Жақсының шапағаты

208

0

Фото: Автордан

Өмір – өзен секілді. Жүйрік уақыт көз ілестірмей барады. Бұл ғұмырымда талай редактормен қызметте болдым. Бәрінен тәлім алдық, тәрбиесін көрдік. Сырбаз аға Зейнолла, бәрін ішке түйгіш, сыртқа сыр алдырмайтын Нұрділда, шебер журналист Ұзақ Бағаевтың мектебінде шыңдалдық, жазу-сызуды, газет ұпиясын сақтаудың талабына төселдік.

Өлең жазбаса отыра алмайтын Әскербек редакторлықты төрт-бес жылдай атқарды да Жақсылық Рах­матулла ре­дак­торлық қызметке келді. Ау­дан­дық газетте ысылған азамат ә дегеннен жас кадрларға жол ашты. Орынбасарлыққа Ораз­­бек Мақсұтұлын таңдап, та­ға­­йын­дады. Сырын сыртқа алдыр­май­тын, өз ісіне ұқыпты Ораз­бек бар ықыласымен жұ­мыс істеді. Ке­ңесшілік қыз­мет­ке Қази Дана­баев­ты ұсын­ды. Бұ­лар лайық кадр­лар еді. Со­нан соң Жолдасбек, Дүй­сенбек Жақ­сы­лықтың оң қа­на­тын­дай қызмет атқарды.

Жаңадан келген редактор ә де­геннен сірескен сеңді бұзды. Жас кадрларды жер-жердегі баспа бет­терінде қаламы ұшқыр журна­лис­терді іздестіріп, құда түсуге шықты. Гүлжазира, Ай­нұр, содан соң Әділжан, бертін келе Қуат, Нұрбек, «Сырдария» газетінен Жұ­­магүл, Айнұр, та­ғы басқаларды жұ­мысқа ша­қыр­ды. Жасы жеткендер зейнетке шық­ты.

Сонау тоқсаныншы қайта құ­ру дәуірі газет жұмысына қиын­­дық әкелді. Жалақы уақы­тылы бе­рілмей, газет қағазын зауыттан жеткізу қиындыққа соқты. Жа­ңа редактор Жақсы­лық ша­руа­­шы­­лықтардан кү­ріш алу ар­қылы бас­пасөзге жа­зылу әдісін ойлас­тырды, за­уыт­­тарға күріш жөнелту, сонан соң жалақыға азық-түлік бе­руді жүйеге тү­сірді. Жағдай біртіндеп жөнделе бас­тады, редакция еңсе көтеруге шықты. Қиындықты арт­қа тастайтын жол ашылды.

Бірде «Егемен Қазақстан» га­зетінде Жақсылық Рахматул­ланың облыс әкімі Бердібек Са­парбаевпен көлемді сұх­баты шықты. Жаңадан келген әкім журналистің сұхбат алу тәжі­рибесінің молдығы­на, алыс­­тан ойлайтын болжампаз­ды­ғына риза болып, жиі шақырып ақыл­­дасатын пейіл байқатты. Әкім мен редактордың өзара түсі­ністігі газет жұмысының өрісін одан әрі кеңейтіп, қиындықтан шығу жо­лына үлкен демеу бол­ғанына куәгерміз.

Біз Жақсылықпен он жылдан астам бірге қызметтес бол­дық. Үл­кенге құрмет, кішіге ізет көр­се­туден танбайтын, жур­­налис­тер­дің шеберлігін арт­­тыруға деген ынта-ықы­ла­сына сүйсіндік. Жақсы дү­ниелер га­зетке жарияланса, ав­торды тө­бе­ге көтеріп жиі марапаттайтын.

Әдетте іскер азаматтарды ая­ғынан тарту қай кезде де бол­­­ған. Зейнетке төрт-бес ай қалғанда об­лысқа жаңадан кел­ген әкім Жақ­сылықты орнынан босатып, «Сыр­дария» атты жур­­налға таға­йындады. Іскер азамат осылайша әділетсіз ше­шім­нің құрбаны болып шыға келді.

Жаны таза, мейірім шуағы мол азаматпен зейнетке шыққан соң жиі хабарласудың сәті түс­ті. Астанаға қоныс аударған Жақ­сы­лық әріптестеріне телефон со­ғып, қызмет еткен ор­та­ның жа­ңа­лықтарын жиі сұра­ғыштайтын.

«Бәріне менен ыстық сәлем жол­даңыз» деуші еді-ау, қайран Жақсылық!

Иә, көзі тірісінде талай сыр­­лас­қан күндер әлі есімнен кет­­пейді. Жақсылық өзінің ба­ла­лық шағынан, отбасындағы кей­бір жағ­дай­ларынан сыр шер­те баяндай­тын.

– Әкем Шайман, шешем Па­тыма ерте дүние салды. Бар ауырт­палық маған түсті. Тез есейдік, ержеттік. Үш қыз, үш ұл қалдық. Бәріміздің шаңырақ көтергенімізді ата-аналарымыз көрмей өтті. 1967 жылы Тар­то­ғайдың қызы Айжамалға үй­­лендім. Ұл-қыз сүйдім, немере құшағына бөлендім.

Ой, Қайреке-ай, одан әрі әң­гімені соз­баймын. Неге дейсіз ғой. 61 жасымда ұлым Әнуар, Ол­жас екеуі көлік апатынан қаза тапты. «Кеудемнен тәтті ар­маным жылап ұшты» атты эл­легия өлеңімде басымдағы мұң­ды жырлағанмын. Уһ! «Дала толғауы» атты кітабым сізде бар, өзіңе берген осы кітапта сол поэмамды еске түсірсеңіз көп сырға қанығасыз!

Басыма қайғы бұлты шарлап, ұл­дан айырылғанда жерлестерім Се­йілбек, Ибрагим, Бердібек пен Оңалбек, Дү­кенбай, құдам Сәрсенбай мен ақын Иран-Ғайыптың демеуі қуат­тандырғаны есімнен кет­пейді, – деп еді бірде.

Менің қолымда Жақсы­лық­тың соңғы жаз­ған екі бірдей романы тұр. Бірі – «Меңсұлу», екіншісі – «Дала толғауы». «Да­ла толғауы» атты романын балам Әнуар мен Олжастың рухына арнаймын депті. Осы кітапта жүректегі шер мен сыр ақтарыла баяндалған тәрізді.

Қайран Жақсылық! Шебер жур­налист, Қа­зақстан Жазу­шылар одағы­ның мүшесі, Қа­­зақ­станның құрметті жур­налисі, Қазақстан­ның Мәде­ниет қайраткері, қысқасы 7 кі­­тап­тың ав­торы, бірнеше әң­гі­мелер жа­зып, өмір­шең із қал­дыр­ған аза­маттың Сыр елінің да­муына, қазақ руханиятының өрістеуіне сі­ңірген еңбегі мол.

Сексен жылдығы қарсаңын­да жаны жомарт, жампоз журналист, редакторды еске ала отырып, оның атын мәңгі есте сақ­тау мақсатында Қызылорда қала­сында бір көшеге есімі бе­рілсе, ұлағатты іс, ұрпақ ал­дын­дағы абыройлы шешім болар еді. Иә, солай болғаны игі!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі