«AMANAT» партиясы көшбасшылық қабілеттерді дамыту мен мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа модульдік бағдарламаны іске қосты. Жоба аясында партияның Саяси менеджмент академиясы жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру мақсатында ауылдық округ әкімдерін, мәслихат депутаттарын және бастауыш партия ұйымдарының өкілдерін оқытуда. Бүгін академия лекторлары Сыр өңірінде кезекті оқу семинарын бастады.
Оқу семинарының ашылу рәсіміне Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсенова, партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай және облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Тілеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Дана Әбдірашева қатысып, семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.
Академия директоры Тамара Дүйсенова өз сөзінде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыра алатын және қоғамның өзекті сұраныстарына жедел жауап беретін білікті кадрларды даярлауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл оқыту бағдарламасы қатысушыларға жаңа білім алып қана қоймай, оны өңірдегі әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуде тәжірибе жүзінде тиімді қолдануға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Бұл жоба партияның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Оның басты мақсаты – жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыру. Жаңа бағдарлама басқарушылық қабілеттеріңізді арттырып, көшбасшылық қасиеттеріңізді дамытуға, стратегиялық ойлау мен мемлекеттік жобалық басқару дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді», – деді Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде сөз алған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов оқу семинарының жергілікті басқару жүйесіндегі кәсіби кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды алаң екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта өңірлердің дамуы, халықпен тиімді байланыс орнату және нақты нәтижеге бағытталған басқару тәсілдері аса өзекті. Сондықтан бұл оқыту бағдарламасы ауыл әкімдері мен мәслихат депутаттарының, партия өкілдерінің жаңа көзқарас қалыптастырып, басқарушылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуына үлкен мүмкіндік. Бүгінгі семинарға қатысушы біздің депутаттарымыздың алған білімі алда тиімді қызмет етуге негіз болады деп есептеймін», – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Айта кетейік, оқу семинары үш күнге жоспарланған. Оған ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары, партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатарынан 130 адам қатысуда.
Қатысушылар академияның арнайы лекторларынан «Жеке көшбасшылық және құндылық бағдары», «Өңірлер мен жергілікті қауымдастықтардың дамуын басқару», «Даму үшін салықтар: түсімдер базасынан жергілікті деңгейдегі нәтижеге дейін», «Бюджеттік вертикаль: республикадан ауылға дейін», «Халықпен және командамен тиімді коммуникациялар», «Саяси науқандар: позициялаудан сенім мен қолдауға дейін» тақырыптары бойынша білім алады.
Оқу нәтижесінде қатысушылар нақты көрсеткіштерге (KPI) негізделген жеке даму жоспарларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдау сапасын арттыруға, азаматтардың сұраныстарына жедел әрекет етуге және басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама бүгінде басқарушы корпус тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, өңірлердегі мемлекеттік басқару сапасын жүйелі түрде арттырудың маңызды құралына айналып келеді.





