Әлмырзаның дутары

1911

0

Бүгінде ұмыт болған  халық аспаптарын қайта жаңғыртып, олардың кең түрде насихатталуына мол мүмкіндік туып отыр.

Солардың бірі – музей қорында сақталған дутар аспабы. Оны XV ғасырда малшылар арасында пайда болған деседі. Ішегі бұрын малдың ішегінен жа­салса, кейін жі­бек­тен тағылған. Жалпы, дутар аспабы Орта және Оңтүстік Азия елдерінде кеңінен таралған. Бұл ішекті аспапты қазақта домбыра, алтай халықтарында топшур, ұйғыр және түркімен халықтарында дутар деп атайды. 

Дутар – шертіп, қағып ой­налатын екі ішекті музы­ка­лық аспап. Бұл аспап екі түрлі әдіспен яғни, тұтас ағаштан ойылып және құралып жасалады. Құрылымына ке­летін болсақ, дутардың мойны жіңішкелеу, ұзын болады. Дыбыс шыға­ратын саңлауы біреу емес бір­нешеу. Сондықтан оның  дыбыстық қатары ау­қымды, олар хроматикалық жү­йе­мен орналасқан. Дутарды сол қол саусақтарымен пернені басып, ал оң қолмен қағып, саусақтармен шертіп тартады. Домбыра аспабына қарағанда дутардың өзіндік орындау ерекшеліктері бар. Музыкалық тілмен айтатын болсақ, унисон, кварта, квинта, октава бұрауына да келтіріле  береді.  

Айта кетейік, бұл дутар аспабы – Шиелі өңірінде дү­ниеге келген әнші-композитор Әлмырза Ноғайбаевқа тиесілі. Бір қызығы,  аспапты Әлмырза ағамыз ­Түрк­менстанға барған сапарынан ала келген. Дутар оған 1989 жылы Ашхабад қала­сында Орта Азия және Қазақстан республикалары өнер­­паздарының қатысуымен ұйым­дастырылған халық­ара­лық әндер фестивалінде өнер көрсеткені үшін сыйға берілген. Бұған дәлел  – дутардағы осы­дан 31 жыл бұрын жазылған қолтаңба. Бұл аспапты музей қорына 2002 жылдың 26 қыр­күйегі күні музейдің ғылыми қызметкері Ұлсара Нұртаева жинақтап өткізген. 

Гүлжанар ОРАЗАЛИЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<