Қазақстанда жыл соңына қарай интернет әуеде де қолжетімді болады (видео)

7

0

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда жыл соңына дейін пойыздарда, республикалық трассалар мен ұшақтарда спутниктік интернет қолжетімді болады. Мұны мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың сөзінше, жаңа заң спутниктік интернеттің Қазақстан аумағындағы жұмысын реттеуге бағытталған. Енді мұндай компаниялар Қазақстанның киберқауіпсіздік талаптарына толық сай болуы керек.

“Осы заңмен спутниктік интернеттің Қазақстан аумағында жұмыс істеуін реттеп отырмыз. Олар Қазақстанның киберқауіпсіздік заңнамасына сай жұмыс істеуге тиіс. Өздерінің жерүсті антенналарын осында орналастыруы керек. Қазақстан аумағында жұмыс істеуге тыйым салынған сайттар мен қосымшалар бар, енді мұның бәрі осы заң аясында реттеледі”, – деді депутат.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан Starlink желісімен келісім жасап жатыр. Болашақта нарыққа Amazon-ның спутниктік интернет жобасы және қытайлық компаниялар да келуі мүмкін.

Депутаттың айтуынша, спутниктік интернет алдымен пойыздарда, кейін ұшақтар мен республикалық трассаларда іске қосылады.

“Осы жылдың соңына дейін пойыздарда интернет пайда болады. Ал республикалық трассаларда интернет 2026 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Қазір бірінші кезекте Алматы-Астана республикалық трассасы қарастырылған”, – деді Әбутәліп Мүтәлі.