Ізгілік шуағы

7

0

Халқымызда «Үйдің жақсысы ағашынан, баланың жақсысы на­ғашыдан» деген сөз тегін айтыл­маса керек. Себебі нағашы жақтан берілетін қасиет қайткен күнде баланың ой-талғамына әсер ет­пей қоймайды. Ер-азаматтың арқа­сү­йер бір жұрты ретінде наға­шы­ның жолы үлкен. Өз бала­ла­рынан бөліп-жармай, қуансаң бір­­ге қуанып, қайғырсаң қасыңнан табылып, әрқашан тілеуіңді тілеп отыратын нағашыдай қамқоршы жұрт бар ма екен десеңші?! Біздің де осындай нар тұлғалы, өмірлік тәжірибесі ұрпаққа үлгі боларлық нағашымыз Малкайдар Дүйсенұлы туралы 75 жас мерейтойында зор ықыласпен айта аламыз.

Мәкеш ағам 1951 жылы 8 мау­сымда Қазалы ауданы, Майда­көл ауылында елдің ішінде «шаруаның ишаны» атанған Дүйсен көке­міз бен Күнбибі әжеміздің шаңы­рағында дүниеге келген. Отба­сын­да Ақзия, Үкі, Өміркүл апа­­лары мен Бақыт қарындасы бар, ба­уыр­малдық мейірім мен сыйлас­тықта тәлім-тәрбие алған.

«Адамның асыл қасиеттерінің негізі – тәрбие» деген ойдың тү­бінде ата-ананың ғана емес, адам­ның өзін-өзі тәрбиелеуі де жатқан болуы керек.

Әке-шешенің өнегесі бала бол­мысының өзегін құрайды, ал қал­ған қасиетті саналы ғұмырында адам сол өзектің айналасында өзі қалыптастырады. Мәкеш ағам да, ата-бабадан келе жатқан ұлы қа­сиеттерді өзіне дарытып, әрі қарай өз жолымен дамыта білген азамат.

Мектеп бітірген соң ата-анасы жездесі Мұстафа Матайұлы мен апасы Ақзия Дүйсенқызына тап­сырып, болашағына бағдар бер­ген­­­нің нәтижесінде Алматы зоо­­тех­­никалық-малдәрігерлік инс­ти­­туты­нан мал дәрігері маман­ды­ғын алып, еңбек жолын Кәу­кей ауылында веттехник болып бастаған. Қызмет жолында сатылап өсіп, адал еңбектің жемісін көрді. Октябрь совхозында бас мал дә­рігері, кәсіподақ комитетінің тө­ра­ғасы, ферма меңгерушісі, пар­тия комитетінің хатшысы, совхоз директоры қызметтерін абырой­мен атқарып, ауылды көркейту, эко­номикалық ахуалын тұрақты сақ­тауға жұмыс жасады.

Егемендік алған уақытта да елге қызметі үзілген емес, Қаза­лы ауданы әкімінің бірінші орын­­басары болып, ауыл шаруа­шы­лығы саласына жетек­шілік етті. «Азық-түлік келісім­шарт» кор­по­рациясының №6 ас­тық ба­за­­сының директоры, пош­­та байла­ныс торабының бас­шысы, Әйтеке би кентінің әкімі, АШМ Вете­­ринариялық бақылау және қада­ғалау комитеті Қазалы аудан­дық аумақтық инспекция­сының бас­шысы, аудандық ветери­нария­лық станцияның директоры болып қызмет атқарып, зейнетке шықты.

Елдің ық жағындағы қаласы, жел жағындағы панасы болған ерлердің ортасында өз орны бар. Қамқорлығы, туған жеріне де­ген жанашырлығы бұл кісінің аза­мат­тық келбетін аша түседі. Өзі көп жыл басқарған саланың қыр-сырын меңгерген мықты маман, өз қызметінің лайықты сый-құрметін алған абыройы биік азамат. Прези­денттің Алғыс хатынан бастап, бірнеше медаль мен төсбелгі, об­лыс әкімінің Алғыс хаттары – елеу­лі еңбектің жемісі. Елге адал қыз­метіне сай «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанды.

Мемлекеттік қызметте жүрсе де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес, аудандық қоғамдық кеңестің, «Алқабилер» тобының, аудандық сот медиациясының мү­шесі, «Өнегелі» қоғамдық қо­ры­ның төрағасы болып белсене араласып жүрді. Зейнетке шыққан соң Қазалы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып та қызмет жасады.

Ағамыз қайсыбір қызметте болмасын тындырымды, қарапа­йым қасиеттерімен ерекшеленіп, көп жылғы іс-тәжірибесінің арқа­сында кейінгілерге үлгі болып, еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуына үлес қосқаны көпке бел­гілі. Үлгі тұтарлық өмір жолы – бізге өнеге, тәлім-тәрбие мектебі.

«Балалық шағыңды сағынсаң, нағашыңа бар» деген аталы сөз – нағашы жұрттың мейірімі мен бала кездегі қамсыз күндерді еске салатын терең мағыналы ой.

«Сол күндер есімізде. Мұстафа әкеміздің анасы Айша әжеміз қайтқаннан кейін, ата-анамыз жазда өздері демалысқа кеткенде, мені, Ғабит пен Ғалымжанды Дүй­сен көкеміз бен Күнбибі әже­міздің Майдакөл ауылына бір айға жуық уақытқа жіберетін. Кө­кеміз бен әжеміздің, Мәкеш аға мен Бақытжамал апаның, Бақыт апа­мыздың бізге деген ыстық ықы­ла­сы, қамқорлығы, махаббаты шек­сіз еді.

