Шиеліде мейіргерлер күніне орай мерекелік шара өтті

4

0

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Шиелі ауданында Халықаралық мейіргерлер күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылып, адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді.

Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары мейіргер мамандығының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың адам өмірін сақтаудағы адал еңбегі мен жауапкершілігіне жоғары баға берді.

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Халықаралық мейіргерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Медицина – адам өміріне тікелей араша болатын аса жауапты әрі қастерлі сала. Ал осы саланың алдыңғы шебінде еңбек етіп жүрген мейіргерлер қауымы мейірім мен жанашырлықтың, төзім мен жауапкершіліктің үлгісі.

Ауырған жанның жанарындағы үмітті, ананың алғысын, баланың күлкісін көру сіздердің ерен еңбектеріңіздің шынайы жемісі. Сіздер күн демей, түн демей ел саулығы жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Жылы сөздеріңіз бен жанашырлыққа толы қамқорлықтарыңыз – науқас жандарға үлкен демеу.

Сіздердің адам өмірін сақтаудағы қажырлы қызметтеріңізге шынайы алғыс білдіреміз. Еңбектеріңіз әрдайым еленіп, мерейлеріңіз үстем болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы игі бастамалардың нәтижесінде ауданымызда да ауқымды жобалар қолға алынып, ел игілігіне табысталуда.

Атап айтқанда, Талаптан, Ақтоған, Қарғалы, Ортақшыл, Алмалы, Телікөл, Тартоғай және Бестам ауылдық округтерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалды.

Сонымен қатар, 255 млн теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 2 млрд 323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі салынып, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет етуде.

Аудандық аурухана жанынан 733 млн теңгеге қосымша ғимарат бой көтеріп, оның ішіне құны 650 млн теңге болатын заманауи магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты орнатылды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы диагностикаға қолжетімділігін арттырып отыр.

Соңғы жылдары ауданның денсаулық сақтау саласын нығайту мақсатында 27 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС демеушілігімен екі жыл қатарынан аудандық ауруханаға жаңа жедел жәрдем көліктері сыйға берілді.

Мерекелік шара барысында ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар мейіргерлер аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Кеш соңында аудан өнерпаздары медицина қызметкерлеріне арнап арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік кештің сәнін келтірді. Әсем ән мен көтеріңкі көңіл-күйге толы шара ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет пен ыстық ықыластың көрінісіне айналды.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі