Жылда Жеңіс күні қарсаңында үйдегі өзімнен үлкен апаларыма мұғалімі «Атасы немесе әжесі соғысқа қатысқан оқушылар сол кісілерден сұрап, қысқаша әңгіме жазып келіңдер» деп тапсырма береді. Атамның айтқанын мен де тыңдаймын, бірақ толық түсінбеймін, себебі, бар болғаны 5-6 жастағы баламын.
Өсе келе ата-анамнан естіген әңгімелерден есімде қалғаны атам Жүсіпбек Дәулетбайұлының – 1942 жылы майданға аттанғаны, соғыста Брянск бағытында шайқасқан 32-атқыштар дивизиясының 236-атқыштар полкінде автоматшы болғаны.
Кейін тарихты оқи бастағанда ғана естеліктердің терең сырын түсіндім.
32-атқыштар дивизиясы соғыстың алғашқы ауыр кезеңінде Брянск және Батыс майдандары құрамында Мәскеуді қорғауға қатысқан. Жау Мәскеуге ұмтылған шақта, бұл дивизия оның жолын бөгеп, шегіне жүріп, қорғаныс шептерін ұстап тұру үшін жан аямай шайқасқан. Сол құрамда менің атам да болғанын ойласам, жүрегімді бір жағынан мақтаныш, бір жағынан мұң кернейді.
1943 жылдың жазы. Тарихта ерекше орын алатын Курск шайқасы басталды. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы шешуші кезеңдердің бірі еді. Мыңдаған танк, миллиондаған сарбаз қатысқан қанды шайқас. Осы ұрыстар аясындағы Орлов стратегиялық шабуыл операциясына атам да қатысқан.
Сол жылдың шілде айында ауыр жарақат алды. Қолына минаның сынығы тиіп, майдан даласында қаншама азап шеккен. Ақыры денсаулығына байланысты елге оралуға мәжбүр болды.
Ауылға оралғанда халықтың жағдайы мүшкіл еді. Тылдағы еңбек өз алдына бір майдан болатын. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен аналарымыз бен әжелеріміз күн-түн демей еңбек етті.
Атам жарақатына қарамастан, елдің еңсесін көтеруге, тұрмысын түзетуге бар күшін салды. Зейнетке шыққанға дейін тынымсыз еңбек етті.
Соғыста көрсеткен ерлігіне сай «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен екі рет марапатталған. Бірақ ол ешқашан өзін батыр ретінде көрсеткен емес. Ерлікті ұрандап, айқайлап емес, керісінше үнсіз жасады. Ендеше атамның ерлігі сөзбен емес, ісімен дәлелденген.
Бүгінгі бейбіт өміріміз, ашық аспанымыз, тәуелсіз еліміз атам сияқты мыңдаған тағдырлардың жанкештілігімен байланысты.
Кейде атам соғыс туралы неге көп айтпады екен деп ойлаймын. Бәлкім, сөзбен жеткізе алмайтын ауыр естеліктер шығар. Әлде бізге соғыстың емес, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырғысы келді ме екен?
Ер есімін ұлықтау – ұрпақ парызы.
Бахытжан ЖҰМАБЕКҰЛЫ





