Алғашқы емдеу орындары

5

0

Қызылорда облыстық мемлекеттік ар­хиві қоғамдық-саяси тарихы архиві фи­лиа­лының қорында Сыр медицинасына қа­тысты құжаттар жетерлік. 1853 жылы орыс патшасының генералы Перовский Қоқан хандығының бекетін құ­латып, әскери бекіністе медициналық ла­зарет құрған.

Уезд орталығы Перовск тұрғындары бірінші рет арнаулы медициналық көмек ала бастады. Әскери лазарет медициналық лазарет болып қайта құрылды. 1906 жылы лазарет кеңейтіліп, телімдік шипахана (ле­чебница) ашылды.

1908 жылғы 18 қыркүйектегі кеңес оты­рысында Перовск әскери ауруха­насының ғимаратын қайта жөндеуге қаражат бөлуді қарастыруды сұраған хат Түркістан гене­рал-губернаторына жолданған, хат мәтіні архивте сақталған.

Өзбекстан Республикасы Ұлттық ар­хи­вінен көшірмесі алынған тарихи құжат­та Сырдария облысының әскери губерна­торынан Түркістан генерал-губернаторына жолданған Перовск уезі бастығының 1913 жылғы 4 ақпандағы №417 рапортында Пе­ровск қаласында және уезде шешек (оспа) ауруы пайда болып, эпидемиялық сипат ал­ғаны жазылған.

Бүкіл уезде бар болғаны екі шешекке қарсы егуші (оспопрививатель) бар, олар ауру тараған халықты қамтуға физикалық тұрғыдан үлгермеген. Осыған байланысты уезд бастығы ем-дом көрсететін қызметкер санын көбейтуді немесе басқа уездерден уақытша шақыртуды сұрайды.

Алғашқы емдеу орындары

1918 жылы Жаңақорғанда балшықпен емдейтін курорт ұйымдастырылып, оның негізін дәрігер Ф.Мартюков қалады. Архив қорында фотосы және емдеу орны ошақта­рының көрінісі сақталған. 1916-1917 жыл­дары бұл жерге Ақмешіт қаласының темір­жол ауруханасынан Наумов, Готлип және Костенко деген фельдшерлер келген. Олар көлдің емдік қасиетін зерттеп, бал­шық­тың үлгісі мен рапасын Ташкент қаласына жіберген. Ауруларға тәртіп орнатылып, емді қабылдау уақыты қалыпқа келтірілді және балшықты күн сәулесіне қыздыру ба­қылауға алынды. Түркістан теміржол ау­руханасының дәрігері Ф.Мартюковтың бас­­та­уымен 1918 жылы мұнда алғаш рет шпал­дан шағын үйшіктер салынды. Бұл Те­ріскен өзе­нінде балшықпен емдеу курор­тын ұйым­дас­тыруға негіз болды.

Теріскен көлі балшығының қасиеті Орта Азияның теміржол құрылысын жоспарлаған кезде, яғни ХІХ ғасырдың 90-жылдарында белгілі бола бастады. Экспедиция жұмыс­шылары жаздың ыстық күндерінде адамдар түрлі аяқ және қол сырқаттарын емдеу үшін көл жағасына келіп, киіз үйлер тіккеніне баса назар аударған. Жергілікті тұрғындар ғасырлар бойы балшықпен емделіп, ауру­ларынан айыққаны белгілі болды. Олар көл жағалауынан үлкен ор қазып, күн қызған кезде оларды балшықпен толтырып ванна ретінде пайдаланған. Бұл емді жыл сайын қайталап отырған.

Зерттеулер нәтижесінде 1919 жыл­дың 14 ақпанында Перовск қаласы халық­тық денсаулық сақтау бөлімінің мәжілі­сінде ко­миссия мүшелері Гейнч, Наумов, Кле­ментьев, Добияш, Трепезь, Рябицкий және атқару комитетінің мүшесі Костенконың қаты­суымен Жаңақорғанда балшықпен ем­деу курортын ашу туралы шешім қабыл­дады.

