуірлерден бастау алады, түрлі кезеңдерді сипаттайтын шырағдандар бай тарихымыздан, өнегелі өткенімізден хабар береді.
Бастапқыда жарықтандыру құралы ретінде қолданылғанына күмән жоқ, бұған ежелгі ошақтардың қалдықтары дәлел бола алады, олар жылыту, жарықтандыру ғана емес, сонымен қатар ас дайындау бұйымы ретінде де қызмет етуі мүмкін.
Ежелгі шығыс өркениетінен мәлімет беретін бұйымдардың бірі – мангал. «Мангал» сөзі араб тілінен аударғанда («manqal») – «тасымалданатын», «көшірілетін» деген мағынаны білдіреді. Мангалдың пештен айырмашылығы – оны бөлменің кез келген жеріне қоюға болатындығы. Мангалда арнайы металл таяқшаларға көкөністерді орнатып, отқа қақтаған болу да мүмкін. Бұл жорамалды да жоққа шығаруға болмайды. Орта ғасырларда мангал тек жылыну немесе жеңіл ас дайындау үшін ғана емес, сонымен қатар маңызды құжаттарды кептіру үшін де пайдаланылған. Шығыс миниатюраларында және Осман империясының алғашқы кезеңдеріндегі деректерде хатшылардың қасында шағын мангалдардың тұрғаны сипатталады. Олар жаңа жазылған жарлықтар мен пәрмендерді сиясы жайылмас үшін жылы ауа ағынымен кептіріп отырған. Мангалдың бетіне арнайы металл тақтайша қойып, оның қызуына құжат кептірген деген жорамал бар. Құжаттардың заңдылығын растау үшін қолданылатын балауыз мөрлер де мангалды қажет етті. Мөр басу үшін балауызды мангалдың үстінде ерітіп, содан кейін ғана құжатқа тамызған. Егер құжат ылғал тартып кетсе, мөр оған дұрыс жабыспайтындықтан, алдымен қағазды немесе пергаментті мангалдың қызуымен «өңдеп», ылғалдан арылтқан. Мангалды құжат кептіруге пайдалану – бұл жай ғана тұрмыстық әдіс емес, сол заманның іс-қағаздарын жүргізу технологиясының ажырамас бөлігі.
Ортағасырлық шығыс үйлерінде (әсіресе Иран, Түркия, Орталық Азия) мангал-шырағданның орны ерекше болды. Шеберлер мангал-шырағдандарды бірнеше стильде жасаған.
Мәселен, зооморфтық стиль, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда (VIII-XII ғғ.) мангалдар көбінесе арыстанның, өгіздің немесе аңызға айналған жануарлардың бейнесінде жасалды. Олардың аузынан немесе денесіндегі ойықтардан жалын мен жарық шығып тұратын.
Архитектуралық стиль, яғни кейбір мангалдар кішігірім сарайлар немесе мешіттердің күмбезіне ұқсас етіп жасалды. Бұл олардың эстетикалық маңыздылығын арттырды. Біздің қолымыздағы мангал архитектуралық стильде жасалған.
Адам қолына отты алып, өзін жылытып, тамақтандырып қана қоймай, өз үңгірінің қараңғы қоймаларын алғаш рет жарықтандырды. Жарықтандыру құрылғылары ретінде арнайы пішіндегі сазды күйдірілген ыдыстарды пайдалану біздің эрамызға дейінгі III мыңжылдықтың соңында басталды.
Ал жез шырағдандардың пайда болуы оларды ұзақ уақыт пайдалануға жағдай жасады. Құралдар біртіндеп жетілдіріліп, адамдардың тұрмыс-тіршілігінде маңызды орын ала бастады. Бұл көне жез шырағдан қазақ жеріне тарихи Ұлы Жібек жолы немесе кейінгі сауда байланыстары арқылы келген құнды жәдігер болуы мүмкін.
Музей қорындағы жез шырағдан Азат Әкімбектің коллекциясынан қабылданып, тарихтан сыр шертіп айналымға енуде.
Сегіз қырлы Шығыс шырағданы – ортағасырлық қолөнердің көрнекті үлгісі. Оның құрылымы, көркемдік безендірілуі және функционалдық ерекшеліктері сол дәуірдің мәдениеті мен технологиясының жоғары деңгейін көрсетеді. Мұндай жәдігерлер – тарихи мұра ретінде ғана емес, өткен өркениеттің рухани және материалдық құндылықтарын танытатын маңызды дерек көзі.
Л.ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,
облыстық тарихи өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері





