Қазалыда «Ұлттың ұйытқысы – ана» атты кездесу кеші өтті

5

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Елімізде мамыр айының екінші жексенбісі – Аналар күні мерекесі болып белгіленіп, ресми мереке ретінде аталып өтіліп келеді.

Бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен «Ұлттың ұйытқысы – ана» атты кездесу кеші өтті. Тағылымы мол басқосуға ардақты аналар, алтын құрсақты батыр аналар, қыз-келіншектер, түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесуде аудан басшысы ең алдымен барша аналарды Аналар күні мерекесімен және алда келе жатқан Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, ананың қоғамдағы орны, отбасы құндылығы мен ұлттық тәрбиедегі рөлі туралы кеңінен сөз қозғады.

– Ұлы дала кеңістігінде өздерін кемел көшбасшы, ақылды ел билеуші, көрнекті қайраткер, ержүрек батыр ретінде танытқан аналар аз емес. Барша қазақтың ортақ мақтанышы, сұлулық пен ерліктің, ізеттілік пен өрліктің символына айналған Тұмар ханым, Зарина патшайым, Гүлбаршын, Домалақ ана, Құртқа, Айғаным мен Зеренің, ел басына қиын кезеңдерде кеудесін оққа байлаған Бопай ханым, Әлия, Мәншүк, Хиуаздың, ерен еңбектің үлгісі Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Зәкира Ержановалардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалды. Сұлулық пен ерліктің символына айналған Бегім ана есімі – ғасырлар қойнауынан жеткен аңыз болып тарихта қалды. Ал несібесін жерден теріп, маңдай терімен елге үлгі болған Социалистік Еңбек Ері – Көлжан Оразалиева апамыз – ерен еңбектің, табандылық пен төзімділіктің үлгісі. Сол секілді Қазалы топырағынан түлеп ұшып, ұлт руханиятын, өнерін, мәдениетін әлемге танытқан дара дарындар – Роза Бағланова мен Мәдина Ералиева сынды майталман тұлғаларымыздың Қазалы тарихындағы орны ерекше. Бүгінгі мереке аясында ұйымдастырылған келелі кездесу сұлулық пен ізгіліктің бейнесі саналып, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар қазақтың Анасы мен ұлттық отбасылық құндылықтардың дамуына өз үлесін тигізеді деп ойлаймын. Барша аяулы аналарымызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға бақ-береке, жылы жүздеріңізге әрдайым қуаныш, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Мерекелік шарада барша аналар қауымына аудан әкімінің мерекелік құттықтауы мен арнайы сый-сияпаттары және көпбалалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды.

Мерекелік басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш мерекеге орай ізгі тілегін жеткізсе, аналар қауымы өзара пікір алмасып, отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы әйелдердің рөлі жөнінде ой бөлісіп, мерекелік лебіздерін арнады.

Мерекелік кеште аудан өнерпаздары аяулы жандарға арнап, әсем әннен шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қазалы ауданы әкімдігі