Шіліңгір шілдедегі Майдакөл ауылындағы тынымсыз тіршілік қаладан келген біз үшін өте қы­зық, аулада қазақы там, киіз үй, мал қора болатын, кешкілік мал оралатын кезде азан-қазан баста­латын.

Мәкеш ағамыздың жұмыстан мотоциклмен келгенін асыға күте­тін едік. Бақытжамал апаның күн­делікті самаурында қайнатқан, ешкінің сүтін қатқан қою шайы, табада жаңа піскен ыстық қазан жаппайы, қолдың майы, кешкі асқа балбырап піскен қуырдақ, барлығы біздің балалық шақтан ұмытылмас естелік, тіл үйірер дәм болып қалады.

Нағашыларымыз бізді қонақ күткендей, күн мен шаң тигізбей бір ай бағатын, қазақы тамға қалың төсек салып, үлкен бөлмеде тек үшеуміз жататынбыз, қолымыздан кітап түспейтін, ауылда ұйқы­мыз қанып оянып, тыңайып қала­тын­быз» деп балалық шақты сағы­нышпен еске алады Гүлнар Мұс­тафақызы.

Ғалымжан Мұстафаұлы былай ой қозғайды: «Қазақта «нағашы жұрт балаға ерекше мейірімді бо­лады» деген сөз бар. Біз бұл сөз­дің мағынасын бала күнімізде Май­дакөл ауылында жүріп толық сезіндік.

Ол жақта өзімізді қадірлі қо­нақтай сезінетінбіз. Күнбибі әже­міз бізге дәмдінің бәрін ұсынуға тырысатын: ең жақсы жілік, жа­ңа піскен қаймақ, Бақытжамал апа­ жа­ңа сауған сиыр сүті, ашытпа – бә­рін алдымызға қойып, «жеп алың­дар, қарақтарым» деп отыратын.

Дүйсен көкем өте таза, ұқып­ты, иманды кісі еді. Сақалы өзі­не ерекше жарасып тұратын, кү­ні­не бес уақыт намазын қаза етпейтін жан болды. Бізді қасына шақырып алып, басымыздан си­пап: «Төре-төре», «Алақай-ай, ала­қай!» деп еркелетіп, қайта-қайта маңдайымыздан сүйетін. Сол кісі­лердің шексіз мейірімі мен махаб­батын бала көңілімізбен анық се­зінетінбіз.

Ең үлкен қуаныштың бірі – балалары «Ақ папа» деп атайтын Мәкеш ағаның жұмыстан келуі. Кешке қарай оны тағатсыздана күтетінбіз. Ол кісі тезірек тамағын ішіп, бізді мотоцикліне отыр­ғы­зып ауылды аралататын немесе бұ­лаққа суға алып баратын. Біз үшін ол нағыз саяхат көрінетін. Бұ­лақтың суына шомылу ыстықта теңізге барғаннан кем қуаныш емес еді.

Кешкісін нағашымыз ауыл клубына кино көруге ертіп апа­ратын. Ол кезде шалғай ауыл­да теледидар үнемі көрсете бер­мейтін. Сондықтан таңертең­нен бастап клубта қандай кино бола­тынын сұрап біліп алып, кешті асыға күтетінбіз. «Транссібір экс­пресі», «Калина красная» секілді фильмдерді көргеніміз әлі есімізде.

Сол бір балалық шақтың иісі аңқыған күндер қазір жүрекке ерекше жылы сезім сыйлайды. Май­дакөлдегі қарапайым ауыл өмірі, Дүйсен көкем мен Күнби­бі әженің мейірімі, Мәкеш ағаның қамқорлығы – бәрі біздің жады­мызда мәңгі сақталып қалды. Мұс­тафа әкеміз кейде менің жүрісіме қарап: «Ғалымжанның жүрісі тура Дүйсен көкесіне ұқсайды екен» деп әзілдеп айтатын. Мұның өзі біз үшін үлкен мақтаныш болатын.

Осындай асыл жандардың тәр­биесін, мейірімін көріп өскеніміз – біздің өмірдегі үлкен бақытымыз».

Осындай ғибраты мен тағы­лымы мол естеліктерге жиендері Ботагөз, Ғабит пен Талғат та қо­сы­лып, нағашылар ауылындағы балалық шақтың жарқын күнде­рінің белгісін ұмытпақ емес.

Бүгінде Мәкеш ағамыз – мәуелі бәйтеректей жайқалған үлкен от­ба­сының тірегі, Бақытжамал жең­гемізбен бір ұл мен алты қызды тәрбиелеп, он төрт немере сүйіп отырған ардақты ата.

Дана халқымызда егде жасқа келсе де, қайратты мінезімен, ке­лісті сұлбасымен, қажырлы ісі­мен елінің ықыласына бөленіп, тұғы­рынан таймай, жұртшылықты сүй­сіндіріп жүрген жанды «Сыр­лы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп жататыны бар. Бү­гінгі күні жетпіс бес деген қа­зыналы жастың төріне шыққан, адам­гершілік, ізгілік, пара­сат­ты­лық, адалдық сияқты қазақы тәр­биені бойына сіңірген Мал­кайдар Дүйсенұлы ағамыз да сүйегі асыл, ізгі мұратты, әділдікті ту етіп көтерген өресі биік тұлға дер едік.

Ғабит МАТАЕВ,

саяси ғылымдар докторы