1920 жылдан санаторий балшықпен емдеу курорты ретінде тұрақты жұмыс іс­тей бастады. 1925 жылы курорттың өзінде су құбыры, рентген кабинет, лаборатория болды.

1941-1945 жылдары санаторий жаралы­ларды емдеуге арналған госпитальге ай­нал­ды. 1943 жылдың 23 ақпанында ар­найы аурухана дәрігерлерінің ғылыми конфе­рен­циясында Теріскен көлі балшығының құрамы, қасиеті, ағзаға әсері, сондай-ақ ағ­заның реакциясы, емдеу типтері, суықтан үсіген денені балшықпен емдеудің сег­менттік әдістері талқыланды. Дәрігер Бо­го­словский өз сөзінде балшықпен емдеу нәтижелеріне тоқталды, әсіресе, остео­ме­лит ауруының операциядан кейінгі ем­делу барысындағы жақсы нәтижелеріне на­зар аударды. Дәрігер Небесова арнайы ау­руханадағы бұлақ суы және бұл судың асқазан-ішек ауруларына жақсы әсері ту­ралы әңгіме қозғады. Қорытындылай ке­ле, дәрігер Тарасов жаңадан келіп түс­кен нау­қастардың дереу жан-жақты тексе­рі­ле­тіні және медициналық қызмет­керлер мен дәрігерлердің ынталы қызмет атқара­ты­ны туралы айтты. Сонымен қатар Қы­рым медициналық институтының ғылы­ми қызметкерлерінің қатысуымен ай сайын Қызылорда қаласында ғылыми конферен­циялар өткізу жайлы шешім қабылданды. Қырым медициналық институтының ма­ман­дары облыстық денсаулық сақ­тау бө­лі­мінен ғылыми жұмыстар мен конфе­рен­циялар өткізу үшін аурухананы қажетті ме­ди­циналық кітаптармен қамта­масыз ету­ді сұрады.

Арнайы санаторийде 1944 жылы ем алған 1300 аурудың 1083-і толық емде­ліп, денсаулығын жақсартқан. Соғыс жылда­рында елімізді жаудан қорғағандар санато­рийде денсаулығын түзеп, ризашылық біл­дірді.

Осылайша, 1947 жылы Жаңақорған са­­наторийінде емделушілер мен персоналды құнарлы тамақпен қамта­ма­сыз ету үшін қосалқы шаруашылық құ­рыл­ған. Бұл ша­р­уа­шылықтың негізгі ба­ғыты – көкөніс өсіру, сүт және ет өнімдерін шы­ғарумен бірге, өз наубайханасында нан өнімдерін өн­дірген. Мәліметтерге қара­ған­да, осы жыл­дары санаторийде 100-ге жақын қызметкер жұмыс істеген.

1954-1960 жылдары негізгі емделу­шілер соғыс мүгедектері болған. Басын­да санаторий КСРО Теміржолдары министр­лігінің қарамағында, кейін денсаулық сақ­тау жүйесінің құрамына енді, ал 1960 жыл­дан кәсіподаққа қарайтын болды.

Архив қорында Жаңақорған шипажа­йына соғыс жылдары эвакуацияланған госпитальдарды орналастырғаны, жауын­гер­лер жан сақтаған бірден-бір емдеу орны болғаны туралы дерек бар, 1941 жылы 16 қазандағы облыстық комис­сия оты­ры­сы­ның хаттамасында жазыл­ған. Қы­зыл­орда қаласында 1500 адамды қам­ти­тын эва­ко­госпитальдарды орналас­тыру жө­нін­де ше­шім қабылдаған. №1 госпиталь 80, №2 госпиталь 170 және Жаңақорған госпи­талына 200, жалпы 400 адамды қамтыған. 1941 жылы №3980 Жаңақорған балшықпен емдеу курорты базасында құрылған эвако­госпитальдің күніне 255 жаралы әскериді қабылдағаны туралы ақпарат архивте сақ­таулы.

Дана ҚАЛТАЕВА,

 Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қоғамдық-саяси тарихы архиві

филиалының бөлім басшысы